«Ешкім» () — Дерек Колстадтың сценарийі бойынша режиссер Илья Найшуллер түсірген америкалық комедиялық атыс-шабыс. Басты рөлдерде: Боб Оденкерк, Конни Нильсен, Алексей Серебряков және Кристофер Ллойд. Фильм үйіне қарақшылар басып кіргеннен кейін қауіпті жолға түскен және енді қылмыс әлемінің беделділеріне қарсы тұруға мәжбүр болған отбасылы ер адам туралы баяндайды. Фильмнің продюсерлері — Оденкерк пен Дэвид Литч.
Фильм АҚШ прокатына 2021 жылғы 26 наурызда шықты; Universal Pictures оның дистрибьюторы болды. Фильм әлемдік прокатта 57,5 миллион доллар жинап, Оденкерктің экшн-сахналардағы шеберлігі мен актерлік ойынын жоғары бағалаған сыншылардың оң пікірлерін алды. «Ешкім 2» жалғасының премьерасы 2025 жылдың 15 тамызына жоспарланған.
Сюжеті Хатч Мэнселл — жасы ортадан асқан, қайын атасы Эдди Уильямстың зауытында кеңсе қызметкері болып жұмыс істейтін ер адам. Оның өмірі бір-бірінен еш айырмашылығы жоқ, шексіз қайталана беретін «суыр күнін» еске түсіреді.
Хатчтың жұбайы Бекки күйеуінен бірте-бірте алшақтай бастаған, жасөспірім ұлы Блейкпен тіл табысу қиындап барады, тек кішкентай қызы Сэмми ғана әкесіне ерекше бауыр басқан. Хатч — өте қарапайым жан, ештеңесімен ерекшеленбейді. Тіпті ұлы мектептегі шығармасы үшін әскерде болған туыстары туралы сұрағанда, Хатч өзінің бар болғаны кішіпейіл аудитор болғанын айтып, баласын жаяу әскерде «нағыз» қызмет еткен ағасына жібереді.
Бірде түнде Мэнселлдердің үйіне қарақшылар басып кіреді. Олар Хатчтың сағаты мен аздаған қолма-қол ақшасын үптеп кетеді, сондай-ақ неке сақинасын да тартып алғысы келеді. Блейк шабуылдаушылардың бірін ұстап алып, бұған кедергі жасайды, ал Хатчтың өзі екіншісін гольф таяғымен ұрып құлатуға мүмкіндігі бола тұра, оны істемейді және олардың тыныш кетуіне жол береді. Мақтаншақ көршісі, қайын інісі, тіпті шақыртумен келген жас полицей де Мэнселлді: «Егер мен сіздің орныңызда болғанымда...» деп сөгеді. Бірақ әкесі мен қайын атасы — көнекөз қарттар — Хатчтың ісін толықтай дұрыс деп есептейді.
Келесі күні кешке Сэмми ұсақ тиындар салынған вазада жатқан өзінің сүйікті мысықтары бар білезігі жоғалып кеткеніне шағымданады. Хатч қарақшылардың бірінің қолынан татуировканы көрген болатын және шабуылдаушыларды тату-салондары арқылы тауып алудан үміттенеді. Ол үшін ол қарттар үйінде тұратын қарт әкесі Дэвидке барып, оның ФТБ қызметкерінің ескі белгісі мен револьверін уақытша алып кетеді. Хатч латиноамерикандық ерлі-зайыптыларды тауып, олардан өз сағатын тартып алады және қызының білезігін қайтаруды талап етеді. Олар не туралы сөз болып жатқанын мүлдем түсінбейді. Мэнселл оларға қатысты өте қатал әдістерді қолдануға оқталады, бірақ кенеттен қарақшылардың кішкентай, оның үстіне ауру баласы бар екенін біліп, ашумен пәтерден шығып кетеді.
Үйіне қайтып бара жатқанда, Хатч мінген автобусқа өздерін өте агрессивті ұстайтын мас жігіттер тобы кіреді. Сол автобуста келе жатқан қызды қорғап және ішіндегі ызасын тарқататын адам табылғанына қуанып, Хатч бесеуін де жалғыз өзі аяусыз соққыға жығады.
Кейінірек оның өгей ағасы Гарри Хатчтың басына үлкен қиындық түскелі тұрғанын ескертеді, өйткені соққыға жығылғандардың бірі — қазір өлім аузында жатқан Тэдди Кузнецов (Хатч оның кеңірдегін сындырып, автобустың ішінде қалта пышағымен және кока-коланың түтікшесімен трахеотомия жасағанына қарамастан) Юлиан Кузнецовтың інісі болып шығады.
