Қысқарған сөздер – екі, үш немесе одан да көп сыңарлардан тұратын күрделі атаулардың ықшамдалған тұлғалары. Бірнеше сөзден құралып, сөздердің тіркесуі арқылы жасалған түрлі ұғымдардың атаулары қысқарымдарға негіз болады да, олардың құрылымы ықшамдалып, өзгеріске ұшырайды. Қазақ тілі лексикасының құрамындағы сөздердің тиісті буындары мен қайсыбір компоненттерінің басқы əріптерін қысқарту арқылы терминжасау тəсілі ғылым мен техниканың өрлеу заманында, əсіресе, активтене түсіп, терминжасамның негізгі көзінің біріне айналып барады.

Қысқарған сөздердің жасалу жолдары 1.Әріптік қысқарымдар Екі немесе одан да көп сөздер тіркесімінен құралған күрделі атаулар құрамындағы сыңарлардың басқы дыбыстарынан құралған қысқарымдар. Мысалы, АҚ (акционерлік қоғам), АҚШ (Америка құрама штаттары), ЕК (Еуропалық Кеңес), ЕКПА (Еуропа Кеңесі Парламентік Ассамблеясы), ҚТЖ (Қазақстан темір жолы) т.б.

2.Буындық қысқарымдар Күрделі атаулар сыңарларының негізінен басқы буындарынан құралған қысқарымдар. Мысалы, кеңшар, ұжымшар, Ономком, Терминком.

3. Аралас қысқарымдар Күрделі атауларды құрайтын сыңарларының басқы буындары мен бастапқы дыбыстарынан құралатын қысқарымдар. Яғни, сөз тудырудың мұндай жағдайында қысқарған сөз жасаудың екі түрлі тəсілі де, əріптік жəне буындық қысқарту да пайдаланылады. Мысалы, ҚазТАГ, ҚазҰУ, АлМУ т.б.Құрманбайұлы Ш. Қазақ тіліндегі қысқарған сөздер (2008–2012 жылдардағы баспасөз материалдары бойынша). – Алматы: «Баспалар үйі», 2013. – 296 б. Қысқарған сөздердің модельдері 1. Толық мағыналы екі не үш сөздің басқы буындарын қысқарта біріктіру арқылы жасалған, сондай-ақ бірінші компоненттерінің бірінші буыны мен соңғы компоненттің толық түрінен құралған терминдер: колхоз, совхоз т.б. Қысқартудың бұл тəсілі онша өнімді сапаға көше алған жоқ.

2. Бірінші сөздің алғашқы буыны мен келесі сөздердің басқы əріптерінен қысқарған терминдер: ҚазТАГ, ҚазПИ, ҚазМУ т.б.

3. Əр алуан техника атаулары фото-, теле-, радиоаспаптары, медицина жəне басқа ғылым салаларында қолданылатын құрал-саймандар маркалары мен модельдері: АН-24, ГАЗ-24, А-АТ,ТУ-104,ИЛ-62 т.б. Айтбайұлы Ө. Қазақ тіл білімінің терминологиясы мəселелері. – Алматы: «Абзал-Ай» баспасы, 2013. – 400 б.