Уәлитхан Шарафиддинұлы Танашев (1887 — 1968) — Алашорданың күрескер азаматы, заңгер, көрнекті қоғам қайраткері, Бүкілресейлік Құрылтай жиналысының мүшесі.

Өмірбаяны Байұлы тайпасының Шеркеш руынан шыққан.

Арғы атасы Бекпембет би Атырау қазақтарына аты шыққан балықшылықпен шұғылданып, елді кәсіпке үйреткен, елге сыйлы дәулетті адам екен. Оның Шолтыр, Танаш атты екі ұлы болады, Уәлитхан осы Танаштың немересі екен. Уәлитхан 1887 жылы Атырауда балықшы кәсіпкер отбасында туған.

1899-1908 жылдары Астрахан гимназиясынан сегіз сыныптық білім алады. 1909 жылы Қазан университетінің заң факультетін бітіреді. Ол 1913-1917 жылдары Қазан қаласында заңгер болып жұмыс істеген. 1917 жылы туған еліне келіп, әртүрлі қызметтер атқарады. Астраханға оралған соң заңгерлікпен айналысады, сол кезден бастап төңкеріс жолына түседі. Ол өзінің ақыл-парасатын туған халқының бақытқа жету жолына арнаған.

Қызметі 1917 жылы 1 -8 сәуірде Орынборда өткен Торғай облысы қазақтарының сиезінде мәжіліс төралқасы төрағасының орынбасары болады. 1917 жылы 21 сәуірде өткен Бөкей Ордасы қазақтарының сиезінде төралқа төрағасы болады. Осы сиезде ол Бөкей жер басқармасының төрағалығына сайланып, Бөкей ордасы өңірінен Бүкілресейлік мұсылмандар кеңесіне өкілдікке ұсынылады. Ж.Досмүхамедұлы екеуі кеңестің атқару комитетіне кіреді де, Бөкей ордасынан депутаттыққа өтеді. 1-11 мамыр аралығында Мәскеуде өткен Бүкілресейлік мұсылмандар сиезінің атқару комитетіне мүше болады. Киевте тамыз айында өткен бүкілресейлік мұсылмандар құрылтайына қатысады. Ел сенімін арқалаған У.Танашев Ж.Досмұхамедұлы және Ж.Ақпаевтармен бірге Петроградтағы «Шураи исламдағы» Алашорда үкіметінің өкілі болып тағайындалады. 1917 жылы 5-13 желтоқсанда Орынборда өткен жалпықазақ сиезінде Алашорда үкіметінің министрі болып сайланады.

1918 жылы 8 маусымда Самара қаласында құрылтай жиналысы мүшелерінің комитетінде (Комуч) ол ел мүддесін қорғауға көп күш салады. Челябіде өткен Комуч пен Сібір үкіметінің мәжілістеріне қатысады. 8-23 қыркүйек аралығында Уфадағы бүкілресейлік уақытша үкімет - Үфі дирекциясы құрылған мәжіліске қатысады. Одан соң Әлихан Бөкейхан басқарған Алашорданың шұғыл мәжілісіне қатысады. Ол жиналыста Ж.Досмұхамедұлы, Х.Досмұхамедұлы, А.Бірімжанов, Ә.Ермеков, М.Тынышбаевтармен бірге «Ойыл уәлаяты» таратылып, Бөкей ордасы мен Ойыл уәлаяты, Маңғыстау уезі мен Торғай облысының Ақтөбе, Ырғыз уездерін басқару үшін Алашорданың батыс бөлімшесін құруды қолдаған. 1918 жылы 18 қарашада Омбыдағы дирекция құлап, үкімет билігі адмирал Колчактың қолына өткен кезде Алашорда үкіметі жаңа үкіметпен келіссөз жүргізуге ниеттенді. 1919 жылы 11 ақпанда өткен ведомствоаралық құрылым жөніндегі отырыста Ә.Бөкейхан, А.Тұрлыбаев, У.Танашев Колчак өкілдерімен келіссөзге барады. 1919 жылы Алашорда таратылып, Алаш қозғалысына қатынасқандарға кешірім жасалған соң, У.Шарафиддинұлы АКСР-ін ұйымдастыру жұмысымен және республикалық мемлекеттік баспа бөлімдерін құрумен айналысады. Орынборда қазақ әскери төңкерістік комитеті құрамында жұмыс істеп, орталық атқару комитетінің мүшесі болады. 1920 жылы 25 қыркүйекте республикалық әділет халық комиссариатының орынбасары қызметіне тағайындалды. Осы кезде ел үшін аса маңызды бірнеше заң актілерінің қабылдануына ықпал етеді.

