«Адам баласы» () — 2006 жылғы антиутопиялық атыс-шабыс триллер, режиссер әрі сценарийдің соавторы Альфонсо Куаронның алтыншы толықметражды фильмі. Филлис Дороти Джеймстің 1992 жылғы «» романына негізделген сценарийді бес жазушы бірігіп жазған, ал Клайв Оуэн титрде көрсетілмеген үлес қосқан. Фильмдегі оқиға 2027 жылы, екі онжылдыққа созылған жаппай адамзаттық бедеулік қоғамды күйреу шегіне жеткізген кезде өрбиді. Баспана іздеушілер Ұлыбританиядан пана іздейді, алайда үкімет тарапынан олар ұсталып, депортациялауға ұшырайды. Клайв Оуэн хаос ортасында қалған босқын қыз Киге () құтылуға көмектесетін мемлекеттік қызметкер Тео Фаронның рөлін сомдайды. Фильмде сонымен қатар Джулианна Мур, Чиветель Эджиофор, Пэм Феррис, Чарли Ханнэм және Майкл Кейн түскен.

Фильмнің тұсаукесері 2006 жылғы 3 қыркүйекте 63-ші Венеция кинофестивалінде өтті, онда ол басты награда — «Алтын арыстан» жүлдесі үшін режиссер Цзя Чжанкэнің «Натюрморт» картинасымен бәсекелесті. Фильмді Universal Pictures компаниясы 2006 жылғы 22 қыркүйекте Ұлыбританияда, ал 2006 жылғы 25 желтоқсанда АҚШ-та прокатқа шығарды. Дистрибьютор тарапынан марапаттар маусымы кезінде шектеулі көрсетілім мен нақты маркетингтік стратегияның мүлдем болмағанына қарамастан, «Адам баласы» фильмі сыншылардың жоғары бағасына ие болды және сценарийі, операторлық жұмысы, көркемдік жетекшілігі мен бір кадрмен түсірілген жаңашыл экшн-сахналары үшін танылды. Туынды «Үздік бейімделген сценарий», «Үздік операторлық жұмыс» және «Үздік монтаж» номинациялары бойынша 3 «Оскар» сыйлығына ұсынылды. Сонымен қатар ол 3 BAFTA сыйлығына ұсынылып, «Үздік операторлық жұмыс» және «Қоюшы суретшінің үздік жұмысы» марапаттарын жеңіп алды, сондай-ақ 3 «Сатурн» сыйлығына ұсынылып, «Үздік ғылыми-фантастикалық фильм» аталымында үздік шықты. 2016 жылы бұл туынды бүкіл әлемнен жиналған 117 киносыншы XXI ғасырдың ең үздік туындылары деп таныған 100 фильмнің ішінде 13-орынға жайғасты.

Фильмнің сюжеті әдеби нұсқасынан айтарлықтай ерекшеленеді; экрандау барысында тек кейіпкерлер ғана пайдаланылып, ал оқиғалар желісі мүлдем басқа бағытта өрбиді. Картина 76 000 000 доллар бюджетімен небары 70 000 000 доллар жинап, кассада сәтсіздікке ұшырады, бірақ әлемнің жетекші киносыншыларының оң бағасын алды.

Сюжеті 2027 жыл. Жаппай бедеулік адамзатты тығырыққа тіреді — соңғы сәбидің дүниеге келгеніне 18 жыл өткен. Бүкіл әлемді хаос жайлаған, тек мемлекетті әскери лагерьге айналдырған Ұлыбритания ғана тәртіпті сақтап тұр. Заңсыз иммигранттар елге кіруге тырысқанымен, оларды ұстап, торға қамайды, аралдан депортациялайды және атып тастайды.