Хатч Кузнецовтың жай ғана қауіпті қарақшы немесе қатыгез социопат емес, сонымен қатар орыс мафиясының ірі тұлғасы, миллиондаған долларлық «общактың» күзетшісі екенін анықтайды. Юлиан інісін ашық түрде жек көргенімен, беделін жоғалтпау үшін бұл оқиғаны жазасыз қалдыра алмайды.
Хатч туралы барлық ақпарат құпия болғанына қарамастан, Кузнецовқа жұмыс істейтін компьютер маманы Пентагондағы досын бопсалап, Хатч туралы деректерге қол жеткізеді. Мәнселлдің кім екенін білген бойда, ол тіпті ақшасын да алмай, жұмыс берушісінен біржола кетіп қалады.
Юлианның адамдары Хатчтың үйіне шабуыл жасайды. Хатч отбасын жертөлеге жасырып, шабуылдаушылардың көбісінің көзін жояды, бірақ соңында оны электрошокермен есеңгіретіп, көлікке тиеп әкетеді. Хатч жүк салғыштан шығып үлгеріп, қалған қарақшыларды да жояды. Ол Беккиден балаларды алып, біраз уақытқа кете тұруын сұрайды, ал өзі қарақшылардың денелерімен бірге үйді өртеп жібереді. Осы кезде ол баяғы мысықтары бар білезікті тауып алады.
Хатч Кузнецовтың өлім аузында жатқан досымен сөйлескенде, өзінің ОБА-дың «аудиторлар» деп аталатын, заңнан тыс жазалаушылар тобында қызмет еткенін құлықсыз мойындайды. Белгілі болғандай, бір күні ол өзі жоюы керек болған әскери қазынашыны аяп, тірі қалдырған. Бір жылдан кейін сол адамның қарапайым, адал отбасылық өмір сүріп жатқанын көргенде: «Мен қызғаншақ емеспін, бірақ сол сәтте мен де сондай өмір сүргім келді», — дейді. Содан кейін Мәнселл басшылығының еркіне қарсы отставкаға кетіп, содан бері өткен өміріне оралмау үшін барын салған.
Хатч Кузнецовты әдейі арандатып, оны ашу үстінде ойланбастан іс-қимыл жасауға итермелейді. Ол оққағарларды атып тастап, қылмыстық әлемнің жүздеген миллион доллар қолма-қол ақшасы жиналған «общагын» және Юлианның соған тең келетін құнды суреттер коллекциясын өртеп жібереді. Тіпті Хатч бандитке «сөйлесуге» жалғыз өзі келеді, бірақ қолында іске қосулы тұрған жаяу әскерге қарсы минасы болады. Ашуға мінген Юлиан барлық жандайшаптарын жинап, Хатчты өлтіру үшін зауытқа аттанады. Бірақ Мэнселлдің де дайындығы одан кем түспейді: ол зауытты зейнетке шыққан қайын атасынан сатып алып, толық иесі ретінде зауыт іші мен аумағын «қонақтарды» қарсы алу үшін түрлі қақпандармен жабдықтап қойған болады.
Хатчқа көмекке оның әкесі мен өгей ағасы келеді. Олар үшеулеп бандиттердің көзін жояды. Полиция Хатчты тұтқындайды, бірақ «жоғарыдан» келген қоңыраудан кейін оған ешқандай айып тағылмай, босатылады.
Үш айдан кейін Беккимен бірге жаңа үй сатып алып жатқанда, Хатчқа оның қызметі әлі де қажет екенін білдіретін қоңырау түседі. Титрлар кезіндегі сахнада Гарри мен Дэвид қару-жараққа толы фургонмен белгісіз бағытқа кетіп бара жатады
Рөлдерде
Боб Оденкерк — Хатч «Ешкім» Мэнселл, ОБА-да қызмет еткен бұрынғы аса құпия жоюшы-агент Алексей Серебряков — Юлиан Кузнецов, қылмыс әлемінің беделдісі, орыс мафиясының «общагын» сақтаушы Конни Нильсен — Ребекка «Бекка» Мэнселл, Хатчтың әйелі Кристофер Ллойд — Дэвид Мэнселл, Хатч пен Гарридің әкесі, ФТБ-дің бұрынғы офицері Майкл Айронсайд — Эдди Уильямс, Хатчтың қайын атасы әрі бастығы Колин Сэлмон — «Тақырбас» RZA — Гарри Мэнселл, Хатчтың ағасы және Дэвидтің ұлы Билли Маклеллан — Чарли Уильямс, Эддидің ұлы және Хатчтың қайын інісі Арая Менгеша — Павел, Юлианның сыбайласы Гейдж Манро — Блейк Мэнселл, Хатчтың ұлы Пэйсли Кэдорат — Сэмми Мэнселл, Хатчтың қызы Александр Паль — Фёдор Кузнецов, Юлианның інісі Умберли Гонсалес және Эдссон Моралес — Люпита мен Луис Мартиндер, Хатчтың үйін тонаған ерлі-зайыптылар Джей Пи Ману — Даррен, Пентагонның жемқор агенті Илья Найшуллер — Анатолий, Дэвидті өлтіруге жіберілген бандит Сергей Шнуров — Валентин, Дэвидті өлтіруге жіберілген бандит Дарья Чаруша — Юлианның сыбайласы Пол Эссимбр — Джим, Хатчтың көршісі Кристен Харрис және Эрик Атаваль — детективтер Даниэл Бернхардт, Ален Мусси және Стефан Жюльен — автобустағы бұзақылар
Өндірісі 2018 жылдың қаңтарында Боб Оденкерктің фильмнің актерлік құрамына қосылғаны белгілі болды. Фильм режиссері — Илья Найшуллер, ал сценарий авторы — Дерек Колстад. Оденкерк Дэвид Литчпен бірге фильмнің продюсерлерінің бірі болды. Колстад, Марк Фишер, Энни Мартер және Тоби Магуайрмен бірге атқарушы продюсер қызметін атқарды. Фильмнің дистрибьюторы бастапқыда STX Entertainment компаниясы болуы тиіс еді. Алайда 2019 жылдың сәуір айында Universal Pictures фильмді прокаттау құқығын STX компаниясынан сатып алды. 2019 жылдың қазан айында актерлік құрамға Конни Нильсен мен Кристофер Ллойд қосылды.
