Дубровник (, 1918 жылға дейін — Рагуза, ) — Хорватиядағы қала, Дубровник-Неретва жупаниясының әкімшілік орталығы.
2011 жылғы санақ бойынша халқы 42,6 мың адам. Далмацияның оңтүстігінде, Адрия теңізінің жағалауында орналасқан. Жер сілкіністеріне бейім.
Қалада теңіз порты, Дубровник халықаралық әуежайы орналасқан. Дубровник қаласы теңіз курорты болып саналады. Теңіз үстіндегі жартаста орналасқан ескі қала ортағасырлық бекініс қабырғаларымен қоршалған, XIV—XVIII ғасырларда тастан салынған ғимараттардан тұрады. Қала ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгізілген.
Негізі VII ғасырда қаланған. 1358 жылдан бастап латынша Рагуза атауымен Дубровник республикасының астанасы болған. Қала "Славян Афинасы" аталып, серб және хорват мәдениеті мен тілі, сондай-ақ қазір жойылып кеткен далмат тілінің даму орталықтарының бірі ретінде танылған. 1808 жылы Францияның Иллирий провинцияларына енді. 1815 жылдан бастап аустриялық Далмация патшалығының құрамында болды. 1918—1941 жылдары Югославия патшалығының, 1941 және 1943—1945 жылдары фашистік Хорватияның құрамында, 1941—1943 жылдары Италияның қарамағында, 1945—1991 жылдары социалистік Югославияның құрамында болған.
Атауы 140px|мини|thumb|солға|Дубровник—Рагуза деген жазуы бар 1894 жылға марка Қала атауының латынша нұсқасы — Рагуза (лат. Ragusa, сондай-ақ Ragusium), бұл атау әлі де италиян тілінде қолданылады. Ол Адриядағы аралдың атауынан шыққан, сол аралда Эпидауростан (қазіргі Цавтат) келген босқындар алғашқы қонысты құрған. Олар өз қаласын не авар-славян шабуылынан, не 649 жылғы жойқын жер сілкінісінен кейін тастап кеткен болуы мүмкін. Аралдағы Рагузаның қарсы бетінде, құрлықта, Срдж тауының етегінде, VII ғасырда «Дубрава» деген атпен славян қонысы пайда болды (айналадағы емен тоғайларының құрметіне), кейін бұл атау «Дубровник» болып өзгерді. Біртіндеп екі қоныс бірігіп, оларды бөліп тұрған бұғаз құрғатылып, оның орнында қаланың басты көшесі — Страдун пайда болды.
Ғасырлар бойы екі атау да күнделікті өмірде қатар қолданылған: роман халқының ұрпақтары қаланы көбіне Рагуза, ал оңтүстік славяндар — Дубровник деп атаған. Алайда Эпидауростан келген босқындар сөйлеген романдық далмат тілі XVI ғасырда қолданыстан шыққанымен, ресми құжаттарда қала ұзақ уақыт бойы тек Рагуза деп аталып келді. Бұл жағдайдың себебі, тарихи тұрғыдан алғанда, XV ғасырдың ортасына дейін бұл жерде ресми тіл латын тілі болған, кейінірек италиян тілі қолданылған. Дубровник атауы алғаш рет 1189 жылы босниялық «Бан Кулин жарғысы» деген құжатында аталған. Славяндық «Дубровник» атауы ресми түрде тек 1918 жылы, оңтүстік славян жерлері аустриялық биліктен босатылғаннан кейін қолданыла бастады.
Тарихы VII—XIV ғасырлар VII ғасырда Лаус-Лаве (грекше «жартас» дегенді білдіреді) деп аталған, жағалауға жақын кішкентай аралда орналасқан қоныс құрылды. Оның қала ретінде тарихта аталғаны 667-670 жылдар аралығында Равенналық Анонимнің «Космографиясында» келтірілген: «Epidaurum id est Ragusium» («Эпидаурос, яғни Рагузиум»). Бұл аралға Эпидауростан (Иллирия) босқындардың келуімен, қоныс қаласына айналғаны ықтимал. Бұған дейін олар қазіргі Каштио деп аталатын жартас үстінде мекен етіп, ал кейіннен бастапқы қоныс айналасына және төменгі жерлерге орналасты.
