Анна Михайловна Панкратова (10 желтоқсан 1897, Одесса – 25 мамыр 1957, Мәскеу) – кеңес дәуірінің көрнекті тарихшысы, қоғам қайраткері, академик, тарих ғылымдарының докторы. КСРО Ғылым академиясының академигі (23.10.1953, 28.1.1939 жылдан бастап — корреспондент-мүшесі), БССР Ғылым академиясының мүшесі (1940), РСФСР Педагогикалық ғылымдар академиясының мүшесі (1944). Берлиндегі Герман Ғылым академиясының және Румыния Халық Республикасының Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, Венгрия Ғылым академиясының құрметті мүшесі. КСРО тарих ғылымына, тарихи кадрлар даярлауға және Қазақстан тарихының зерттелуіне үлкен үлес қосқан ғалым.
1919 жылдан бастап РКП(б) мүшесі, КОКП Орталық Комитетінің мүшесі (1952—1957, XIX және XX съездерінде сайланған). КСРО Жоғарғы Кеңесінің 4-ші шақырылымының депутаты, КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының мүшесі.
Өмірбаяны Анна Михайловна Панкратова 1897 жылы 10 желтоқсанда Одесса қаласында дүниеге келді. 1917 жылы Одесса (Новороссиск) университетінің тарих факультетін бітірді. 1918–1920 жылдары Азамат соғысы кезінде Одесса губерниясындағы партизан қозғалысына қатысты. 1917 жылдың наурызынан 1918 жылға дейін Одессадағы солшыл эсерлер тобына ниеттес болды.
1919 жылдан бастап РКП(б) мүшесі болды. 1920–1921 жылдары Украина мен Оралда партиялық қызмет атқарды. Кейін бірнеше жоғары оқу орындарында КСРО тарихынан сабақ берді.
1922–1925 жылдары Қызыл профессорлар институтында оқып, оны үздік тәмамдады. М. Н. Покровскийдің шәкірті.
1926–1930 жылдары Н.К. Крупская атындағы Коммунистік тәрбие академиясында, Я.М. Свердлов атындағы Коммунистік университетте, В.И. Ленин атындағы Әскери-саяси академияда, М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде, Н.Г. Чернышевский атындағы Саратов мемлекеттік университетінде, В.И. Ленин атындағы Мәскеу педагогикалық институтында, КОКП ОК жанындағы Қоғамдық ғылымдар академиясында дәріс оқыды.
1929–1936 жж. Коммунистік академияның Тарих институтында ғылыми қызмет атқарды. Сонымен қатар, 1929–1935 жж. «КСРО пролетариатының тарихы» журналының жауапты редакторы болды.
1934–1936 және 1947–1953 жж. Мәскеу мемлекеттік университетінің тарих факультетінде профессор, КСРО тарихы кафедрасының меңгерушісі.
1936 жылдың тамызында партиядан «партиялық қырағылықты жоғалтқаны» және «контрреволюционер-троцкишіл» тарихшыларды (Н. Н. Ванаг, Г. С. Зайдель және т.б.) қорғағаны, сондай-ақ троцкизм айыбымен сотталған күйеуі Г. Я. Яковинмен хат алмасқанын жасыруы үшін шығарылды. 1938 жылы партияға қайта қабылданды.
1937–1939 жж. Саратов мемлекеттік университетінің КСРО тарихы кафедрасының меңгерушісі болды. 1930-жылдардың соңында И.В. Сталин ұйымдастырған М.Н. Покровский мектебін сынау науқанына қатысты.
1939–1943 жж. Тарих институты директорының орынбасары, 1946–1947 жж. ХХ ғасырдағы КСРО тарихы секторының меңгерушісі болды. 1952–1957 жж. КОКП Орталық Комитетінің мүшесі.
1953–1957 жылдары Панкратова «Вопросы истории» журналының бас редакторы болды. Ол және оның орынбасары Э.Н. Бурджалов кеңестік тарих ғылымын десталинизациялау бағытын ұстанып, тарихнамалық мәселелер бойынша ашық пікірталастар ұйымдастырды. Панкратова И.В. Сталиннің басшылығымен дайындалған «ВКП(б) қысқаша курсы» оқулығындағы бірқатар ережелерді қайта қарау қажеттігін айтты.
Алайда партиялық органдар оның редакциялық саясатын «шектен тыс радикалды» деп бағалап, 1957 жылғы 9 наурыздағы КОКП ОК қаулысында Панкратова «либерализм» және «буржуазиялық объективизм» үшін айыпталды. Нәтижесінде ол бас редакторлық қызметінен шеттетілді.
Анна Михайловна Панкратова 1957 жылғы 25 мамырда жүрек талмасынан қайтыс болды. Мәскеудегі Новодевичье зиратында жерленген (№1 учаске).
