Almaty Marathon (сондай-ақ Алматы марафоны деп аталады) — қыркүйектің соңғы жексенбісінде Алматы қаласында, Қазақстанда өтетін жыл сайынғы марафон.

Марафон Орталық Азиядағы ең ауқымды спорттық іс-шара болып табылады және 2013 жылдан бастап AIMS халықаралық қауымдастығына кіреді.

«Almaty Marathon» трассалары AIMS және IAAF ережелеріне сәйкес сертификатталған және «B» санатына ие, алайда IAAF талаптарына сәйкес келмейтін қашықтықтағы биіктік айырмашылығына байланысты онда әлемдік рекордтар тіркелмейді.

2025 жылғы жағдай бойынша Almaty Marathon бес түрді қамтиды: 18 жастан асқан қатысушыларға арналған дәстүрлі марафон (42 км 195 м); 18 жастан асқан қатысушыларға арналған жартылай марафон (21 км 97,5 м); 15 жастан асқан қатысушыларға арналған спутниктік жүгіру (10 км); 15 жастан асқан қатысушыларға арналған скандинавиялық жүріс (10 км); 16 жастан асқан 6 адамнан тұратын командаларға арналған Экиден (42 км 195 м) корпоративтік эстафетасы.

Мазмұны Бағдар Ұйымдастырушылар Мәлімделген мақсаттар Тарихs Нәтижелер Марафон (ерлер) — абсолюттік есеп Марафон (әйелдер) — абсолюттік есеп Ескертулер Сілтемелер

Бағдар 2017 жылға дейін әрбір түр бойынша жарыстар Тұңғыш Президент саябағында және «Нұрлы Тау» бизнес-орталығында (балалар қашықтығы) басталды, мәре орны Алматы орталық стадионы болды.

2018 жылы трассалардың сертификаты жаңғыртылды, ал бағдар өзгертілді. Сөре пен мәре бір орынға — Республика алаңына ауыстырылды. Марафон кезінде Алматыда бірқатар көшелер жабылады. 2018 жылдан бастап марафон бағдары бүкіл қала арқылы өтеді: Назарбаев даңғылы (Сәтбаев көшесінен Әл-Фараби даңғылына дейін), Әл-Фарабидің солтүстік жағы, Саин көшесі (Әл-Фарабиден Абай даңғылына дейін), Абай даңғылы (Саин көшесінен Байтұрсынов көшесіне дейін) және Сәтбаев көшесі (Байтұрсынов көшесінен Назарбаев даңғылына дейін).

Ұйымдастырушылар Жарыстың ұйымдастырушылары — «Бірінші болу – батылдық» корпоративтік қоры, «KRIDA» фитнес-клубы және Almaty Marathon құрылтайшысы болып табылатын Академик Шахмардан Есенов атындағы Ғылыми-білім беру қоры.

Алматыда марафон өткізу идеясы 2012 жылы «KRIDA» фитнес-клубының (бұрынғы World Class Almaty) құрылғанының мерейтойын атап өтуге шешім қабылдаған уақытта пайда болды. Қайырымдылық марафоны идеясын кәсіпкерлер Ғалымжан Есенов пен Айжан Есим ұсынды. Содан бері марафонға әр түрлі жеке ұйымдар мен Алматы қаласының әкімдігі қолдау көрсетіп келеді.

Мәлімделген мақсаттар Almaty Marathon миссиясы — ұлтты сауықтыруға жәрдемдесу. «Бірінші болу – батылдық» КҚ марафонының бас ұйымдастырушысы алдына — белсенділікті насихаттайтын және ең жоғары халықаралық стандарттарға сәйкес келетін жарқын және ауқымды спорттық іс-шараларды ұйымдастыру мақсатын қояды.

