Ақындық сыны Абай қазақ халқының тұрмыс-хәліне жіті қарап, өз бағалауын хатқа түсіріп отырған, ақындық шығармаларының да дені елінің өмір қаракетін сипаттап, сын көзінен өткізгенін аңғартады. Ұлы ақынның сыншылдығын міншілдігі деп түсінбеуіміз керек. Абайдың сыны әр тарапты, әрі ауқымды: адамның мінез-құлқын ғана сынамайды, қоғамдық, әлеуметтік, әдеби де өнерлік, ғылыми, ұстаздық болып келеді. Алдымен ұлт мінезін қатал сынайды: «Біздің қазақтың достығы, дұшпандығы, мақтаны, мықтылығы, мал іздеуі, өнер іздеуі, жұрт тануы ешбір халыққа ұқсамайды. Бірімізді біріміз аңдып, жаулап, ұрлап, кірпік қақтырмай отырғанымыз...» - дейді жиырма төртінші сөзінде. Міне, ұлы ойшылдың арманы - осылай асқақ, көксеуі - күрделі, сыны - сындарлы. Ақынның сыншылдығын, негізінен, үш салаға даралаймыз. Бірінші - әлеумет өміріне, заманға көзқарасы. Екінші - өнер мен әдебиетке, ғылымға көзқарасы. Үшінші - жеке адамның мінез-құлқын адамшылық, имандылық, ұстаздық тұрғысынан бағалауы... Абай елдің тұрмыс-халін, өз тұсының халық ұғымы тұрғысынан талдап түсіндіреді. Қайғысы не десең, мақалдарынан танисың: «Түстік өмірің болса, күндік мал жи»«Өзіңде жоқ болса, әкең де жат»«Мал - адамның бауыр еті»«Малдының беті - жарық, малсыздың беті - шарық»«Елдің малы - елде, еріккенде - қолда»«Ер азығы мен бөрі азығы жолда»«Байдан үмітсіз-құдайдан үмітсіз»«Берген - перде бұзар»«Алаған қолым - береген»«Қайраңы жоқ көлден без, қайыры жоқ елден без...»
Мақал-мәтелдер ел тұрмысы, адам өмірінен туған қисынды даналық десек, Абай ұлттық, дәстүрлік ой-пікірдің қисынына сүйене отырып, қалыптасқан теріс өнегені сынға алады. Сол сияқты ақын Алтыншы сөзінде тағы бір мақалға мән беріп, мазмұнына талдау жасайды: «Өнер алды - бірлік, ырыс алды - тірлік». Бірлік қандай елде болады, қайтсе тату болады - білмейді. Қазақ ойлайды: бірлігі ат ортақ, киім ортақ, дәулет ортақ болса екен дейді. Олай болғанда, байлықтан не пайда, кедейліктен не зиян? Ағайын құрмай мал іздеп не керек? Осы ма бірлік? Жоқ, бірлік - ақылға бірлік, малға бірлік емес, малыңды беріп отырсаң, атасы басқа, діні басқа, күні басқалар да жалданып бірлік қылады. Бірлік малға сатылса, антұрғандықтың басы - осы. Ағайын алмай бірлік қылса керек, сонда әркім несібесін құдайдан тілейді, әйтпесе, құдайдан тілемейді, шаруа іздейді». Бұл арада ұлы ойшыл бірін-бірі алдаудан ешқандай бірлік шықпайтынына сендіреді. Бұл бірлікке, «өңкей келісім сылдырап тұрған» бірлікке жету үшін адам санасының өте жоғары болатынына мегзеп отыр. Абай өз ортасында ойшылдығы, сыншылдығымен соншалық жоғары: сол тұстың әкімшілік құрылысын әжуалап, мысқылдап, керек десеңіз, әшкерелеп те отырады. Өлеңінде «Болыс болдым мінеки, бар малымды шығындап» деп күлкіге айналдырса, ғақлиясынан да сол күлкінің зілін көреміз. «Болыс пен биді құрметтейін десең, құдай берген болыстық пен билік елде жоқ. Сатып алған, жалынып бас ұрып алған болыстық пенен биліктің ешбір қасиеті жоқ». Ел арасын бұзатын, пара алып байыған пысықтарды Абай басқа шығармаларында да әшкерелейді: «Сыртың - пысық, ішің - нас, Артын ойлап ұялмас» немесе «Бас басына би болған өңкей қиқым, Мінеки бұзған жоқ па елдің сиқын?» - деп келеді. «Партия құрып, пара алған, пейілі кедей байсыңдар!» Мінеки, ақын осылай ашық кінәлауға да барады. Өз тұсындағы