Ғылыми еңбектері Ғылыми еңбектері негізінен орыс пролетариаты мен кәсіподақ қозғалысының тарихына арналды.
1931–1938 жж. «Фабрикалар мен зауыттар тарихы» сериясының бас редакция мүшесі болды. К. В. Базилевич, С. В. Бахрушин және А. В. Фохтпен бірге 8–10 сыныпқа арналған «КСРО тарихы» оқулығын (1940; 22-бас., 1963) дайындады. 1943 ж. «Қазақ КСР тарихы: көне заманнан бүгінге дейін» еңбегін жазуға жетекшілік етті. «Дипломатия тарихы» еңбегін (1–3 том, 1941–1945) дайындаушылардың бірі болды, бұл еңбек авторлар ұжымымен бірге 1946 ж. Сталиндік бірінші дәрежелі сыйлыққа ие болды.
1950–1963 жж. жарық көрген «XIX ғасырдағы Ресейдегі жұмысшы қозғалысы» (1–4 том) құжаттар жинағын құрастырушылардың бірі. Кеңес тарих ғылымын халықаралық деңгейде таныстырып, тарихшылардың халықаралық конгресіне қатысқан. 1955 жылдан бастап Халықаралық тарих ғылымдары конгресі бюросының мүшесі және 1955–1957 жж. КСРО тарихшыларының ұлттық комитетінің жетекшісі болды. 1956 жылғы ХХ съезден кейін көптеген қуғын-сүргінге ұшыраған тарихшылардың құқықтарын қалпына келтіруге ықпал етті.
Коммунистік идеология үстемдік еткен кезеңнің өзінде Панкратова ұлттық шет аймақтардың Ресей империясына қосылу себептері мен ұлттық-азаттық қозғалыстардың мәнін, соның ішінде қазақ халқының күресін шынайы көрсетуге тырысты.
Қазақстанмен байланысы 1930-жылдары қазақ тарихшылары С.Ж. Асфендияровпен және М.П. Вяткинмен ғылыми байланыс орнатты. 1939 жылдан өмірінің соңына дейін КСРО ҒА Тарих институтында қызмет етті.
Ұлы Отан соғысы жылдары Панкратова бастаған КСРО ҒА Тарих институтының бір топ маманы Алматыға эвакуацияланды.
Анна Панкратованың Қазақстанмен шығармашылық және ғылыми байланысы 1944 жылдан өмірінің соңына дейін жалғасты. 1930-жылдары ол С.Ж. Асфендияров пен М.П. Вяткинге XVIII–XIX ғасырлардағы Қазақстан тарихын зерттеуде әдістемелік және практикалық көмек көрсетті.
1941–1943 жылдары Алматыда болған кезінде Панкратова «Қазақ КСР тарихы. Ежелгі дәуірден» атты алғашқы жинақталған еңбектің ғылыми жетекшісі болды. Бұл кітап 1943 жылы жарық көріп, КСРО-ның одақтас республикалары ішінде алғашқы ауқымды тарихи еңбек саналды. Еңбекті жазуға Мәскеу, Ленинград және Қазақстанның белгілі ғалымдары — А.Н. Бернштам, М.П. Вяткин, Б.Д. Греков, Н.М. Дружинин, А.П. Кучкин, сондай-ақ М.О. Әуезов, Ә.Х. Марғұлан, Е.Б. Бекмаханов, С. Мұқанов, Ғ.М. Мүсірепов, Е. Исмаилов, Б. Кенжебаев және басқалар қатысты.
1941–1943 жылдары Алматыда болған кезеңіндегі ғылыми-ұйымдастырушылық және зерттеушілік жұмысының ең салмақты нәтижесі — 1943 жылы жарық көрген «Қазақ КСР тарихы. Ежелгі дәуірден» атты көлемді ғылыми еңбек болды. Бұл — КСРО-ның одақтас республикаларының ішінде тұңғыш рет дайындалған жинақталған тарих, ол Қазақстан тарихнамасында пионерлік еңбек саналады.
Аталған еңбек Мәскеу мен Ленинградтан (қазіргі Санкт-Петербург) эвакуацияланған ғалымдар мен Қазақстанның зерттеушілері бірлесіп, Панкратованың ғылыми жетекшілігімен, небәрі екі жылға жетпейтін уақыт ішінде (1941 жылдың күзі — 1943 жылдың жазы) дайындалды. Редакцияны Қазақстан КП(б) Орталық комитетінің идеология жөніндегі хатшысы Мұхаметжан Абдықалыков пен А.М. Панкратова жүргізді.