Іс шараларды ұйымдастыруда қор 7 негізгі қағиданы ұстанады: жүгірушілердің қауіпсіздігі; қоршаған ортаның инклюзивтілігі және жынысына, жасына, физикалық мүмкіндіктеріне, жүгіру тәжірибесіне және басқа да ерекшеліктеріне қарамастан барлығы үшін қол жетімділік; қайырымдылық жобалары арқылы әлеуметтік жауапкершілік; қатысушылардың тәжірибесін ұйымдастыру және жақсарту тәсіліндегі инновациялар; экологиялылық және қоршаған ортаға деген қамқорлық; жаһандану, бұқаралық және қоғамдастық сезімі;

Сөрелік жарналардан түскен қаражаттың бір бөлігі жыл сайын мүмкіндігі шектеулі және ерекше қажеттіліктері бар балаларға спорттық инфрақұрылым құруға және медициналық көмек көрсетуге бағытталады. Спорттың қолжетімділігін арттыру — «Бірінші болу – батылдық» қорының корпоративтік әлеуметтік жауапкершілігінің ажырамас бөлігі.

Тарихы Almaty Marathon әлеуметтік жобалар үшін қаражат жинауды бастаған алғашқы қайырымдылық марафондарының бірі болды. Almaty Marathon алғаш рет 2012 жылдың 27 мамырында. «Қайырымдылық марафоны – бірінші болу батылдығы» деген атаумен өтті және 500-ге жуық жүгірушінің басын қосты. Марафонда жиналған қаражат БЦП (балалар церебралды параличі) бар балаларды қолдау және оңалту бағдарламасына бағытталды. Қайырымдылық көмектің жалпы сомасы – 292 500 теңгені құрады.

2013 жылдың 28 сәуірі. 2-ші Almaty Marathon 5 мыңнан астам қатысушының қатысуымен өтті. Бұл жылы сәуірдің соңғы жексенбісінде марафон өткізу дәстүрі бекітілді. Жиналған қаражат БЦП бар балаларды оңалту және емдік жүзу бойынша сабақтарды ұйымдастыру үшін «Арди» оңалту орталығында шағын акватория салуға бағытталды. Көмектің жалпы сомасы — 2 752 000 теңге.

2014 жылдың 20 сәуірі. 3-ші Almaty Marathon-ға 10 мыңнан астам адам қатысты, ал жиналған көмек сомасы — 10 000 000 теңгені құрады. Марафонның қайырымдылық көмек алушысы онкологиялық науқас балаларды емдеуге көмек жинайтын «Милосердие» ерікті қоғамы болды. Жиналған қаражат 3 жасар Дарина Ликтің отбасына жіберілді. Astana Motors компаниясы марафонның бас серіктесі ретінде Алматы қаласының Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми-зерттеу институтының онкология бөлімшесіне жедел жәрдем көлігін сыйға тартты.

2015 жылдың 26 сәуірі. 4-ші марафонға әлемнің 40-тан астам елінен 15 мыңнан астам қатысушы қатысты. Жиналған қаражатқа Almaty Marathon ұйымдастырушылары Алматы қаласындағы сөйлеу қабілеті нашар балаларға арналған мамандандырылған оқу орны № 9 мектеп- интернатқа арналған заманауи стадион салды . Қайырымдылық көмектің жалпы сомасы 7 828 600 теңгені құрады. Марафонның жүлдегерлері 72 адам болды (оның ішінде 9 жас санатындағы 27 марафоншы).

2016 жылдың 24 сәуірі. 5-ші Almaty Marathon-ға 13 мың адам қатысты. Марафоннан жиналған 12 295 000 теңгеге тірек-қозғалыс жүйесін қалпына келтіруге арналған төрт аппарат сатып алынды: «Корвит» тірек жүктемесінің табандық имитаторлары және «Имитрон» жүру имитаторлары.

2017 жылдың 23 сәуірі. 6-шы Almaty Marathon-ға 42 елден 13 мыңнан астам адам ресми түрде тіркелді. Негізгі тәтіптер саны алтыға дейін ұлғайтылды. Қор 6 мамандандырылған мекемеден 1500-ден астам ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған жобаларға сөрелік жарналардан 13 028 500 теңге бөлді.

