Гомилетика – («гомилэтэс», «гомилия» - «әңгімелесу», «тыңдаушы», «шәкірт», «жолдау», «жиналыс» деген бірнеше мағынаны білдіретін көне грек сөзінен шыққан) діни оқу орындарында міндетті түрде оқытылуға тиіс арнайы пәнге айналды. Мұнда діни адамдарды ауызекі сөйлеуге, практикалық медитативті жаттығуларға, кәсіби деңгейде уағыз айтуға оқытатын. Дәрістерде уағыздың түрлері, оны дайындаудың техникалары, құрылымы мен айту тәсілдері бүге-шігесіне дейін талданып, мұқият сараланатын еді. Уағыздың ортағасырда өзекті болғаны соншалық, риторика осы кезеңнен бастап мектептер мен университеттерде оқытылатын Варрон білім жүйесіндегі міндетті «жеті еркін ғылымның» біріне айналды. Бұл жеті ғылым өзіндік ерекшеліктеріне қарай қазіргі гуманитарлық және нақтылы дегенге ұқсас екі топқа жіктелетін: 1) тривиум – грамматика, риторика және диалектика; 2) квадривиум – арифметика, музыка, геометрия және астрономия. Діни дүниетанымға, уағызға деген қоғам тарапынан жасалған мұндай ықыластың, айрықша көзқарастың із-түзсіз кетпейтіні анық еді. Сұранысқа сәйкес түрлі діни әдебиеттер, оқулықтар мен әдістемелік құралдар пайда бола бастады. Алғашқы гомилетика туралы трактаттар – Августин Аврелийдің «Христиан ілімі туралы» (De doctrina christiana) атты еңбегі мен Григорий Двоесловтың «Пастыр ережесі» (Regulae pastoralis liber) атты шығармалары болатын. Ортағасырда Франция, Германия, Италияда дамыған риторика негізінен антикалық дәуір мұраларын қайта ой елегінен өткізіп, оларға жаңаша баға берді. Сол кезеңдегі әдебиет пен өнердегі көркемдік ағымдар барокко мен классицизмдердің шығармашылыққа ықпалы болғанымен, негізінен риторика уағызға бейімделген схоластикалық сипатта дамыды Ахетов М.Қ. Қазақтың шешендік өнері. Генезиз. Типология. Поэтика. Үш томдық. І том Алматы, 2025.
Христиандықтағы гомилетиканың пәні Христиандық гомилетика пастырлық қызметпен тығыз байланысты. Діни қызметкер қызметке кіріскен кезде алатын міндеттердің қатарына прихожандарға рухани тәлім-тәрбие беру кіреді. Бұл міндет уағыз айту барысында жүзеге асады және гомилетиканың зерттеу нысаны болып табылады. Сонымен қатар, гомилетика уағызды халыққа арналған сөз, яғни шешендік өнер түріндегі сөйлеу ретінде қарастырады. Ол қажетті ойды жеткізудің ең тиімді әдістерін анықтауға ұмтылады және уағыз өз мақсатына жетуі үшін сол әдістерді орынды қолдануға үйретеді. Гомилетиканың атауларының бірі – пастырлық богословие. Бұл атау уағыздың богословиемен тығыз байланысын көрсетеді. Гомилетика басқа да богословиялық пәндермен қатар христиандық діни оқу орындарында оқытылады.
Дереккөздер