Қоғамдық тәртіп (ағыл. public order; нем. Gesellschaftsordnung) - Азаматтың қадір-қасиеті мен басқа құқықтарын, меншіктің барлық нысандарын қорғау, қоғамдық орындарда тыныштықты қамтамасыз ету, мемлекеттік және қоғамдық ұйымдардың, адамдардың өзара араласуының қалыпты қызметіне жағдай туғызу, адамның жеке басына тиіспеушілікті қамтамасыз ету мақсатында, арнайы нормалармен реттелетін қоғамдық қатынастар жүйесі.Орысша-қазақша заңдық түсіндірме сөздік-анықтамалық. — Алматы: «Жеті жарғы» баспасы, 2008 жыл. ISBN 9965-11-274-6
Қоғамдық тәртіп адамның мінез-құлқы мен іс-әрекетінің қоғамда қалыптасқан құқықтық және моральдық нормаларға, сондай-ақ белгілі бір ұйымның талаптарына сай келуі. Қоғамдық тәртіп қоғамның қалыпты тіршілік етуінің қажетті шарты болып табылады. Қоғамдық тәртіп арқасында адамдардың мінез-құлқы мен іс-қылығы тәртіпке келтірілген сипатқа ие болады. Мұның өзі ұжымдық қызметті және әлеуметтік ұйымдардың жұмыс істеуін қамтамасыз етеді. Қоғамда әрқашанда жалпыға бірдей міндетті тәртіп пен белгілі бір ұйым мүшелеріне ғана міндетті арнаулы тәртіп (әскери тәртіп, еңбек тәртібі, т.б.) жолға қойылады. Қоғамдық тәртіп әрқашанда қоғамдық қатынастармен айқындалады және ол осы қатынастарды қорғауға қызмет етеді. Қоғамдық тәртіп - саналы тәртіп, пайдакүнемдік пиғылға негізделген тәртіп және мәжбүрлі тәртіп түрлеріне бөлінеді. Саналы тәртіп дегеніміз — қоғам мүшелерінің мінез-құлық нормаларын терең сезініп игеруі. Тәртіпті адам қоғамдық өмірде қабылданған мінез-құлық нормаларын ұстау қажеттігін іштей түйсініп әдеп ретінде қабылдайды. Оларды сақтай алмаған жағдайда ұяттан қысылып, өзін кінәлі сезінеді. Қоғамдық тәртіп - қоғам мүшелерінің жеке мүдделері, олардың қажеттері және орындауға тиісті әлеуметтік мінез-құлық нормаларының өзара үйлесу дәрежесіне байланысты айқындалады. Егер бұл нормалар жеке адам іс-әрекетінің іштей құлшынысына айналмаса, онда мұның өзі мінез-құлықтағы түрлі ауытқуларға апарып соқтырады.Биекенов К., Садырова М. Әлеуметтанудың түсіндірме сөздігі. — Алматы: Сөздік-Словарь, 2007. — 344 бет. ISBN 9965-822-10-7
Дереккөздер
Санат:Мемлекет және құқық теориясы Санат:Әлеуметтану Санат:Құқық Санат:Саяси терминология