thumb|right|Химия – заттарды және олардың бір-біріне айналып өзгеруін зерттейтін жаратылыстану ғылымдарының бірі. thumb|right|Мочевинаның немесе карбамидтың ((NH2)2CO) пайда болуы thumb|Д.И. МенделеевХимия – жаратылыстанудың маңызды және кең салаларының бірі. Ол заттарды және олардың құрамы мен құрылымының өзгеруіне әкелетін түрленуіне байланысты қасиеттері – химиялық реакциялар, сондай-ақ, осы түрленулер бағынатын заңдар мен заңдылықтарды зерттейді. Барлық заттар химиялық байланыстар арқылы молекулалар құра алатын атомдардан тұратындықтан, химия, ең алдымен, жоғарыда аталған мәселелерді атом-молекулалық деңгейде, яғни химиялық элементтер мен олардың қосылыстарының деңгейінде қарастырумен айналысады.
Бізді қоршаған денелердің барлығы заттардан тұрады. Массасы мен көлемі болатындардың бәрін дене деп атайды. Жаңбыр тамшысы, бұтақтағы қырау – денелер, олар бір заттан – судан тұрады. Зат пен өріс – материяның бар болу түрі, яғни бізді қоршаған әлемнің нақтылы болуы.
Зат – ол массасы тыныштықта болатын, элементарлы бөлшектерден тұратын, материалдық түзілу. Әрбір заттың белгілі физикалық және химиялық қасиеті болады. Физикалық қасиетке заттың сыртқы көрінісі, оның балқу және қайнау температуралары, жылу мен электр тогын өткізу қабілеттілігі, агрегаттық (қатты, сұйық, газ) күйі жатады. Заттың химиялық қасиеті оның басқа затқа айналу (түрлену) қабілеттілігін сипаттайды.
Өріс – ол энергиямен сипатталатын, материяның нақтылы бар болу түрі. Өрістің қатысуымен заттардың бөлшектерінің арасында өзара әрекеттесу жүреді. Материяның маңызды қасиеттерінің бірі – қозғалу. Оның көптеген түрі болады және ол жаратылыстану ғылымдарының әртүрлі салаларында зерттеледі.
Химия бір заттың басқа затқа түрленуі ретіндегі материяның химиялық қозғалу түрін зерттеумен айналысады.
Жалпы мәліметтер Химия элементтерді (атомдарды), жай (дара) және күрделі заттарды, олардың құрамын, құрылысын, қасиеттерін, химиялық өзгерістер мен оған әсер ететін жағдайлар мен өзгерістер кезінде байқалатын құбылыстарды зерттейді. Химиялық жеке заттар бір-бірінен химиялық құрамы мен қасиеттері бойынша ажыратылады. Әр зат белгілі жағдайдағы физикалық қасиеттері (түсі, тығыздығы, балқу, қайнау температуралары, жылу мен электр өткізгіштігі және тағы басқа) және химиялық қасиеттері (басқа заттармен әрекеттесу, белгілі бір өнімге айналу қабілеті) жағынан ерекшеленеді.
Заттар құрамына қарай жай және күрделі болып бөлінеді. Олардың формуласын химиялық таңбалар көмегімен өрнектеп, химиялық қосылыстар деп атайды. Химиялық элементтер жерде шашыранды түрде таралған, әрбір химиялық элемент – атомдардың, ал химиялық қосылыс – молекулалардың белгілі бір түрі. Материя қозғалысының химиялық өзгеру процесі химиялық реакция деп аталады. Химиялық реакцияға атомдар, молекулалар, қосылыстар қатысып, оның нәтижесінде жаңа заттар түзіледі. Реакцияға қатысқан атомдардың тек сыртқы қабаттарындағы электрондардың тығыздығы өзгеріп, ішкі қабат пен ядро өзгеріссіз қалады.
Зерттелетін нысанына қарай химия негізгі екі топқа бөлінеді: органикалық химия; бейорганикалық химия.
