Жер асты ядролық жарылысы — жер бетінен біршама тереңдікте топырақты сыртқы ығыстыру немесе ығыстырусыз (камуфлеттік) жүргізілетін ядролық жарылыс. Бірінші жағдайда ядролық жарылыс жер бетінен шағын терендікте жүргізілгенде, сыртқа шыққан газдар жартылай ерітілген және радиоактивті заттармен араласқан ұсатылған топырақты өзімен бірге көтереді. Түзілген радиоактивтік бұлт жер үсті және әуе жарылыстарының саңырауқүлақ тәріздес бұлттарына қарағанда күңгірт реңде және төңкерілген конус тәріздес болады. Ол ең жоғарғы биіктігіне (бірнеше жүз метр) жеткен соң, топырақ жер бетіне түсе бастайды. Сонымен қатар, жер бетінде будақтаған құйынды шаң бұлты түзіледі. Топырақтың радиус бойынша шашырауынан ығыстыру шұңқыры пайда болады. Жоғары көтерілген топырақтың бір бөлігі шүңқырға қайта түсіп, оның тереңдігін азайтады, ал қалған бөлігі шұңқырдың сыртына түсіп, оның периметрі бойынша жал жасайды. Шұңқырдың мөлшері жарылыстың қуаттылығына, терендігіне және топырақ түріне байланысты болады. Жер асты ядролық жарылысы кезінде топырақты сыртқа ығыстырумен қатар, жарылыс терендігінің өсуіне байланысты қысымы төмендейтін ауалық соққы толқыны пайда болады. Жергілікті жердің радиоактивті зақымдану дәрежесі жер үсті жарылысына карағанда бірнеше есе жоғары. Жарылыс тереңдігі өскен сайын, атмосфераға таралатын радиоактивті заттардың мөлшері басында жоғарылайды да, содан соң азаяды. Жарықтық сәулелену толығымен топырақпен жойылады. Жер асты ядролық жарылысы үлкен тереңдікте орын алғанда топырақта соққы толқыны түзіледі де, ол тереңдікте болған жер асты ядролық жарылысының негізгі жойғыш факторы болып шығатын сығу толқынына айналады. Толқынның жер бетіне шығуы кезінде топырақ күмбез жасай көтеріледі. Жер асты ядролық жарылысы кезінде топырақтың тік және көлденең тербелістерін тудыратын сейсмикалық-жарылыс толқындары пайда болады. Жер асты ядролық жарылысы бөгеттер жасау және өте берік құрылыстарды қирату, сонымен қатар бейбітшілік мақсатта шахталар, каналдар, жерасты сыйымдылық құрылыстарын салу үшін қолданылады.Қазақ тілі терминдерінің салалық ғылыми түсіндірме сөздігі: Әскери іс. Алматы:"Мектеп" ААҚ , 2001

Дереккөздер

Санат:Әскери іс Санат:Ядролық қару