Кешубай, Көшубай – Сарыарқаның шығысындағы тау.

Географиялық орны Қарағанды облысындағы Қарқаралы ауданының оңтүстік-шығыс бөлігінде орналасқан.

Геологиялық құрылымы Төменгі тас көмір, орта және жоғары девон, пермь кезеңдерінің жыныстарынан түзілген.

Жер бедері Бойлық бағытта 50 км-ге доғаша иіле созылып жатыр, ені 20 км-дей. Тауаралық және өзен аңғарлары бөліп жатқан қырқалы, күмбезді, үшкіл төбелі, белесті, аласа тау тізбегінен тұрады. Абсолюттік биіктігі 1368 м. Биіктігі жағынан Сарыарқадағы Қызыларайдан (Ақсораң, биіктігі 1565 м) кейінгі екінші тау. Беткейлері мен етектерін аллювийлі-делювийлі шөгінділер жауып жатыр. Беткейлері сайлармен тілімденген.

Өсімдігі Аласатаулық қоңыр топырағында сұлыбас, бетеге, селеу, жусан, тағы басқа астық тұқымдас түрлі шөптесіндер өседі. Сайларында қараған, тобылғы, тал аралас қайың, қарағай бар. Батыс беткейінен Талды, солтүстігінен Түндік, шығысынан Ақтайлақ, Қазанғап, Сарықорық өзендерінің салалары бастау алады.Қазақ энциклопедиясы

Дереккөздер

Санат:Қарқаралы ауданы таулары