Органикалық химия негізінен көміртек атомдарынан тұратын заттардың құрылысын, химиялық қасиеттерін, құрамын, қолданылуын, табиғатта таралуын, тағы басқаларды зерттейді.
Бейорганикалық химия немесе анорганикалық химия барлық қалған химиялық элементтер түзетін қосылыстардың құрылысы мен қасиеттерін және олардың бір-бірімен әрекеттесу заңдылықтарын зерттейді.
Химия ғылымының негізгі даму кезеңдері Химияның даму тарихының барлығы оның негізгі алға қойған мәселелерін шешу жолындағы әдіс-тәсілдердің ауысып отыруымен сипатталады. Химия ғылымының даму деңгейіне байланысты материя құрылымы, табиғаттағы заттардың құрамы, олардың бөлшектері – молекулалардың құрылысы туралы ұғымдар да өзгеріп отырды.
XVIII ғасырға дейінгі химияның даму кезеңінде қажетті қасиеттері бар заттарды алу мәселелері көп жағдайда оңды нәтиже бере қойған жоқ. Табиғаттағы денелердің қасиеттерінің пайда болуы туралы екіұдай пікір айтылған болатын. Антикалық уақыттың ұлы ғұламалары Демокрит (б.з.д. 470-380 жж.), Эпикур (б.з.д. 341-270 жж.) атомистік теорияны ұсынды. Олардың көзқарасы бойынша, барлық денелер көлемдері мен формалары әр түрлі атомдардан тұрады, ал бұл атомдар олардың сапалық өзгешеліктерін түсіндіреді деген данышпандық көзқарасты ұстанды.
Ал Аристотель (б.з.д. 384-322 жж.) мен Эмподокл (б.з.д. 490-430 жж.) табиғатта кездесетін денелердің әртүрлілігі олардың қасиеттерінің: жылу мен суықтың, құрғақтық пен ылғалдың, жарық пен қараңғының тағы басқа тіркесіп келуі арқылы түсіндіріледі деді. Кейінірек осы көзқарасты ортағасырлық алхимиктер де дамытты. Бұл кезеңде табиғат туралы білім жүйесін құраған — натурфилософия мен кәсіптік химия жеке-жеке дамыды.
Ал заттардың қасиеттерінің мәселесін шешу тәсілдері XVII ғасырдың екінші жартысында Р. Бойлдің еңбектерінде көрініс тапты.
Оның зерттеулері денелердің қасиеттері абсолютті емес, олар оны құраушы материалдық элементтердің сипаттарына байланысты екендігін көрсетті. XVII ғасырдың ортасынан XIX ғасырдың басына дейін заттардың құрамы туралы ілім барлық сол кездегі химияны қамтыды. Ол қазір де химияның бір бөлігі ретінде қарастырылады.
Химия ғылымдары дамуының екінші кезеңі немесе құрылымдық химия XIX ғасырды қамтиды. Химия дамуының бұл кезеңі өндірістің мануфактуралық сипатының техникаға, кеңейтілген материалдық-шикізаттық базаға негізделген фабрикалық сипатпен алмасуы арқылы сипатталады.
Сол кездегі химия өнеркәсібінде өсімдік пен жануарлардан алынатын заттарды өңдеу орын алып, олардың әрқайсысының ерекше сапалық ерекшеліктері болды, дегенмен, құрамы бірдей: яғни көбінесе сутегі, оттегі, көміртегі, күкірт, азот, фосфордан тұрды. Сонымен, заттардың жеке қасиеттері олардың химиялық құрамымен анықталмайтындығы белгілі болды.
Ал енді, осыдан кейін заттың құрылымы деген ұғым ғылымға енді. Химиктер заттардың қасиеттері мен сапалық жағынан әр түрлілігі олардың құрамымен емес, молекулаларының құрылымымен анықталатындығына көз жеткізді.