Тео Фарон — бұрынғы саяси белсенді, ұлының өлімі мен әйелімен ажырасудан кейін айналада болып жатқан оқиғаларға мүлдем бей-жай қарайды. «Балықтар» террорлық ұйымының мүшелері Теоны ұрлап әкетеді. Террористер жетекшілерінің бірі, Теоның бұрынғы әйелі Джулиан Тейлор оған шекарадағы тексерістен айналып өтіп, елден кетуі керек жас босқын қыз Кидің еркін жүріп-туру рұқсат қағазы үшін 5000 фунт ұсынады. Немере ағасы Найджелдің көмегімен Тео құжаттарды қолға түсіреді. Алайда, алынған рұқсат қағазы Киге тек Теомен бірге ғана жүріп-тұруға мүмкіндік береді. Джулиан өзінің серіктестерінің қолынан қаза тапқаннан кейін, Ки Теоға өзінің басты құпиясын ашады — ол жүкті екен. Джулиан оны қазіргі тығырықтан шығудың жолын іздеп жүрген жұмбақ ғалымдар тобы — «Адамзат» жобасына жеткізбекші болған еді. «Балықтар» ұйымы баланы саяси құрал ретінде пайдалануды жоспарлап отырғанын білген соң, Ки, Тео және акушер Мириам лаңкестер лагерінен қашып шығады. Мириам «Адамзат» жобасының кемесімен кездесу геттоға айналған босқындар лагері — Бексхилл қаласының маңындағы теңізде белгіленгенін түсіндіреді. Теоның ескі досы, бұрынғы саяси карикатурист Джаспер олардың қалаға заңсыз гастарбайтерлер кейпінде өтуін ұйымдастырады. Кидің ізіне түскен лаңкестер Джасперді өлтіріп кетеді.

Тео мен Ки Бексхиллге кірген сәтте, Кидің толғағы басталады. Мириам шекарашылардың назарын басқа жаққа аудару үшін өзін діни фанат етіп көрсетіп, тұтқындалады. Бексхиллдегі қараусыз қалған үйлердің бірінде Ки қыз бала дүниеге әкеледі. Олардың жасырынған жері әшкереленіп қалғанымен, Маричка есімді қарт үй иесі оларға сыртқа шығуға көмектеседі. Осы кезде жеткен «Балықтар» тобы басты кейіпкерлерді қолға түсіреді, алайда басталған көше шайқастары мен хаос кезінде Тео қашып үлгереді. Ол британ әскері қоршауға алған көпқабатты ғимарат ішінен Киді тауып алады. Бірақ Джулианның орнына «Балықтар» лаңкестік ұйымының жаңа жетекшісі болған Люк Теоны атып, жаралап үлгереді. Жаңа туған нәрестені көргенде, сарбаздар мен көтерілісшілер бір сәт атысты тоқтатып, қашқындарды өткізіп жібереді.

Шайқас қайта басталғанда, Тео Маричканы, ал оның көмегімен қайықты тауып алады. Дәл «Адамзат» жобасының кемесі тұман арасынан көрінген сәтте, жараланған Тео көп қан жоғалтудан есінен танып қалады. Бала мен Кидің одан арғы тағдыры белгісіз болып қала береді. Алайда фильмнің соңғы титрлері жүріп жатқанда бала күлкісі естіледі, ал туынды жақсылыққа деген үміт сыйлайтын санскрит тіліндегі эпилогпен аяқталады.

Рөлдерде Клайв Оуэн — Теодор Фарон, бұрынғы саяси белсенді. — Ки, соңғы 18 жылда Жер бетінде жүкті болғаны белгілі жалғыз әйел, қара нәсілді қыз. Джулианна Мур — Джулиан Тейлор, «Балықтар» террорлық тобының жетекшісі, Теоның бұрынғы әйелі. Майкл Кейн — Джаспер Палмер, Теоның досы, бұрынғы саяси карикатурист. Чиветел Эджиофор — Люк Чарли Ханнэм — Патрик Пэм Феррис — Мириам Питер Маллан — Сид Дэнни Хьюстон — Найджел, Теоның немере ағасы. Оана Пелля — Маричка Пол Шарма — Иэн Яцек Коман — Томаш Темина Санни — Зара

Түсірілім тобы Режиссері: Альфонсо Куарон Продюсерлері: Марк Абрахам (Marc Abraham), Эрик Ньюман (Eric Newman), Хилари Шор (Hilary Shor), Иэйн Смит (Iain Smith), Тони Смит (Tony Smith) Атқарушы продюсерлері: Армян Бернштейн (Armyan Bernstein), Томас Блисс (Thomas A. Bliss) Сценарий авторлары: Альфонсо Куарон, Дэвид Арата (David Arata), Тимоти Секстон (Timothy J. Sexton), Марк Fergus (Mark Fergus), Хок Остби (Hawk Ostby) Филлис Дороти Джеймстің осы аттас романы бойынша Операторы: Эммануэль Любецки Композиторы: Джон Тавенер Монтаж: Альфонсо Куарон, Алекс Родригес (Alex Rodríguez)

Universal Pictures кинокомпаниясының өнімі (бюджеті 76 млн доллар). Тұсаукесері 2006 жылдың 3 қыркүйегінде Венеция кинофестивалінде өтті. Экрандарға 22 қыркүйектен бастап шықты (Ұлыбритания және Ирландия).

