Тұйық қорғасын-барит кен орны – Алматы облысы Райымбек ауданы Кеген кентінен солтүстікке қарай 35 км қашықтықта орналасқан. 1955-1963 жылдары барланып, 1966 жылдан бастап пайдалануға берілді.

Геологиялық құрылымы Кетпен жотасындағы Темірлік синклиналының солтүстік жағында орналасқан. Кен аумағында гранит интрузиялары, дайка, шток пішінді магмалық тау жыныстарымен қиылған төменгі карбонның эффузия-шөгінді тау жыныстары тараған. Тұйық антиклинорийіндегі орта және жоғары визей кезеңінде жаралған шөгінді тау жыныстарына сыйысқан кендену қалыңдығы 50 м, төмен горизонттарда 200-250 м болатын уатылу белдемдерімен ұштасқан. Кентас бақылаушы құрылым ретінде осы иілім арқылы өтетін тектоникалық жарылыс саналады.

Құрамы, минералдары Кентас құрамы қорғасынды, мысты, баритті. 54 кен денесінің 15-і балансқа алынған. Басты минералдары: галенит, сфалерит, халькопирит, барит, пирит.

Тотығу белдемі Тотығу белдемінің тереңдігі 150-200 м. Кентас карьер, штольня әдістері арқылы өндіріліп, флотация әдіспен байытылады. Гидротермалдық, шөгінді-гидротермалдық жолмен жаралған. Қорғасын-барит кентастарының қоры А, В, С категориялары бойынша 13577 мың т ірі кен орны саналады.«Қазақстан»: Ұлттық энциклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 жыл. ISBN 5-89800-123-9, VIII том

Дереккөздер

Санат:Алматы облысы кен орындары