Сарыадыр – Сарыарқа шоқылы тауларының батысында, Торғай үстіртінің солтүстігінде жатқан үстіртті-адырлы тау тізбегі. Мойылды жəне Сарыөзен (Жалдама) өзендерінің суайрығы саналады.
Географиялық орны Қостанай облысының Амангелді жəне Ақмола облысының Жарқайың аудандары жерінде, батыстан шығысқа қарай 75 км-ге созылып жатыр.
Жер бедері Ең биік жері шығысында (323 м). Батысқа қарай аласарып Мойылды өзеніне тіреледі. Беткейлері Талдыбұлақ, Қарағансай, Миялы, т.б. өзендердің аңғарларымен, сай-жыралармен тілімденген. Адырлы тау үсті үстіртті жазық.
Геологиялық құрылымы Жер қыртысы жоғарға палеозойдың интрузивтік гранит, гранодиорит, кварцит, т.б. тау жыныстарынан түзілген. Тектоникалық тұрғыдан каледон қатпарлық құрлымына жатады.
Өсімдігі Топырақ жамылғысында шөлейтті жəне құрғақ даланың сұр, сұрғылт қоңыр топырағы басым. Онда бұта аралас жусан, бетеге, қылқан боз, көде, баялыш, т.б. астық тұқымдас шөптесіндер өседі. Өзен жəне сай-жыраларды бойлай тал, шілік, қараған, итмұрын, далалық шалғын шөптесіндер өседі. Етегінде қыстау, жайлаулар орналасқан. Бұлақ көздері көп.АТАМЕКЕН: Географиялық энциклопедия. / Бас ред. Б.Ө.Жақып. – Алматы: «Қазақ энциклопедиясы», 2011. – 648 бет. ISBN 9965-893-70-5
Дереккөздер
Санат:Жарқайың ауданы таулары Санат:Амангелді ауданы таулары