«Ахаңның елу жылдық тойы» – Мұхтар Әуезовтың 1923 жылы Ахмет Байтұрсынұлының 50 жасқа толуына орай жазған мақаласы. "Ақ жол" газетінде жарияланған.

Мұнда Әуезов «Қазақ» газеті мен оның бас редакторы Ахмет Байтұрсынұлы жөнінде салиқалы ой сабақтайды. «Қазақ» газетінің сүтін еміп өскен бір буын осы күнде пікір-білім жолында бұғанасы бекіп, іс майданына шығып отырса, кейінгі жас буын Ахаң салған өрнекті біліп, Ахаң ашқан мектепті оқып шыққалы табалдырығын жаңа аттап, ішіне жаңа кіріп жатыр. Ахаңның бұл істеген қызметі - қазақтың ұзын-ырға тарихымен жалғасып кететін қызмет. істеген ісімен өзіне орнатылған ескерткіш» деген жазушы ойлары өңгілік мәнін жоймақ емес.

Бүгінге дейін Байтұрсынов еңбегінің ақиқат бағасын беріп, шынайы таразылаған шығарма ретінде ауызға жиі алынып жүр. Мақалада халыққа ой салып, шуақ ты күндей шапағатын төккен «Қазақ» газетінің сол кездегі рөлін және оның редакторы А. Байтүрсыновтың сіңірген еңбегін автор дәл көрсете білген. Қалың көпшілікке баспасөз органы ықпалының аса зор болғандығын, қазақ халқының рухани тарихында үлкен орны бар басылым екендігін Әуезов зор бағалаған. Шығармада айтылған М. Әуезов тұжырымдары сонау кеңес өкіметінің алғашқы жылдарында тайсалмай айтылған батыл ойлар еді. А. Байтұрсынов туралы сол кезде С.Сейфуллин, С. Сәдуақасов, Ғ. Тоғжановтар да мақала жариялады. Ал Мұхтардың осы толғанысының, жүрекжарды тебіренісінің, өткір ойларының орны бір бөлек. Жоғарыда келтірілген үзінділер «Қазақ» газетінің тарихтағы алатын орнын дәлме-дәл анықтай түседі. Сондай-ақ бұл газеттің атқарған ісі туралы, оның ұстанған бағыты мен Байтұрсынов еңбегі жайлы пікірлері Әуезовтің Алаш қозғалысына деген қоғамдық-саяси көзқарасын жақынырақ тануымызға да, ұлы жазушының бірбеткей адал азаматтық тұлғасын оқшаулауымызға да жол ашады.

Мақала 1989 жылғы наурызда «Қазақ әдебиеті» газетінде қайта басылды.Мұхтар Әуезов энциклопедиясы — Алматы, «Атамұра» баспасы, 2011 жыл. ISBN 978-601-282-175-8

Дереккөздер