1922 жылы 9 қарашадан бастап ұлт істері жөніндегі халық комиссариаты жанындағы ҚАСР өкілеттігі басшысының орынбасары, кейін федералдық комитетте жер мәселесі туралы жоғары бақылаудың ерекше алқасында қызмет атқарды. Осыдан кейін У.Танашев Татарстандағы Қазан қаласына қайын жұртына кетеді. 1924-1937 жылдары Татар автономиясы кеңестік социалистік республикасы жоғары сотында адвокат болады. 1937 жылы бұрынғы алашордашыл қайраткер ретінде тұтқындалады. Артынан тұтқыннан босатылады. Бірақ, 1949 жылы сол айыппен тағы тұтқындалып, 1955 жылға дейін Краснояр өлкесіне жер аударылады. Айдауда кара жұмыс істейді. 1957 жылы Татар АКСР-інің жоғары сот төралқасының шешімімен ақталады. Сол жылы зейнетке шығады. 1968 жылы Қазан қаласында дүние салады.«Алаш» қозғалысы. Алматы, 2008. ISBN 9965-32-715-7

Ұлықтау нобай|солға|200px|Қазан қаласындағы ескерткіш тақтасы нобай|оңға|200px|У.Танашев қабірінен әкелінген топырақты туған жерінде арнайы жасалған орынға салу 2025 жылғы 16 қыркүйекте Ресейдің Қазан қаласында Татарстан Ғылым Академиясында Ш.Марджани атындағы Тарих институтында Алаш қайраткері Уәлитхан Шарафетдинұлы Танашевке арналған дөңгелек үстел өтті. Оның барысында Қазақстанның Татарстандағы Бас консулы Искаков Ерлан Үзенұлының қатысуымен оның қабірінде жаңартылған ескерткіш ашу рәсімі ресми түрде өтті.

Алаш қайраткеріне ас беріліп, Қазан қаласындағы Татар Муфтиятының орынбасары Хазірет Мансұр, Қазақстан жағынан У.Танашевтың туыстары: Ибрагимов Асылбек Амирханович, Тащанова Гульмира Аманжуловна, Молдагалиева Дарига Фаридовна және туған жеріндегі Атырау университетінің тарихшы, тарих ғылымдарының докторы, профессор Таңатарова Жамиға Тажиковна, Атырау облысы Мемлекеттік мұрағаты бөлімінің меңгерушісі Раиса Кенжегуловна Тастемирова, Ш.Марджани атындағы Тарих институтының аға қызметкері тарих ғылымдарының докторы, Имашева Марина Маратовна, Танашевтың жұбайының жағынан туыстары қатысты.

Қазан қаласындағы қабіріне ескерткіш орнатылғаннан кейін көп ұзамай, Қазан қаласындағы У.Танашев қабірінен әкелінген топырақты Уәлитхан Танашевтың туған жері Атырау облысында, арнайы жасалған орынға салды. Осылайша қазақ халқының ел болуы үшін күрескен, сүйегі татар жерінде жерленген Алаш арысының топырағы туған елімен қауышты. Ескерткіш тақта жамылғысын ашу құрметі аудан әкімі Абат Жанғалиев, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, академик, өлкетанушы Өмірзақ Қажымғалиев, Уәлитхан атамыздың бауыры Асылбек Ибрагимовке ұсынылды.

Отбасы нобай|оңға|200px|У.Танашевтың келіні Гүлмира, академик Қойгельдиев Мамбет Құлжабайұлы, інісі Асылбек Жұбайы (некелесуі — 1913 жыл) — Хадиша Зарифқызы Ямашева-Танашева, қыз кезіндегі тегі — Бадамшина (1883, Чистополь —29 қыркүйек 1950, Стерлитамак); Ғариф Бадамшиннің жиені, тіс дәрігері. 1917 жылдың көктемінде Қазан қалалық думасына депутат болып сайланған (бұл қызметті атқарған алғашқы әйел). 1923 және 1932 жылдары тұтқындалған. Кейіннен ол күйеуімен бірге екі рет саяси қуғын-сүргінге ұшырап, жер аударылған жерде қайтыс болды.

Ағасы — Сабыр Шераф-Элдинович Танашев (1900 жылы Гурьев ауданында туған; Алматы қаласында қайтыс болған). Ол толық емес жоғары білімді болған және Мәскеудегі Өнеркәсіп банкінде экономист болып жұмыс істеген. 1936 жылы 6 қаңтарда Қазалы стансасында оны НКВД-ның Мемлекеттік қауіпсіздік басқармасының көлік бөлімі тұтқындады. 1936 жылы 23 ақпанда Орынбор теміржол прокуратурасы 58-10-бап бойынша айып тағу туралы қаулы шығарды, алайда кейіннен іс қысқартылды. Ол қылмыстық құқық бұзушылықтың болмауына байланысты 1991 жылы 9 шілдеде Қызылорда облыстық прокуратурасы тарапынан ақталды.

Галерея

Сілтемелер Танашевтар тағдыры

Дереккөздер

Санат:Атырау облысында туғандар Санат:Қазақстан қоғам қайраткерлері Санат:Алаш Орда қайраткерлері Санат:КСРО-да репрессияланғандар Санат:Қазан университеті түлектері