әлеуметтік құрылысқа наразылығы Абай шығармаларында үнемі жүріп отырады. Бұдан біз ұлы ақынның демократиялық бағытын да көреміз. «Бұрынғы қазақ жайын жақсы білген адамдар айтыпты: «Би екеу болса, дау төртеу болады» - деп... «Үш бидің біреуін таңдап алып, яки жеребемен сайлап алып, жүгінсе, сонда дау ұзамай бітім болар еді». Ақынның осы ойының өзінде талғау, таңдау, әділдікті таңдау бар. Бірақ сол таңдаулы жақсының жауы - зұлым сұрқиялар да бар екенін аңғартады: «Күшті жықпақ, бай жеңбек әуел бастан... Жаны аяулы жақсыға қосамын деп, әркім бір ит сақтап жүр ырылдатып». Адал адамның күншіл әрі сұм дұшпаны қасында жүргенін анық-айқын айтып беріп, ақын риясыз шыншылдығын танытады. Төңірегінде бай, кедей ғана емес «қу, білгіш» атанғысы кеп жүрген арамза әрі арсыз адамдар бар екенін ақын аяныш білдіре сипаттап, әрдайым әділдік пен шындық жағында екенін ел-жұртына жария қылады. Ұлы ақын әлеуметтік теңсіздікті сынаса, оның елін, халқын жиренішті етіп көрсеткені деп түсінбеуіміз керек. «Ел қағынды, Мал сабылды, Ұрлық, өтірік гу де гу,Байы - баспақ, Биі саспақ, Әулекі аспақ сыпыра қу» дегенде елін бей-берекет душар қылып жүрген кімдер екенін дәл айқындап берген. «Мініңді ұрлап жасырып, майданға түспей бәйгі алма» дегенін де өсиетті өнеге деп білеміз. Ақынның көңіл күйінде үмітсіздік жиі кездескенімен, «Айтатуғын сөзім бар, өрбі сөзім, өрбі енді!» - деп бекер жазбаған, ұғымсыз тыңдаушысын қайтсе ұғымды қылу мақсатында, «тіл ұстарту» мақсатында: «Адам деген даңқым бар, Адам қылмас халқым бар»,- деуі де бекер емес. Ызалы көңілдің кекесінді түйреуі. Ақын «адам» дегеннің өзін жай ұғым емес, даңқ деп біледі. Бүл М. Горькийдің «Человек звучит гордо!» - деп мадақтауымен пара-пар, демек, Абай өзі де адам ретінде жоғары тұр. Ақынның күйініш-сүйінішін көңіл күйіне орай деп білсек, сыршылдығы мен сыншылдығын да сол тұрғыдан түсініп, солай бағалаған ләзім. «Қажымас дос халықта жоқ, Айнымас серт қайда бар? Алда көрген артта жоқ, мысқыл, өсек айла бар..?», «Кімге достық көп еттім, Түбі болды бір кейіс». Өлеңінің бүл жолдарындағы реніш адамдар арасындағы қарым-қатынастан, шынайы көріністерден туған. Абай қазақ тұрмысы, қазақтың мінез-құлқы хақында көп өлең жазып, әр тұрғыдан сыр айтқан. Әсіресе, «Қартайдық, қайғы ойладық ұлғайды арманында» жалқылай да, жалпылай да сынап-мінеп бағады. «Терін сатпай, телміріп көзін сатып, теп-тегіс жұрттың бәрі болды аларман» - деп бір түйрейді. «Би мен болыс алады күшін сатып», «Мен қазақтан кегіңді әперем» деп, ел ішінде етек алған парақорлықты шенесе, «Атаны бала аңдиды, ағаны іні, ит қорлық немене екен сүйткен күні?» - деп те налиды. Осы бір ғана өлеңнің өзінде ел ішіндегі әлеум. теңсіздік, зорлық пен қорлық. «Қу тілмен қулық сауған заңы құрсын» деп, нәлет айта кіналайды. Тағы бір өлеңіндегі «Берекесі кеткен ел, суы ашыған батпақ көл» деген бейнелі жолдары да осы ойының түйінінен туса керек. Абай «қазақ» деген сөзді «ұлт» немесе ел мағынасында қолданады. Қазақ қоғамындағы келеңсіздіктерді, сорақы сипат, содыр қылық, оғаш мінездерді сынағанда «тез жанында қисық ағаш жатпас» деген тұрғыдан, қайтсем елімді жетілдірем, көркейтем деген ниетпен жанашырлық, ұлтжандылықпен сынаған. Абайдың көркемдік, әсемдік, сұлулық тұрғыдан сынауы - өз алдына бір жүйе, көркемдік