Агуакатектер — Гватемаланың солтүстік-батысындағы майя тобына жататын үндіс халқы. Саны 80 мың адам. Гватемаланың Уэуэтенанго департаментінде және Мексиканың Чьяпас және Веракрус штаттарында тұрады.

Тілі Олар киче тармағының агуакатек (агуакатеко) тілінде сөйлейді. Испан тілі де кеңінен таралған.

Діні Діни ұстанымы: католиктер.

Кәсібі Дәстүрлі кәсібі – егіншілік (жүгері, бұршақ, асқабақ, бұрыш, жылы алқаптарда – қызанақ, алма, пияз, картоп, какао, кофе). Кей отбасылар сиыр, шошқа, қой, құс өсіреді. Сонымен қатар өрнек тоқу, сылақ қыш бұйымдарын жасау дамыған.

Тұрмыс салты Әкесінің атымен біріккен ірі және кеңейген, патрилинальды патрилокалды отбасылардан (2-4 ұрпақ) тұрады. Ауыл ақсақалдар кеңесін муниципалдық билік бекіткен сайланбалы алқа (алькальд) басқарады.

Елді мекендері мен дәстүрлі баспаналары Тұрғын үйлері тік бұрышты, тастан, саманнан, бұтақтардан немесе қамыстан жасалып, шатыры сабанмен жабылған.

Дәстүрлі киімдері Әйелдер арасында дәстүрлі киімдері сақталған - қара жолақты үстіңгі белдемше, түрлі-түсті ою-өрнекті уипил, төртбұрышты жүннен тоқылған жадағай, кең өрнекті белдік, шаштарында қызыл лента. Ерлер киімі негізінен көйлек, үстіне пончо үлгісіндегі жүннен тоқылған шапан кигізіліп, өрнекті белбеумен байланған. Әйелдер жалаң аяқ жүрсе, ерлер түрлі-түсті орамалдың үстіне сандал және сабан қалпақ киеді.

Дәстүрлі тағамдары Тағамының негізі - өсімдік тектес тағамдар.

Фольклоры Фольклор, христиандық дәуірге дейінгі наным-сенімдер мен әдет-ғұрыптар сақталған: қасиетті құдықтардың отбасылық культі, үңгірлер мен таулардың қауымдық культі, құрбандық шалу, аграрлық, жерлеу және мемориалдық рәсімдер, нагуализм, бақсылық. Рәсімдер ежелгі Майя күнтізбесін пайдаланады.

Дереккөздер

Санат:Гватемала этникалық топтары Санат:Орталық Америка үндістері‎