Ыбырайым Қалдыбаев (1918–2008) — Ұлы Отан соғысының ардагері, Даңқ орденінің толық иегері.
Өмірбаяны Ыбырайым Қалдыбаев 1918 жылы 6 қаңтарда Алматы облысы, Кеген ауданындағы Қарабұлақ ауылында дүниеге келген.
1942 жылы өз еркімен майданға аттанып, алғашқы әскери дайындықтан Душанбе қаласында өтті. Ол 4-ші кавалериялық корпустың 61-ші кавалериялық дивизиясына қарасты 13-ші жеке атты артиллериялық дивизион құрамында артиллерист-барлаушы қызметін атқарды.
1942 жылдың 19 қарашасында Сталинград түбіндегі шайқаста алғаш рет ұрысқа қатысты. Сонымен қатар Орлово–Курск иініндегі, Днепрден өту кезіндегі және Лоево қаласы маңындағы шайқастарға қатысқан.
І Белорус майданы құрамында Мозырь және Варшава қалаларын азат етуге үлес қосты.
Марапаттары Соғыста көрсеткен ерлігі үшін Ыбырайым Қалдыбаев Даңқ орденінің толық иегері атанып, бірнеше медальдармен марапатталған. Сондай-ақ Жоғарғы Бас қолбасшы тарапынан 10 рет алғыс жарияланған.
Соғыстан кейінгі өмірі Соғыстан кейін Нарынқол және Шелек аудандарында ауыл шаруашылығы саласында еңбек етті. 1978 жылдан бастап зейнеткерлікке шыққан. “Қазақстан” ауылының құрметті азаматы атанған.
Қайтыс болуы Ыбырайым Қалдыбаев 2008 жылы 10 маусымда Қазақстан ауылында қайтыс болды.
Санат:1918 жылы туғандар Санат:2008 жылы қайтыс болғандар Санат:Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлері Санат:Қазақстан батырлары