Митрополит Онуфрий (; зайырлы есімі — Орест Владимирович Березовский; ; 5 қараша 1944, Вижница ауданы, Черновцы облысы) — 2014 жылдан бергі Украин православие шіркеуі (Мәскеу партиархаты) (УПШ–МП) басшысы. «Киев және бүкіл Украина митрополиті (Украин православие шіркеуі)» делінгенімен оның титулын 2019 жылдан бері Константинополь патриархы мойындамайды. 2019 жылғы 5 қаңтардан Орыс православие шіркеуінен тәуелсіз автокефалиялық Украина православие шіркеуі құрылды да, Онуфрийдің УПШ–МП шіркеуі мойындалмай кетті. Халықаралық деңгейде осылайша Киев және бүкіл Украина митрополиті болып I Епифаний танылды.

Өмірбаяны Березовский 1944 жылғы 5 қарашада Черновцы облысындағы священник отбасында дүниеге келген. 1961 жылы ол мектептің жоғарғы сыныбын бітірді. 1962 жылдан 1964 жылға дейін ол Черновцы техникалық мектебінде білім алды, кейін Черновцыдағы құрылыс ұйымдарында жұмыс істеді. Туған украин тілінен басқа ол орыс және румын тілдерінде сөйлейді.

1966 жылы ол Черновцы университетінің техникалық факультетіне қосылды. 1969 жылдың соңында ол бұл жолынан бас тартып, Мәскеу діни академиясына көшті. Келесі жылы ол мүшесі атанды.

1971 жылғы 18 наурызда ол монахтық жолға түсіп, Ұлы Әулие Онуфрийдің құрметіне Онуфрий деген монастырлық есімді қабылдады. 1971 жылғы 20 маусымда иеродиакон, ал 1972 жылғы 29 мамырда иеромонах болып тағайындалды. 18 жылдан кейін архимандрит Онуфрий Украинаға қайта оралып, Почаев лаврасының басшысы болып тағайындалды.

1988 жылы ол Мәскеу діни академиясын бітіріп, дін ілімі кандидаты атанды.

1988 жылғы 20 шілдеде ол Почаев лаврасының әке-басшысы болып тағайындалды.

1990 жылғы 9 желтоқсанда Киевтегі Әулие Владимир соборында митрополит Филарет (Денисенко) оны Черновцы және Буковина епископы етіп тағайындады.

1992 жылғы 22 қаңтарда Онуфрий Украин православие шіркеуі епископтарының атынан Мәскеу және Бүкіл Русь патриархы II Алексийге Украинада автокефалды (өзін-өзі басқаратын; автоном) православие шіркеуін құру туралы өтінішке қол қойды. 23 қаңтарда митрополит Филарет (Денисенко) Онуфрийді Ивано-Франковск епархиясына ауыстырды.

1992 жылғы 7 сәуірде ол Черновцы епархиясына қайтарылып, сол жерде 23 жыл бойы қызмет етті.

1994 жылғы 28 шілдеде ол архиепископ атағына көтерілді де, Украин православие шіркеуі Қасиетті синодының тұрақты мүшесі атанды.

2000 жылғы 22 қарашада Онуфрий митрополит дәрежесіне көтерілді.

2009 жылы өткен Орыс православ шіркеуінің Жергілікті кеңесінде жаңа Мәскеу Патриархын сайлау жүргізілді, онда митрополит Онуфрий 10 дауыс алды.

2013 жылғы 23 қарашада Онуфрийге Киев және бүкіл Украина митрополиті Владимир екінші панагияны тағу құқығын берді.

2014 жылғы 24 ақпанда Украин православие шіркеуінің Қасиетті Синоды құпия дауыс беру арқылы Онуфрийді Киев митрополиялық тағының уақытша басқарушысы (locum tenens) етіп сайлады. Бұл шешім Киев және бүкіл Украина митрополиті Владимирдің денсаулығына байланысты Украин православие шіркеуінің басшысы міндеттерін атқара алмайтыны туралы медициналық қорытынды шыққаннан кейін қабылданды. Владимир 2014 жылғы 5 шілдеде қайтыс болды.

2014 жылғы 13 тамызда Онуфрий Владимир ізбасары атанып, УПШ–МП примасы және осылайша Киев және бүкіл Украина митрополиті болып сайланды.

2022 жылғы ақпанда, Украинаға Ресей басып кірген кезде, Онуфрий басқа жергілікті епископтармен (оның ішінде қарсылас митрополит Епифаниймен) бірге өз епархиясындағы шіркеулерді бомбалаудан қорғанатын орын ретінде ұсынды. Алайда Онуфрий өз шіркеуінің ресейлік әскермен коллаборант болған дін қызметкерлерін ашық айыптамады және олар шіркеуден шығарылған жоқ.Бірнеше дереккөз: Ал Украина православие шіркеуіне (УПШ) өткен дін қызметкерлеріне шіркеу қызметіне тыйым салды.

2023 жылғы сәуірде «Українська правда» жүргізген журналистік зерттеуге сәйкес, Онуфрий 1998 және 2002 жылдары Ресей азаматтығын алған. Онуфрий бұрын Ресей азаматтығы болғанын жоққа шығармады. Оның айтуынша, ол бұл азаматтықты өзінің бұрыннан келе жатқан арманы — өмірінің соңғы күндерін Ресейдегі Әулие Сергий Үштік лаврасында өткізу — жүзеге асыру үшін алған. Алайда оның пікірінше, Ресей мен Украина арасындағы қарым-қатынастардың нашарлауы, ТМД-ның әлсіреуі және әсіресе Ресейдің Украинаға қарсы соғысы бұл үмітін жойған.

