Көктіңкөлі – Сарысу алабындағы ағынды көл.

Географиялық орны Қарағанды облысының Шет ауданында. Жаңаарқа кентінен (Жаңаарқа ауданы) оңтүстік-шығысқа қарай 50 км жерде, теңіз деңгейінен 540 м биіктікте орналасқан.

Гидрографикасы Аумағы 12 км2, суы мол жылдары 13,2 км2-ге дейін жетеді. Су жиналатын алабы 2584 км2. Орташа тереңдігі 1,1 м, ең терең жері 2,5 м. Суының көлемі 13 млн. м3. Суы тұздылау, кермек татиды. Жалпы минералдылығы 4,2 г/л. Көлге солтүстік-шығыстан Жаман Сарысу өзені келіп құяды да, солтүстігінен ағып шығады. Сондықтан көлдің деңгейі осы өзен суының молдығына қарай жылына 1,5 м-ге ауытқып тұрады. Сәуірдің аяғы мен мамырдың басында көлдің деңгейі жоғары, ақпанда өте төмен болады. Жаздың 2-жартысында өзен қарасуларға бөлініп қалады.

Жер бедері Батыс жағасы тік жарлы, биіктігі 2 м-ге жетеді, саздақ аралас сұр құмтастан тұрады. Қалған жағалары жайпақ тегіс, саздақты. Солтүстік, солтүстік-шығыс жағаларында көл суын реттейтін топырақтан бөгет салынған.

Өсімдігі Жағаларында қамыс, өлең, шалаң, қараған, жусан, т.б. түрлі шөптесіндер өседі.

Балықтары Күміс мөңке, алабұға, торта балық, шортан, т.б. балықтар кездеседі.Қазақ энциклопедиясы

Дереккөздер

Санат:Шет ауданы көлдері Санат:Сарысу су алабы Санат:Жаңаарқа ауданы көлдері