талғамы қалыптасқан көзқарастан туған қисынды, тұжырымды ойдың жемісі. Абайдың көркемдік көзқарасы: «Әсемпаз болма әрнеге, Өнерпаз болсаң, арқалан, Сен де бір кірпіш дүниеге, Кетігін тап та бар, қалан!» - деген өлең жолдарынан-ақ көрінеді. Өнерге деген өрелі талғамынан оның сыни талап-тілегі туындап отырады. Ұлы ақынның поэзияға талабы «Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп, Теп-тегіс жұмыр келсін айналасы...» «Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы. Сонда да солардың бар таңдамасы». «Іші алтын, сырты күміс сөз жақсысын, Қазақтың келістірер қай баласы?». Абай осылай көркемдік шартын алға тартып қана қоймайды. Қолына домбыра алып, «топта сарнап мақтау өлең айтушыларды» көр-жерді құрастырушы, мақал-мәтелшіл ескі билерді де қатты шенейді. «Мал үшін біреуді алдап, біреуді арбаушы», сөз қадірін келтірушілердің қайыршылығын әшкерелеп берген. «Сөз түзелді, тыңдаушы, сен де түзел» дегенде, көркем сөз қадірін біліп, бағалаушыны талғау, таңдауын көтеруді көздеген. «Өткірдің жүзі, Кестенің бізі. Өрнегін сендей сала алмас» деп, сөз өнерінің құдіретін соншалық жоғары бағалайды. Ал осы бағалауда рухани жан күші жатқанын әбден жеткізе білген. Абайдың Шортанбай мен Дулатқа айтқан әйгілі сыны өлеңді өнер дәрежесіне жеткізіп мінсіз жазу тұрғысынан деп білеміз, бұл сын олардың ақындығын жоққа шығару емес, «сөздері бірі - жамау, бірі - құрау» дегенде сөз қолданыстарына көңілі толмай отыр. Абай өлеңді өз биігінен бағалаған. Абайдың өнерді бағалауы да жан дүниесіне әсері тұрғысынан нақты дәлелді келеді. «Көңіл құсы құйқылжыр шартарапқа, Адам ойы түрленіп ауған шақта, Салған ән - көлеңкесі сол көңілдің» дегенде сезімнің сыр-сипатын, құбылысын суреттейді де, «ұйықтап жатқан көңілді ән оятар» деп, айқындай түседі. «Кейі зауық, кейі мұң дертін қозғап, жас балаша көңілді жақсы уатар». Осы өлеңінде, ақын әнді өнер талғамы тұрғысынан бағалап берген: «Әннің де естісі бар, есері бар. Тыңдаушының құлағын кесері бар. Ақылдының сөзіндей ойлы күйді, Тыңдағанда көңілдің есері бар» Байқасаңыз, әнге жан бітіріп, ой дүниесіне әкеледі. «Әннің жайын алты өлеңмен бітірдім» деуі барлық сын-сипатымен бірге, қасиетін, алапатты құдіретін айтып жеткізгені деп түсінеміз. «Көкірегінде оты бар ойлы адамға» сөзінің суретті сәулесі түсетініне ақынның көңілі әбден сенген. Жақсы әнді ой көзімен тыңдауды ұсынады. Өнерге, өлеңге, әрі әнге «өмір сәуле көрсететінін» және сол нұр сәуле жаныңды ерітіп, жабы қаған көңілді көтеретінін қисын жүзінде емес, ақындық жүректің ой-сезімімен анық жеткізген. Сонымен бірге, адамның рухани («Кірленген жүрек өзі үшін, Тура алмас әсте жуынбай»), тазалыққа талпынатынын, тіршілікте мұң мен зар қоса жүріп, зұлымдыққа кектенген ақынның шиыршық атып толғануының сырын да ашып береді. Абай қолөнерді де сындарлы бағалаған: «Мал жұтайды, өнер жұтамайды. Алдау қоспай адал еңбегін сатқан қолөнерлі-қазақтың әулиесі сол. Бірақ құдайтағала қолына аз-маз өнер берген «Қазақтардың кеселділері болады». Абай соңғы ойын қазақтың «малға бөге қалған кісімсіп, жалқаусып, салғырттық, кербездікке салынатынын, мақтаншақтыққа берілетінімен дәлелдейді. Орынсыз мал шашып, дарқанситынын сөлекет мінезіне жатқызған. Бұл ойы - «Өнерпаз болсаң, арқалан» деген қағидасынан туған талғампаздығы...