Хамза Әбілғазин (1919, Павлодар облысы Баянауыл ауылы - 1980, Алматы қаласы) - қоғам қайраткері, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, Қаныш Сәтбаевтың туған жерінен түлеген азамат.

Арғын тайпасының Сүйіндік руының Қаржас бөлімінен шыққан. 1938 жылы Абай атындағы Қазақ Педагогика институты (қазіргі ҚазҰПУ) жанындағы жұмысшы факультетін бітірген. 1939 жылы әскер қатарына шақырылып, кейін 2-дүниежүзілік соғысқа қатысқан, Ленинград қоршауында болған. 1946 жылы әскер қатарынан босап, елге қайтады, 1946-50 жылы Қазақ КСР Министрлер Кеңесі жанындағы өнер істері басқармасының алқа мүшесі және репертуарларды бақылау бөлімінің бастығы, 1950 жылы Қазақстан КП ОК-нің нұсқаушысы, 1950-58 жылы Қазақ КСР Министрлер Кеңесі Төрағасының көмекшісі, КСРО Министрлер Кеңесі мәдениет тобының аға кеңесшісі, 1958-62 жылы Алматы теледидар студиясының директоры, 1962-64 жылы «Қазақфильм» киностудиясы директорының орынбасары, 1964-72 жылы Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің радиохабарлар және теледидар басқармасының бастығы, 1972-80 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасы істер басқармасының бастығы қызметтерін атқарды.

Соғыстағы ерлігі үшін «Александр Невскии» және Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталған.Қаныш Сатпаев. Энциклопедия / Бас редактор Б.Ө.Жақып. — Алматы «Қазақ энциклопедиясы», 2011 жыл. ISBN 9965-893-74-8

Дереккөздер

Санат:Қазақ КСР саясаткерлері