Сүлеймен Демирел (1.11.1924 жыл, Түркия, Ыспарта провинциясы, Исламкой кенті - 17.06.2015, Анкара) – Түркияның мемлекет қайраткері, елдің тоғызыншы президенті.
Ыстамбұл техникалық университетін бітірген (1949). Саяси жұмысын 1961 жылы “Әділет” партиясына мүше болудан бастады. 1964 жылы өткен 2-құрылтайда осы партияның бас төрағалығына сайланып, үкіметте вице-премьер қызметін атқарды. 1965 жылы 10 қазанда өткен сайлауда “Әділет” партиясы көпшілік дауысқа ие болды. Сүлеймен Демирел партия жетекшісі ретінде Түркия үкіметін 4 жыл басқарды. Осы мерзім аралығында ел экономикасы дамып, әлеуметтік салада оңды өзгерістер болды. 1969 жылы 10 қазандағы кезекті сайлауда “Әділет” партиясы тағы да жеңіске жетіп, ол екінші рет премьер-министр болып сайланды. 1971 – 1980 жылдары аралығында бұл партия 3 қайтара жеңіске жетіп, үкімет құрды. Елді экономикалық дағдарыстан шығу жолдарын қарастырып, жаңа өзгерістер енгізді. Сүлеймен Демирелдің басқаруымен 1980 жылы “24 қаңтар экономикалық қаулысы” атты жаңа экономикалық саясат өмірге келді. Осы жылы қыркүйекте болған әскери төңкерістен кейін Сүлеймен Демирел көп жылға саяси қызметтен шеттетілді. 1986 жылы өзіне салынған тыйымдарды алып тастау мақсатында ұлттық науқан ұйымдастырып, бүкілхалықтық дауыс берумен 1987 жылы 6 қыркүйекте толық ақталды. 1987 жылы 24 қыркүйекте “Тура жол” партиясының бас төрағалығына сайланды. 1991 жылы 28 қазандағы жалпы сайлауда оның партиясы жеңіске жетіп, Сүлеймен Демирел жетінші рет премьер-министр болды. 1993 жылы 16 мамырда Түркия Конституциясына сәйкес ел Президенті болып сайланды. 2000 жылы өкілеттік мерзімінің бітуіне байланысты демалысқа кетті. Сүлеймен Демирел үкіметті басқарған жылдары Түркияның дамыған елдер қатарына қосылуына зор еңбек сіңірді. Түркия Еуропалық кеден одағына енді, “Қара теңіз достық аймағы” құрылды. Ол 1975 жылы алғаш рет Еуропа қауіпсіздігі хартиясына қол қоюға қатысты.
20 ғасырдың соңындағы Еуропа қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының соңғы бас қосуы Сүлеймен Демирелдің бастамасымен Ыстамбұлда өтіп, әлемдік тарихқа “Ыстамбұл саммиті” деп енді. Сүлеймен Демирел туыстас түркі халықтарының ынтымағы мен іс-қимыл бірлігін жетілдіріп, экономикалық, мәдени байланыстарын нығайтуға зор үлес қосты. 1992 жылы 29 сәуір – 1 мамыр аралығында ресми сапармен Қазақстанда болып, Қ.А. Ясауи атындағы Түркістан мемлекеттік университетіне халықаралық қазақ-түрік универсететі мәртебесін беру туралы бірлескен мазмұндамаға қол қойды. ҚР Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевпен бірге университет қалашығының алғашқы іргетасын қалауға қатысты. 2000 жылы Сүлеймен Демирел қамқорлығымен Алматыда қазақ-түрік университеті ашылып, оған Сүлеймен Демирел есімі берілді."Қазақ Энциклопедиясы"
Дереккөздер
Санат:1 қарашада туғандар Санат:Түркияда туғандар Санат:17 маусымда қайтыс болғандар Санат:Анкарада қайтыс болғандар Санат:Түркия премьер-министрлері Санат:Түркия президенттері Санат:Стамбул техникалық университеті түлектері Санат:Король Томислав орденінің иегерлері Санат:Ақ қыран орденінің (Польша) иегерлері Санат:1 дәрежелі Барыс орденінің иегерлері Санат:Алтын руна грузиндік орденінің иегерлері Санат:Шынжырлы Марий жері Кресті орденінің иегерлері Санат:I дәрежелі Манас орденінің иегерлері Санат:Румыния Жұлдызы ордені шынжырының иегерлері Санат:ГФР алдындағы қызметі үшін ордені айрықша дәрежедегі орденінің Үлкен крестінің иегерлері Санат:Республика орденінің (Молдова) иегерлері Санат:Итальян Республикасы аалдындағы қызметі үшін ордені Үлкен ленталы орденінің Үлкен крестінің иегерлері Санат:Стара Планина орденінің иегерлері Санат:Тәуелсіздік орденінің (Әзірбайжан) иегерлері Санат:Ар орденінің (Әзірбайжан) иегерлері Санат:XX ғасыр саясаткерлері Санат:Ғасыр саясаткерлері Санат:Түркия Ұлы ұлттық жиналысының мүшелері