2018 жылдың 22 сәуірі. 7-ші Almaty Marathon жаңғыртылған бағдар бойынша өтті . Сөреге 14 мың адам шықты. Сөрелік жарналардан түскен қаражаттың бір бөлігі «Мен сенімен біргемін» онкологиялық аурулары бар балаларға арналған бірінші хосписте, Есік қаласының көру қабілеті бұзылған балаларға арналған облыстық мектеп-интернатында және Интеллекттік дамуы бұзылған балаларға арналған № 6 арнайы (түзету) мектеп-интернатында спорт немесе балалар алаңдарын салуға бағытталды. Қайырымдылық көмектің жалпы сомасы — 16 380 500 теңге.

2019 жылдың 21 сәуірі. 8-ші Almaty Marathon әлемнің 53 елінен рекордтық 17 мың жүгірушінің қатысуымен өтті. Бұл жылы «Экиден» санатында 113 команда қатысты, сондай-ақ ерлер мен әйелдер арасында 2012 жылдан бері Almaty Marathon және трассаның рекорды орнатылды. Зикрилло Маматкулов (Өзбекстан) қашықтықты 2 сағат 28 минут 34 секундта, ал Александра Кальянова (Ресей) 2 сағат 42 минут 44 секундта еңсерді. Қатысушылар арасында Гиннестің рекордын орнатуға үміткерлер де болды. Сонымен, Польшадан келген әуесқой спортшы, саяхатшы Войцех Мачник «Бір жылда әр түрлі елдерде өткен марафондардың максималды саны» деген өтініммен Гиннестің әлемдік рекордын жаңғыртуды көздеді. 2018 жылдың тамыз айынан бастап ол 35 марафонды жеңіп үлгерді. Екінші әлеуетті рекордшы Австралиялық Alistair Kealty болды. Оның мақсаты — әлемнің 52 елінде 52 марафонды жеңіп, әрқайсысында рекорд орнату болды.

Almaty Marathon 2019 қайырымдылыққа 26 000 000 теңге жинады. Қор оларды келесі ұйымдарға арналған жобаларға жіберді:

— Аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларға арналған № 15 Алматы облыстық мектеп-интернаты (спорт алаңын салу);

— «Киров» Қызыл тулы крейсерінің жас армияшыларының әскери-патриоттық клубы (скалодром құрылысы);

— «Pioneer Concept» жеке қоры (көпфункционалды спорт алаңын салу) жүзеге асырған «АСБ (аутизм спектрінің бұзылуы) және биік таулы жағдайлардағы жетілудің басқа да ерекшеліктері бар балаларға арналған тау шаңғысы мен сноубордқа бейімделген шаңғы тебу» қалалық бағдарламасы.

2020 жылдың 19 сәуірі. 9-шы Almaty Marathon өтуі тиіс еді, алайда Covid-19 вирусының таралуына және ДДҰ-ның пандемия деп жариялауына байланысты болмады. Жарысқа әлемнің түрлі елдерінен 18 мыңға жуық қатысушыны жинау жоспарланған болатын.

Almaty Marathon 2020 болмағандығына қарамастан, 2019 жылдың соңында жарияланған 30 000 000 теңгелік қайырымдылық мақсаттары жоспар бойынша жүзеге асырылды:

— «Кеңес» Мүгедектердің қоғамдық бірлестігі, әлеуметтік бейімдеу және еңбекпен оңалту орталығы (жабдықталған балалар алаңы),

— Есік қ. Интеллекті бұзылған балаларға арналған облыстық арнайы мектеп-интернаты (футбол алаңын салу),

— «SOS Алматы Балалар ауылы» МЕБМ (workout алаңын салу).

— Дамуында ерекшеліктері бар балалармен жұмыс жөніндегі «Амалия» бейімдеу орталығы (сенсорлық интеграциялауға арналған жабдық).

— Талғар қаласындағы «Нұр» отбасылық балалар үйі (спорт алаңын салу).

