Барри Левинсон (; 6 сәуір 1942, Балтимор, Мэриленд) — америкалық кинорежиссёр, сценарийші, продюсер және актер.

Левинсон 1988 жылы түсірілген «Жаңбыр адамы» фильмі үшін «Үздік режиссер» номинациясы бойынша Оскар сыйлығын қоса алғанда, көптеген марапаттарға ие болды. Сондай-ақ оның еншісінде төрт «Эмми» сыйлығы бар және ол үш «Алтын глобус» сыйлығына ұсынылған. Левинсонның басқа да ең танымал туындыларына «Трактиршілер» (1982), «Табиғи сый» (1984), «Қайырлы таң, Вьетнам» (1987), «Багси» (1991) және «Айдаһарды қозғалтушы» (1997) фильмдері жатады. 2021 жылы ол Hulu арнасының «Dopesick» мини-сериалының атқарушы продюсерлерінің бірі болып, алғашқы екі эпизодын режиссер ретінде түсірді.

Өмірбаяны Барри Левинсон Балтимор қаласында (Мэриленд штаты, АҚШ) дүниеге келген. Ата-анасы — Ирвин Левинсон мен Виолетта Кричинская, Ресейден келген еврей иммигранттары. Вашингтондағы Американ университетінде білім алған. Жұбайы — Валери Кёртин (ажырасқан). Ұлы — сценарист әрі режиссер Сэм Левинсон.

Левинсон өз мансабын теледидарлық комедиялардың сценарийінен бастағанымен және комедиялық фильмдер түсіруді, продюсерлік етуді әлі де жалғастырып келеді, алайда ол әзілден де кенде емес, терең мазмұнды драмалық фильмдерімен танымал болды. Оның режиссер ретіндегі алғашқы толықметражды туындысы — елуінші жылдардың соңында Балтиморда есейіп келе жатқан жастар туралы сырға толы «Асхана» («Diner», 1982) фильмы еді. Болашақ Голливуд жұлдыздары — сол кезде әлі онша танымал емес Стив Гуттенберг, Дэниел Стерн, Микки Рурк және Кевин Бейкон ойнаған бұл дебюттік фильм сыншылар мен көрермендердің жылы лебізіне ие болып, тамаша әзіл диалогтарымен ерекшеленген өте көңілді туындыға айналды. Кейіннен шыққан, армияның тым көңілді радиожүргізушісі ролін сомдаған Робин Уильямс ойнаған «Қайырлы таң, Вьетнам!» («Good Morning, Vietnam», 1987) және аутист жанның ролін сомдаған Дастин Хоффман қатысқан «Жаңбыр адамы» («Rain Man», 1988) фильмдері Левинсонға әлемдік атақ әкелді.

Кейінгі жылдары Левинсон Голливудтың маңдайалды актерлерінің қатысуымен бірқатар атақты фильмдер түсірді. Олардың қатарында «Багси» («Bugsy», Уоррен Битти, Аннетт Бенинг және Харви Кейтельмен бірге), «Әшкерелеу» («Disclosure», Майкл Дуглас, Деми Мур және Дональд Сазерлендпен бірге), «Ұйықтап жатқандар» («Sleepers», Роберт де Ниро, Дастин Хоффман және Брэд Питтпен бірге), «Қара батпақ» («Wag the Dog», Роберт де Ниро мен Дастин Хоффманмен бірге), «Бандиттер» («Bandits», Брюс Уиллис, Билли Боб Торнтон және Кейт Бланшеттпен бірге) және басқа да туындылар бар. Дереккөздер

Санат:Үздік режиссёр үшін Оскар сыйлығының иегерлері Санат:Давид ди Донателло сыйлығының иегерлері Санат:Америка режиссерлер гильдиясы сыйлығының иегерлері