Латын шежірелерінде Эпидауростан келген босқындар арасында епископ Иоаннның болғаны белгілі. Оның өтініші бойынша және шіркеу қажеттіліктеріне сай, жаңа жерде Әулие Петр соборы салынған. Оның қалдықтары ежелгі қоныстың қабырғалары жанында қазба жұмыстары барысында табылды.
Қаланың ерте кезеңдерінде халқы роман-славян тектес болып, олар, шамасы, далмат тілінде сөйлеген. Антикалық мәдениет ықпалы полистік басқару жүйесінің қалыптасуына және римдік үлгіде христиан дінінің жылдам таралуына әсер етті. 910 жылы қалада католик епархиясы құрылып, 1120 жылы архиепархия мәртебесіне ие болды.
Аралға жағалаудан негізгі кіреберіс 972 жылы салынған бекініске апаратын көпір болды. Бүгінде бекіністің батыс жағындағы кіреберісте «Пила қақпасы» орналасқан.
Қоғамдық және саяси өмірде белгілі бір дербестікті сақтап қалуымен, VII ғасырдан X ғасыр аралығында Рагуза Византияның қарамағында болды. IX ғасырда қала сарациндердің ұзақ мерзімді қоршауына қарсы тұра алды, осыған орай Орландо монументі тұрғызылды — жеңістің символы. Бұл монумент XV ғасырда қазіргі орнына көшірілді.
1000 жылы Рагуза дож Пьетро Орсеолоның алдында Венецияға адалдық антын берді. 1081—1085 жылдар аралығында қала тұрғындары герцог Роберт Гвискардың вассалдары болды.
XII ғасырда аралды жағалаудан бөліп тұрған бұғаз құрғатылып, оның орнына қаланың басты көшесі — Страдун пайда болды. Қаланы қоршаған ұзын тас қабырға XI—XVII ғасырлар бойы бірнеше рет қайта салынды.
Кейінгі ғасырларда қала Балқан түбегінің бойында, Қара теңіздің жағалауларына және Константинопольге дейін теңіз және құрлық саудасын дамытты. Рагуза саудагерлерінің көрші славян кінәздіктерімен — Сербия, Босния және Болгариямен сауда байланыстары ерекше маңызға ие болды. Бұл кінәздіктерде Рагуза саудагерлері еркін сауда жасау және пайдалы қазбаларды (негізінен, тұз бен қымбат металдарды) өндіру бойынша кейбір монополиялар құқығына ие болды.
XII ғасырдан бастап қаланы сайланбалы кінәз басқарды. Осы кезеңде қала коммуналары мен коммуналық басқару органдары, яғни Үлкен және Кіші кеңестер, кінәз-прирор қалыптасты. Византияның әлсіреуі және аймақта Венеция мен Оңтүстік Италиядағы нормандтардың күшеюімен Рагузаның дербестігі тез нығайды.
Венеция үстемдігі (1205—1358) 1205 жылы Дубровник қайтадан Венецияның бақылауына өтті, қала 150 жыл бойы Венецияның қоластында болды. Дубровник кінәзі мен Ұлы кеңес мүшелері енді Венеция Республикасымен тағайындалып, оған бағынатын болды. Рагузаның епископы да Венецияда бекітілетін еді. Алайда, бұл кезеңде қала аристократиялық республика ретінде қалыптасып үлгерді, онда не венециандық дож, не Венеция патриархы ұлттық аристократия мен өзін-өзі басқару институттарының өсіп келе жатқан күшін шектей алмады.