2021 жылдың 26 қыркүйегі. 10-шы мерейтойлық Almaty Marathon өтті және 8000 қатысушыны жинады. Қолайсыз эпидемиологиялық жағдайларға байланысты марафон алғаш рет сәуірден қыркүйекке ауыстырылды. Ұйымдастырушылар мен қатысушылар пандемия жағдайында қауіпсіздік шараларын сақтады.

Almaty Marathon 2021 үш ұйымның жобаларына 40 000 000 теңге бағыттады:

— «Ковчег» мекемесі (көп функциялы алаң салу (футбол, волейбол, стритбол),

— «Өмірлік қиын жағдайда қалған балаларды қолдау орталығы» КММ (workout алаңы),

— «ЛА-155/6 мекемесі» РММ (футбол алаңы).

2022 жылдың 25 қыркүйегі. 11-ші Almaty Marathon-ға «Бізбен бірге жүр» ұранымен 30 елден 12 мыңға жуық қатысушы қатысты. Бұл жылы марафон мен жартылай марафон қашықтықтарының жеңімпаздары трассаның абсолютті рекордтарын орнатты. Қазақстандық Шедрак Коеч 42,2 шақырымды 2 сағат 21 минут 27 секундта жүгіріп өтті. 21,1 шақырым қашықтықта Татарстандық Ринас Ахмадеев (1 сағат 2 минут 54 секунд) және Қырғызстандық Сардан Трофимова (1 сағат 12 минут 49 секунд) рекорд орнатты.

Жиналған 45 000 000 теңгеге 5 мекемеде жобалар іске асырылды:

— Қаскелең қаласындағы Интеллекті бұзылған балаларға арналған мектеп-интернаттағы және Талғар қаласындағы Алматы облыстық санаторий үлгісіндегі мектеп-интернаттағы Workout алаңдары,

— «Солнышко» балалар үйі» жеке мекемесіндегі заманауи футбол алаңы,

— «Rehab Team» оңалту орталығында БЦП бар балаларды дамытуға арналған инновациялық құралдар (тұтқалары бар электрлік жүгіру жолы, жүруді үйренуге және аяқтың функцияларын қалпына келтіруге арналған электр жетегі бар балалар вертикализаторы, «Адели» емдік жүктеме костюмі, «Атлант» пневмокостюмі, сондай-ақ аяқтар мен денеге арналған аппараты (ортез) SWASH/СВОШ),

— «Максимнің он бір досы» командасына аз қозғалатын адамдардың спорттық іс-шараларға қатысуын ілгерілетуге арналған «Flying Start racing Wheelchair» жарыс арбалары.

2023 жылдың 1 қазаны. 12-ші Almaty Marathon әлемнің 50 елінен 14 мың жүгірушінің басын қосты. Марафонда алғаш рет ардагерлер арасында 10 км жүгіру бойынша ҚР Чемпионаты өткізілді, сондай-ақ скандинавтардың жаппай жарысы бойынша Қазақстанның рекорды орнатылды. Almaty Marathon 2023 сөрелік жарналардан түскен рекордтық 65,500,000 теңгені. 8 қайырымдылық көмек алушының жобаларына жіберді:

— «Сенім әлеуметтік қызметтер орталығы» КММ (спорттық жабдықтар),

— «Өмірлік қиын жағдайда қалған балаларды қолдау облыстық орталығы» КММ (футбол стадионы),

— «Ақ жол-М» ҚҚ (ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған оңалту орталығына жиһаз),

— «Мейiрiм» мүмкіндігі шектеулі балалар мен жасөспірімдерге арналған оңалту орталығы» жеке қоры (MyWay эллиптикалық тренажері бар жаяу жүріс арбалары),

— «Аманат» әлеуметтік балалар үйі-интернаты және «Ана аманаты» қыздарға арналған интернаты (көп функциялы спорт алаңдары),

— «Алматы қаласының спорт ғимараттарының дирекциясы» ЖШС (қаланың Орталық стадионының қосалқы алаңындағы workout кешені),

— «АВА Центр Росток» ЖШС (аутизмі бар және сөйлеу қабілеті бұзылған балаларға арналған мамандандырылған оңалту жабдығы).