Панкратованың ұсынысымен барлық ұйымдастырушылық жұмыс Ермұхан Бекмахановқа жүктелді. Ол сол кезде Қазақ КСР Халық ағарту халық комиссариатының орынбасары қызметін атқарды. Бекмаханов ғылыми топтың жұмысын үйлестіріп, қазақстандық тарихшылар мен жазушыларды Мәскеу және Ленинградтан келген ғалымдармен таныстырды, әдістемелік кеңестер ұйымдастырды және еңбек жоспарын талқылауға тікелей қатысты.
Ғылыми тәсіл мен мазмұндық ерекшеліктер Кеңестік ғылыми ортаның көпшілігі үшін бұл жаңа бағыттағы жұмыс болды, өйткені Қазақстан тарихының ірі маманы ретінде негізінен М.П. Вяткин ғана танылған еді. Панкратованың бастамасымен авторлар қазақстандық мұрағаттарды зерттеп, әдебиеттермен танысты, музейлерді аралап, ұлттық мәдениет пен тұрмыс ерекшеліктерін зерделеді.
Аталған кітапта С.Ж. Асфендияровтың 1935 жылғы еңбегіндегі 1917 жылға дейінгі кезеңді қамтитын периодизациясы негізге алынып, қазақ мемлекеттілігінің тарихы, ұлт-азаттық қозғалыстар, Кенесары Қасымұлы бастаған көтеріліс, отарлық кезеңдегі мәдениет пен әдебиет («Зар заман») мәселелері ғылыми тұрғыдан қарастырылды.
Еңбектің құрылымы екі ірі бөлімнен тұрды:
«Қазақстан халықтары тәуелсіздік дәуірінде» — ежелгі дәуірден XIX ғасырдың 60–70 жылдарына дейінгі кезеңді қамтып, қазақ мемлекеттілігінің қалыптасуы, ұлт-азаттық қозғалыстар, Тәуке хан, Абылай хан және басқа мемлекет қайраткерлерінің рөлі, сондай-ақ Кенесары Қасымұлы бастаған күрес баяндалды. Бұл бөлім 17 тараудан тұрды, оның ішінде кейінгі кеңестік басылымдардан түсіп қалған маңызды тақырыптар болды. «Қазақстан — отар» — XIX ғасырдың екінші жартысынан 1917 жылғы Қазан төңкерісіне дейінгі кезеңді қамтып, патшалық Ресейдің отарлық саясаты, қазақ халқының жер үшін күресі, рухани өмірі мен мәдениеті, «Зар заман» әдебиеті сияқты тақырыптар ғылыми тұрғыдан талданды.
Қоғамдық-саяси резонанс Кітаптың шынайылығы мен деректік негізділігі сол кезеңнің ресми тарихнамасындағы «ерікті қосылу» тұжырымын жоққа шығарып, қазақ жерінің күштеп қосылуын және отарлық сипатын көрсетті. Бұл тәсіл ұлттық тарихқа жаңа ғылыми көзқарас әкелді.
Еңбек жарық көрген соң Сталиндік сыйлыққа ұсынылды, бірақ марапат берілмеді. Панкратова мұны кейбір Мәскеу тарихшыларының, атап айтқанда академик Е.В. Тарленің және А.И. Яковлевтің теріс пікірлерімен байланыстырды. Осыған қарамастан, ол КСРО тарихшыларының 1944 жылғы ірі ғылыми кеңесін өткізуге қол жеткізді. Бұл жиында Қазақстанның Ресейге қосылуы және ұлттық қозғалыстардың бағалануы төңірегінде қызу пікірталас жүрді.
Е.Б. Бекмахановты қорғауы Ермұхан Бекмаханұлы Бекмаханов (1915–1966) – Қазақстан мен Орта Азиядағы тұңғыш тарих ғылымдарының докторы, академияның корреспондент-мүшесі, «XIX ғасырдың 20–40 жылдарындағы Қазақстан» атты монографияның авторы. Бұл кітапта және одан бұрын жарық көрген «Қазақ КСР тарихы» атты академиялық басылымда Ермұхан Бекмаханов жасаған Кенесары Қасымұлы бастаған қозғалыстың ұлттық-азаттық сипаты жөніндегі ғылыми тұжырым оған айып тағылуына, «буржуазиялық ұлтшылдық» деп кінә тағылуына және ақырында қамауға алынуына себеп болды.
1952 жылғы 4 желтоқсанда Бекмахановқа 25 жылға бас бостандығынан айыру жазасы кесілді. Түрмеге қамалғаннан екі жыл өткен соң, Бекмаханов ақталып, қайтадан жұмысқа оралды. Бұл істің Сталинге, кейін Хрущевке дейін жетуіне Анна Панкратованың табандылығы себеп болды. 1954 жылғы 16 ақпанда Ермұхан Бекмаханов толық ақталып, докторлық дәрежесі қалпына келтірілді.