Венеция үстемдігі кезеңінде Рагуза Венецияға тері, балауыз, күміс және басқа металдардың маңызды жеткізушісіне айналды, Дубровник өнімдері кедендік баждардан босатылды. Сонымен қатар, қала Венециядан қорғау алды, ал Венеция оны Оңтүстік Адриядағы теңіз базасы ретінде пайдаланды. Дубровник саудагерлерінің экономикалық жағдайы Балқанда нығайды. Дубровниктің колониялары Балқан түбегінің барлық ірі қалаларында пайда болып, бұл колониялар ішкі өзін-өзі басқару құқықтарына ие болды. Венеция ықпалы Рагузаны басқарудың олигархиялық жүйесін нығайтуда айқын көрінді: 1235 жылы Ұлы кеңестің есігі жабылды, бұл нобилдер таптарын қаладағы билік монополиясына ие етіп, қарапайым азаматтардан бөлек шығарды.
Осы уақытқа жаңа заңнама мен басқару жүйесі енгізілді: кінәз — Кіші вече — Ұлы вече — Тағайындалғандар кеңесі (Сенат). Заңнама 1235 жылы күшіне енді. Мемлекетті басқару патрицийлердің міндеті, құқығы және ортақ қамы болды. Мемлекет басшысы — кінәз — 1 айға сайланды, кейінгі 2 жылда қайта сайлануға құқығы болған жоқ. Кінәз сенаттың шешімімен сайланды, теңдердің арасында бірінші болып есептелген, бірақ абсолютті билікке ие болған жоқ. Кіші вече 11 мүшеден тұрды және Сенат пен Ұлы веченің атқарушы органы қызметін атқарды. 18 жасқа толған патрицийлік отбасылардың барлық ер адамдары өмір бойы Ұлы веченің мүшесі болды. Ұлы вече жыл сайын Кіші веченің және Сенаттың мүшелерін сайлаған, салық, конституцияға өзгерістер сияқты мәселелер бойынша шешімдер қабылдады.
Дубровник аумағы біртіндеп кеңейді: XIII ғасырдың ортасында қала Ластово аралын қосып алды, 1333 жылы Сербиядан Пелешац түбегін сатып алдыPeter F. Sugar. Southeastern Europe Under Under Ottoman Rule, 1354—1804, University of Washington Press, ISBN 0-295-96033-7., 1983., ал 1345 жылы Млет аралы қосылдыA Short History of the Yugoslav Peoples, Cambridge University Press, ISBN 0-521-27485-0, 1985.. 1348 жылдың қаңтарында Дубровникте оба індеті таралды<ref>Ole J. Benedictow . The Black Death, 1346—1353, Boydell & Brewer, ISBN 0-85115-943-5</, 1973.</ref>.
Дубровник республикасы XIV ғасырдың ортасында Дубровник аристократиялық республикаға айналды. Дәл осы жылдары қала атауы өзгерді: Дубровник коммунасы () Дубровник республикасына () айналды. Республика кезеңінде қала өз даңқының шыңына жетіп, сәулеттік келбеті қалыптасты, славян ғылымы мен өнері қарқынды дамыды, бұл себептен Дубровник «Славян Афинасы» деп аталған болатын. Түрлі мемлекеттерге формалды бағынуына қарамастан, Дубровник республикасы 1808 жылы жойылғанға дейін шын мәнінде тәуелсіз мемлекет болып, Адрия мен Балқан түбегіндегі халықаралық саудада маңызды рөл атқарды. Республика ұраны: «Бостандық немесе өлім!».