2025 жылғы 2 шілдеде Украина президенті Владимир Зеленскийдің жарлығымен Онуфрийдің Украина азаматтығы тоқтатылды. Украина Қауіпсіздік қызметі () оның 2002 жылы Ресей азаматтығын өз еркімен алғанын және бұл туралы Украина билігіне хабарламағанын мәлімдеді. СБУ сондай-ақ Онуфрийдің Орыс православие шіркеуімен байланысын сақтап келгенін айтты. СБУ мәліметінше, бұл шіркеудің өкілдері Ресейдің Украинаға қарсы агрессиясын ашық қолдайды. Сонымен қатар Онуфрий шіркеудің Орыс православие шіркеуінен канондық тәуелсіздігіне бағытталған қадамдарға әдейі қарсы болған деді. СБУ қорытындысында: «Ресейдің толық ауқымды басып кіруіне қарамастан, Онуфрий Орыс православие шіркеуінің және оның басшылығының, атап айтқанда Мәскеу патриархы Кириллдің саясатын қолдауды жалғастырды» деп мәлімдеді.

Ұстанымдары Митрополит Онуфрий Украинаның Еуропа Одағына ұмтылғанын «трагедия» деліскен.

Онуфрий Украинаның толыққанды аумақтық тұтастығын қолдайды.<ref name="Risu"> Верховна Раданың Донбасста шайқасқан сарбаздарды (ресейшіл сепаратистерге қарсы соғысқан) қолдағанында Онуфрий орнынан тұрудан бас тартты, алайда кейін бұның соғысқа қарсы ишарат деді. 2014 жылғы тамызда Онуфрий Украин шіркеуінде сепаратизмді қолдайтын дін басылар жоқ деген. Оның шіркеуі 2014–2015 жылдардағы Ресейдің Украина жеріне басып кіруіне пікір айтудан бас тартып жүрді.

2022 жылғы Ресейдің Украинаға басып кіруінің алғашқы күнінде Онуфрий Украина Қарулы күштеріне батасын беріп, былай деді: «Біздің жеріміз бен халқымызды қорғап, күзетте тұрған сарбаздарымызға ерекше сүйіспеншілігіміз бен қолдауымызды білдіреміз. Құдай оларды жарылқап, қорғасын!». Онуфрий Ресейдің басып кіруін ашық түрде айыптап, Украинаның егемендігі мен аумақтық тұтастығын қолдады. Ол Владимир Путинге Украинаға басып кіруді дереу тоқтатуға үндеу жасады. Басып кіруден екі күн бұрын Онуфрий: «Украин православ шіркеуі (УПШ–МП) Украинаның аумақтық тұтастығын үнемі қолдап келеді және өз діндарларын Украина мемлекетінде және бүкіл әлемде бейбітшілік орнауы үшін дұға етуге шақырады... Мемлекет басшыларын және осы мәселеге ықпалы бар барлық адамдарды жаңа соғысқа жол бермеуге шақырамын. Соғыс — Құдай алдындағы ауыр күнә!» — деп мәлімдеген.

2023 жылғы 28 шілдеде, Украинаның Мемлекеттілігі күніне орай, митрополит Онуфрий сөз сөйлеп, былай деді: «Екі жыл бұрын белгіленген бұл мемлекеттік мереке бүгінде еліміз үшін ерекше мәнге ие болды. Бүгінде халқымыз мемлекетіміздің сақталуы, тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығы үшін күресіп жатыр. Бұл тұтастық Ресей әскерлерінің опасыз басып кіруі нәтижесінде бұзылды». Онуфрий: «Өз Отанын қорғау — әрбір азаматтың, әрі Украин православ шіркеуінің әрбір діндар мүшесінің қасиетті міндеті», — деп мәлімдеді. Ол басып алынған аумақтардағы УПШ–МП приходтары туралы да айтып: «Біздің кейбір епархияларымыз бен діндарларымыз басып алынған аумақта қалып қойды. Біз олармен жиі байланыса алмаймыз, дұға етуден басқа оларға іс жүзінде ешқандай көмек көрсете алмаймыз. Алайда бұлар — біздің епархияларымыз, бұлар — біздің адамдарымыз. Біз олар үшін дұға етеміз, оларды бауырларымыз бен әпке-қарындастарымыз деп санаймыз және олардың бізбен бірге біртұтас, тәуелсіз Украинаға қайта қосылуын күтеміз», — деді. Сондай-ақ ол Құдайдың көмегімен Украина бұл соғыста жеңіске жететініне сенетінін айтып: «Мен Құдайдың көмегімен бұл соғыста жеңіске жетіп, Украинамызды қайта қалпына келтіретінімізге сенемін. Бұл мақсатқа жету үшін біз күшті әрі біртұтас болуымыз керек, көршілерімізге сүйіспеншілікпен және құрметпен қарауымыз қажет», — деп мәлімдеді.

Дереккөздер

Санат:Дін ілімі докторлары Санат:Мәскеу діни академиясы түлектері Санат:Мәскеу діни академиясы ректорлары Санат:Украина діни қайраткерлері Санат:Киев митрополиттері Санат:Мәскеу патриархатының Украин православие шіркеуі епископтары Санат:Украина православие шіркеуі митрополиттері