Саундтрегі «Hush» (Deep Purple) — 4:25 «Witness (1 Hope)» (Roots Manuva) — 4:14 «Tomorrow Never Knows» (Джуниор Паркер) — 3:30 «Sleepy Shores» (Майкл Прайс) — 2:52 «The Court of the Crimson King» (King Crimson) — 4:49 «Backward» (Kode9, Spaceape) — 4:33 «Wait» (The Kills) — 4:47 «There Is an Ocean» (Донован) — 4:47 «Ruby Tuesday» (Франко Баттиато) — 3:37 «Money Honey» (Warrior Queen, Кевин Мартин) — 3:46 «Arbeit Macht Frei» (The Libertines) — 1:15 «Indian Stomp» (Cyrus) — 3:29 «Bring on the Lucie (Freda Peeple)» (Джон Леннон) — 4:13 «Running the World» (Джарвис Кокер) — 4:43 «Хиросима құрбандарына жылау» (Кшиштоф Пендерецкий)

Шығарылымы Фильмнің Ұлыбританиядағы прокаты 2006 жылғы 22 қыркүйекте басталды. Фильмнің Қазақстандағы прокаты 2006 жылғы 19 қазанда басталды. Фильмнің АҚШ-тағы прокаты Рождество мерекесіне орай 2006 жылғы 25 желтоқсанда басталды.

Марапаттары мен номинациялары Марапаттардың толық тізімін IMDb.com сайтынан қараңыз. 2007 — «Оскар» сыйлығының 3 номинациясы: «Үздік бейімделген сценарий» (Альфонсо Куарон, Тимоти Дж. Секстон, Дэвид Арата, Марк Фергус, Хоук Остби), «Үздік монтаж» (Альфонсо Куарон, Алекс Родригес), «Үздік операторлық жұмыс» (Эммануэль Любецки) 2007 — BAFTA-ның 2 марапаты: «Үздік операторлық жұмыс» (Эммануэль Любецки), «Қоюшы суретшінің үздік жұмысы» (Джеффри Керкленд, Джим Клэй, Дженнифер Уильямс), сондай-ақ «Үздік визуалды эффектілер» номинациясы (Фрейзер Черчилль, Тим Уэббер, Майк Эймс, Пол Корболд) 2007 — «Сатурн» сыйлығының «Үздік ғылыми-фантастикалық фильм» марапаты, сондай-ақ 2 номинация: «Үздік режиссер» (Альфонсо Куарон), «Үздік ер адам рөлі» (Клайв Оуэн) 2006 — Венеция кинофестивалінің екі жүлдесі: *Бірегей техникалық үлес үшін «Алтын Озелла»* (Эммануэль Любецки), *«Laterna Magica»* (Альфонсо Куарон), сондай-ақ *«Алтын Арыстан»* номинациясы (Альфонсо Куарон)

Дереккөздер

Сыртқы сілтемелер Фильмнің ресми сайты Фильмнің жарнамалық трейлері Фильм галереясы Фильмді жасаушылардың LA Times газетіне берген сұхбатында Клайв Оуэннің New York Magazine журналына берген сұхбаты

Пікірлер

Санат:2006 жылғы Ұлыбритания фильмдері Санат:2006 жылғы АҚШ фильмдері Санат:2006 жылғы қиял-ғажайып фильмдер Санат:Антиутопиялық фильмдер Санат:2000 жылдардағы антиутопиялық фильмдер Санат:Ұлыбританияның антиутопиялық фильмдері Санат:Ұлыбританияның драмалық фильмдері Санат:АҚШ драмалық фильмдері Санат:Ұлыбританияның ғылыми-фантастикалық фильмдері Санат:АҚШ ғылыми-фантастикалық фильмдері Санат:Ұлыбританияның шытырман оқиғалы фильмдері Санат:АҚШ шытырман оқиғалы фильмдері Санат:Ұлыбританияның триллер фильмдері Санат:АҚШ триллер фильмдері Санат:АҚШ постапокалиптикалық фильмдері Санат:Ұлыбритания романдарының экрандалуы Санат:Pinewood студиясында түсірілген фильмдер Санат:Ғылыми-фантастикалық триллер фильмдері Санат:Альфонсо Куарон сценарийі бойынша түсірілген фильмдер Санат:2006 жылғы Жапония фильмдері Санат:Иммигранттар туралы фильмдер Санат:Неонуар фильмдер