Ал, зат құрылымымен таныс болғаннан кейін оны құрайтын молекулалардың атомдары қайсысы химиялық байланысқа жақсы қатысады, қайсысының қабілеті төмен деген сұрақ туды. Себебі, зат құрамына кіретін барлық атомдар химиялық айналымға бірдей дәрежеде қатыспайды екен. Осыдан келіп, «реакцияға қабілеттілік» деген тағы бір ұғым химия ғылымына енді.
Өзінің екінші даму деңгейінде химия аналитикалық ғылымнан синтетикалық ғылымға айналды. Бұл кезең органикалық синтез химиясының дамуымен байланысты.
Осы кезде тоқыма өнеркәсібіне арналған бояулар шығару, дәрі-дәрмек, жасанды жібек алу мүмкіндігі туды.
Бұл кезең — құрылымдық химия кезеңі деген шартты атауға ие болды, оның басты жетістігі — молекула құрылымы мен заттардың функционалдық белсенділігінің арасындағы байланысты анықтау болды.
Химия дамуының үшінші кезеңі — XX ғасырдың бірінші жартысын қамтиды.
XX ғасырдың алғашқы жартысындағы автомобиль өндірісінің, авиацияның, энергетикалық, құрал-жабдық шығарудың дамуы материалдар шығаруға жаңа талаптар қойды.
Жоғары октанды мотор отынын, арнаулы синтетикалық каучук пен пластмасса, беріктігі аса жоғары изоляторлар, органикалық және бейорганикалық полимерлер, жартылай өткізгіштер шығару қажеттілігі туды. Бұндай материалдарды алу үшін бұрынғы заттың құрамы мен құрылымы туралы химиялық білім жеткіліксіз болды. Құрылымдық химия зат қасиеттерінің температураның, қысымның, еріткіштердің тағы басқа факторлардың әсерінен өзгеретіндігін есепке алмаған болатын.
Осыған байланысты, осы кезеңде химия ғылымы процестер мен заттардың өзгеру механизмі туралы ғылымға айналды. Осының нәтижесінде құрылыс жұмыстарына қажетті ағаш пен металдың орнына синтетикалық материалдар, тамақ шикізаттарын, олиф, лак, жуғыш заттар тағы басқаларды өндіруді қамтамасыз етті. Ал каучук, этил спирті, жасанды талшық өндіру мұнай шикізатына, азот тыңайтқыштарын алу — ауа азотына негізделді. Енді үздіксіз жүйемен жұмыс істейтін мұнай-химия өнеркәсібі дамыды.
1935 жылы тері, резина, талшық, жуғыш заттар, лактар, олиф, сірке қышқылы, этил спирті толығымен тек жануарлар мен өсімдіктер шикізатынан алынатын.
XX ғасырдың 60-шы жылдарында бұл өнімдердің көп бөлігі газ және мұнай шикізаттарынан алына бастады:
техникалық спирттің – 100% жуғыш заттардың – 80% олиф пен лактың – 90% талшықтың – 40% каучуктың – 70% тері материалдарының – 25%-ға жуығы
Сонымен бірге химия жылына мыңдаған тонна малға азық-түлік ретінде қолданылатын мочевина мен ақуыз және миллиондаған тонна тыңайтқыш берді.
Сонымен, химия өзінің дамуының үшінші кезеңінде заттар туралы ғылым емес, заттардың өзгеруі мен өзгеру механизмдері туралы ғылым болды.
Химия ғылымы дамуының төртінші кезеңі — XX ғасырдың екінші жартысы. Бұл кезеңді эволюциялық химия кезеңі деп атайды.
Эволюциялық химияның негізінде химиялық өнімдерді алу процестерінде химиялық реакциялардың катализаторларын өздігінен жетілуге жеткізетін, яғни, химиялық жүйелердің өздігінен құрылуына әкелетін шарттарды пайдалану принципі жатыр. Бұның өзін — химияны өзіндік бір биологизациялау тәсілі деп қарастыруға болады.
