Есенғали Бөкенбаев (1921, Адай уезі Айрантақыр – 2002, Жаңаөзен) – ақын.
Маңғыстауда Қазық мектебі мен Красноводск қаласындағы мектеп-интернатта оқыған. Әкесі Отарбайдан он бір жаста жетім қалып, жастай еңбекке араласқан. 1942 - 45 жылдары Отан соғысы майдандарына қатысқан. Бөкенбаев Атырау, Маңғыстау, Жаңғақ, Хорезм өңіріндегі қазақ, түрікмен, қарақалпақ ақын, жырауларының өлеңдерін, әсіресе, Абыл мен Махамбет, Қашаған мен Нұрым, Ақтан мен Сәттіғұл жырларын жаттап өсті. Бөкенбаевтың өлең-толғаулары ауданы газеттерде («Майдан ақиқаты», «Жеңіс туы») жарық көрген. Соғыстан кейін Красноводск қаласында шаруашылық жұмыстарында істеп, Қазақстан мен Түрікменстанның мерзімді басылымдарында өлең-толғаулары жарияланып тұрды. Бөкенбаев жырлары арнау түрінде, ата қонысы – Маңғыстау, туысқан Түрікменстан туралы болып келеді. Теңіз дауылында апатқа ұшыраған қазақ, түрікмен балықшылары туралы шығарған «Тоғыз қайық» дастаны ел арасында кең тараған. «Шұғыла» жинағының (1971) авторы. Ақынның көптеген толғаулары жыршы-термешілер репертуарларынан тұрақты орын алған.Маңғыстау энциклопедиясы, Алматы, 1997;
Дереккөздер
Санат:1921 жылы туғандар Санат:Қарақия ауданында туғандар Санат:2002 жылы қайтыс болғандар Санат:Жаңаөзенде қайтыс болғандар Санат:Қазақстан ақындары