1358 жылы, Венеция мажарлар патшасы I Лайош Ұлыдан жеңілгеннен кейін, Дубровник Мажарстанның үстемдігін мойындады. I Лайош пен архиепископ Джованни Сарака () арасындағы түпкілікті келісім 1358 жылдың 27 маусымында Вишеградта жасалды. Мажар патшаларының флоттары болмағандықтан, Республиканы басқарудағы ықпалы өте аз болдыKenneth Meyer Setton (1978). The Papacy and the Levant, 1204—1571 Vol. 2, DIANE Publishing, ISBN 0-87169-127-2, ал барлық билік жергілікті аристократтарда жинақталды. Венеця Дубровникті қайтадан өз бақылауына алу үшін үнемі әрекет етті, бірақ 1411 жылы Далмацияны жаулап алғаннан кейін де Дубровник республикасы тәуелсіз болып қалды. Венецядан босауы теңіз саудасының қарқынды өсуіне, сондай-ақ қаланың қолөнер орталығы ретінде маңызының артуына себеп болды. Қолөнер дамуы бойынша Дубровник далмациялық қалалардың ішіндегі италияндық коммуналарға тең болды.
1399 жылы республика аумағына Дубровник жағалауы — қала мен Пелешац түбегі арасындағы жер қосылды. Сонымен қатар, 1419 жылдан 1426 жылға дейін республика меншігіне Конавле маңындағы жерлер, соның ішінде Цавтат қаласы қосылды. Дубровник алған жерлер мен Сербия және Босниядағы еркін сауда құқықтары үшін жыл сайын салық төлеп отырды, соның ішінде Святодмитров салықтары, Стон мен Конавле салықтары.
XIV ғасырдың соңында Осман империясының Дубровник республикасына қауіп төндіруі артты. 1397 жылы, түріктер республика шекарасынан алыс болған кезде, сұлтан I Баязитпен алғашқы коммерциялық келісім жасалып, Осман империясымен еркін сауда қамтамасыз етілді. Республика 1458 жылы Портаның вассалы болып, жыл сайын (1481 жылдан бастап) 12 500 дукат мөлшерінде салық төлеуге міндеттелді. Бұл соманың үлкен бөлігі Пелешац түбегіндегі Стон қаласында жоғары сапалы тұз өндіруден түсетін пайдамен жабылып отырды. Дубровник сол кезеңдегі Еуропадағы христиан елдердің арасында осындай тиімді сауда артықшылықтарын алған жалғыз мемлекет болды (тіпті христиандар мен Осман империясы арасындағы соғыстар кезінде де бұл артықшылықтар жойылған жоқ). Осы кезеңде түрік билігінен қашқан славян халқының қалаға жаппай миграциясы орын алды. Бұл жағдай республика халқының құрамындағы далмат тілінің және романдық элементтердің ығыстырылуына алып келді, алайда ресми тіл италиян тілі болып қала берді — ол шектеулі билеуші аристократияның тілі еді.
Республика XV—XVI ғасырларда Венеция мен Осман империясы арасында баланс сақтап, нақты тәуелсіздігін қамтамасыз етіп, Жерорта теңізінде табысты сауда жасаағанымен, өзінің ең жоғарғы даму кезеңіне жетті. Дубровник Осман империясының Адриядағы негізгі сауда арнасына айналды. Еуропа мемлекеттерінің түріктерге қарсы соғыстарында бейтараптық саясатын ұстана отырып, Дубровник сауда байланыстарын сәтті кеңейтті. Республика Жерорта теңізіндегі ірі порттарының барлығында тұрақты өкілдіктерін ашты. 1580-1600 жылдар аралығында Дубровниктің сауда флоты 200-ден астам желкенді кемеден тұрды. Дубровник, Генуямен бірге, Жерорта теңізі мен Адрияда Венецяның басты қарсыласына айналды. Сонымен қатар, бұл қала мәдениет орталығы болып танылды — мұнда көптеген ақындар, жазушылар, суретшілер мен ғалымдар тұрды, олардың ішінде танымал драматург Марин Држич (1508—1567) және ақындар Иван Гундулич (1589—1638) мен Иван Бунич Вучич (1591/92—1658), Дуро Ферич (1739—1820) сияқты тұлғалар болды.