Түсірілім кезеңі 2019 жылдың қыркүйегінде Лос-Анджелесте басталып, 34 күнге созылды.
Шығарылымы Бастапқыда фильмнің АҚШ-тағы премьерасы 2020 жылдың 14 тамызына жоспарланған болатын, алайда COVID-19 пандемиясының әсерінен ол кейінге қалдырылды. Фильм Қазақстанда прокатына 2021 жылғы 22 сәуірде, ал АҚШ-та 26 наурызда шықты. Ұлыбританиядағы премьерасы 2021 жылдың 9 маусымында өтті.
2021 жылдың 8 маусымында фильм цифрлық платформаларда, ал 22 маусымда DVD және Blu-Ray форматтарында жарық көрді.
Пікірлері Rotten Tomatoes сайтында фильмнің «балғындық» рейтингі 274 рецензия негізінде 84%-ды құрады, ал орташа бағасы — 10-нан 7,5.
Chicago Sun-Times басылымының сыншысы Ричард Ропер фильмге 4 жұлдыздан 3 жұлдыз беріп, былай деп жазды: «Ең таңғалдыратыны — Оденкерк. Ол Хатчтың нағыз экшн-жұлдызына айналатын сәті туғанша, сырттай да, сөзімен де соғыс фильмдерінің кейіпкеріне мүлдем ұқсамайды. Біз мынаған кәміл сенеміз: бұл қарапайым әрі жуас көрінетін жігіт — кез келген сәтте қолдағы шәйнекпен-ақ адам өлтіре алатын, қайнап жатқан ызаның ошағы».
Болашақ
2021 жылдың наурызында Дерек Колстад «Ешкім» фильмінің әлемі мен «Джон Уик» франшизасы арасындағы ықтимал кроссовер туралы мәлімдеді, дегенмен оларға құқықтар әртүрлі компанияларға — тиісінше Universal Pictures және Lionsgate-ке тиесілі. Екі фильмді де Колстад жазған және «Ешкім» фильмінің продюсері Келли Маккормиктің жұбайы Дэвид Литч продюсерлік еткен. Оның айтуынша, бұл франшиза немесе кинематографиялық әлем түрінде емес, кішкентай пасха жұмыртқасы форматында болуы мүмкін. Сол айдың соңында режиссер Илья Найшуллер кроссовер идеясына түсініктеме беріп, фильмдердің әртүрлі дистрибьюторлары бар екеніне назар аударды: «Менің бар айтарым осы. Яғни, бәрі де болуы мүмкін. Әрине, біртүрлі жағдайлар болып тұрады, бірақ... иә».
2021 жылдың маусымында Колстадтың жалғасы үшін сценарий жазып жатқаны белгілі болды, бірақ студия ресми түрде «жасыл жарық» берген жоқ. 2022 жылдың наурызында 87 North Productions компаниясы өзінің әлеуметтік желілері арқылы сиквелдің әзірленіп жатқанын растады.
Дереккөздер
Санат:Илья Найшуллердің фильмдері Санат:2021 жылғы АҚШ фильмдері Санат:2021 жылғы атыс-шабыс фильмдер Санат:АҚШ атыс-шабыс фильмдері Санат:АҚШ триллерлері Санат:COVID-19 пандемиясына байланысты кейінге қалдырылған фильм премьералары Санат:Universal Pictures фильмдері Санат:АҚШ комедиялық атыс-шабыс фильмдері