Құсбек мазары – Қарағанды облысының жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енген тарихи, діни-сәулет өнері ескерткіші.
Орналасқан жері Қарқаралы ауданы, Бүркітті ауылынан солтүстікке қарай 2 км жерде орналасқан.
Тарихи деректер Ескерткіш XIX ғасырда өмір сүрген Орталық Қазақстанға белгілі кісі, тариғи тұлға – Құсбек сұлтан Бөкейхановқа арналып салынған (патша ведомостволық құжаттарында Таукин деген атпен кездеседі). Шындығында бұл Талды өзені алқабындағы Бақты, Кент тауларын жайлаған Бөкейхановтардың бір тармағы өкілдерінің әулеттік қорымы болып табылады. Мазар XIX ғасырдың екінші жартысында Құсбек сұлтан өлген соң әкесі Тәуке Бөкейхановтың моласының жанына салынады. Мазардың орнына алғаш жерленген осы Тәуке Бөкейханов болуы мүмкін. Қолдағы бар мәліметтер бойынша мұнда Бөкейханның ұрпақтары Құсбек, Түбек, Ысмайыл (Ысмайылхан) және олардың әйелдері мен тағы басқа ағайындары жерленген. Жергілікті халық арасында тараған ауыз әңгімелерде мазарға қарама-қарсы көзі тірісінде: "О дүниелік бола қалсам "жақсылығын көп көрген Құсекем жанына қойыңдар" деп "аманаттап" кеткен атақты Шөже Қаржаубайұлының (1808-1895) моласы тұр" дейді.
Мазар сипаты Мазар – саман кірпіштен киіз үй пішіндес етіп және жапсарластыра салған бірнеше күмбезді сәулеттік кешен болып табылады. Құрылыстың ішкі диаметрі – 8 м, қабырғасының қалыңдығы – 1,2 м. Құсбек мазарын ең алғаш рет 1890 жылдардың соңында Кунсткамераның (Санкт-Петербург) қызметкері С.М. Дудин суретке түсірген. Ескерткіш тек әр жері бүлінгені болмаса бізге жақсы сақталған күйінде жетті. Саман кірпіштің құрамында жылқының қылы болғаны көрінеді. Халық жадында сақталған аңыз бойынша мазар құрылысына атсалысқан адамның көптігі соншама (төрт болыстың адамы келген), су ішкен жылқының көптігінен Талдының суы сарқылған. Қырық ту бие сойылып, құйрық-жалдарын түгел күзеп, биенің сүтіне араластырып кірпіш құйған, сол кірпіштердің лайын құю кезінде қырыққа жуық қыз жалаңаяқ басып, илеген екен (мәлімет беруші Ғ. Сәрсенбаев, 1902 ж.т. Кент ауылы, А.З. Бейсеновтің қолжазбасы). 2009 жылы Қарағанды облысының мәдениет басқармасының басшылығымен мазарға консеравациялық және абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, айналасы металл қоршаумен қоршалып, мемлекеттік қорғау тақтасы қойылды.Қазақстанның киелі орындарының географиясы: Табиғат, археология, этнография және діни сәулет өнері нысандарының тізілімі / Жалпы редакциясын басқарған ҚР ҰҒА академигі Байтанаев Б.Ә. – Алматы: Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институты, 2017 – 1-шығарылым. – 904 б. ISBN 978-601-7312-78-7
Дереккөздер
Санат:Қазақстан кесенелері Санат:Қарағанды облысының жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштері Санат:Қарағанды облысы сәулеті