Ал бұл процесс белгілі бір уақыт бойында дамиды және сыртқы жағдайларға тәуелді емес. Уақыт бұл жерде маңызды фактор, өйткені химиялық жүйенің эволюциясы қарастырылып отыр.
Химиялық жүйенің негізінде әлемнің химиялық картинасы қалыптасады, яғни табиғатқа химиялық көзқараспен қарау. Оның негізгі мазмұны мынандай: тірі және өлі табиғатты химиялық мағынада қарастыра келгендегі сол дәуірдегі химиялық білімнің қорытындысы; табиғат объектілерінің барлық негізгі түрлерінің пайда болуы мен эволюциясы туралы түсінік; табиғат объектілерінің химиялық қасиеттерінің оның құрылымына байланыстылығы; табиғат процестерінің химиялық қозғалыс процесі ретіндегі жалпы заңдылықтары; тәжірибелік жағдайда синтезделетін ерекше объектілер туралы білім.
50-60 жылдарға дейін эволюциялық химия туралы ештеңе белгілі болған жоқ. Жануарлар мен өсімдіктердің шығу тегін Чарлз Дарвиннің эволюциялық теориясы арқылы түсіндіруге тырысқан биологтардан айырмашылығы, химиктерді заттардың шығу тегі туралы мәселе толғандырмады. Ал, XX ғасырдың екінші жартысынан бастап, химиктерге өз объектілеріне байланысты эволюциялық мәселелерді шешу мүмкіндігі туды. Эволюциялық химияны химиялық жүйелердің өздігінен ұйымдасуы мен өздігінен дамуы туралы ғылым деп те атайды. Бұл жерде химия биологиямен тығыз байланыс жасайды. Тірі организмдерде жүретін барлық процестерді химия тілімен, химиялық процестер арқылы беруге болады екен.
Расында, егер денедегі зат алмасу процесіне таза химиялық көзқараспен қарасақ (А. И. Опариннің тәжірибесін), біз уақыт тәртібін сақтайтын, өзара бір-бірімен байланысты бірнеше химиялық реакцияларды байқаймыз.
Тірі организмдердегі ерекше кейбір қасиеттер, мысалы көбею, қозғалғыштық, қозу, сыртқы ортаның әсеріне жауап беру — барлығы химиялық реакциялар арқылы түсіндіріледі.
Әрине, тіршіліктің барлық құбылыстарын химиялық жолмен түсіндіру қателік болар еді, бұл тіпті дөрекі механистикалық көзқарас ретінде қарастырылатын еді. Бұған химиялық процестердің тірі және өлі жүйелердегі жүруінің ерекшеліктері дәлел бола алады.
Қазіргі кезде химия үшін биологиялық принциптерді қолдану маңызды болып саналады. XX ғасырдың өзінде биологиялық процестер үшін биокатализдің үлкен әсері бар екендігін ғалымдар түсінген. Сондықтан химиктер тірі табиғатқа катализаторлар қолдану тәжірибесін жасайтын жаңа химияны шығаруды мақсат етіп қойды. Ұқсас молекулалар синтездеу принциптерін, әр түрлі қасиеттері бар, ферменттер принципімен жұмыс істейтін катализаторлар қолданылатын химиялық процестерді басқарудың жаңа түрі шықты.
Негізгі түсініктер Қарапайым бөлшектер
Қарапайым бөлшектер – өз құрылымы мен құрамы болмайтын бөлшекті элементар бөлшек дейміз. Олар – заттың ең ұсақ және ішкі құрылымы ең қарапайым деп есептелетін бөлшектері.
Протон мен нейтрон элементар бөлшектер деп аталады, себебі оларды әрі қарай бөлшектеу қиын. Олар тұрақты атом ядроларында ғана бөлшектенбейді, ал бірақ бос күйлерінде нейтрон да, протон да басқа үш бөлшекке бөлінеді деп болжанған, оларды кварк деп атайды.