Раиса Құдайбергенқызы Садықова (18 шілде 1944, Мұқыр ауылы, Талдықорған облысы – 2 маусым 2020, Алматы) — қазақстандық дирижёр, баяншы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері (1995). Қазақстандағы тұңғыш кәсіби опералық-симфониялық әйел дирижёр ретінде танылады.

Өмірбаяны және білімі Раиса Садықова 1944 жылы 18 шілдеде Талдықорған облысының Мұқыр ауылында (қазіргі Жетісу облысы, Көксу ауданы, Ақын Қалқа ауылы) көпбалалы отбасында дүниеге келген. Бала кезінде оны Рая деп еркелетіп атаған. Ол кішкентайынан музыкаға әуес болып өсті. Ауылдық ансамбльде мандолина аспабында ойнаған. Мектеп қабырғасында жүрген кезінен бастап аудандық және облыстық байқауларға қатысып, домбыраны да тартуды білген.

1959–1963 жылдары П. И. Чайковский атындағы Алматы музыкалық училищесінде (қазіргі П. И. Чайковский атындағы музыкалық колледж) орыс халық аспаптары бөлімінде баян сыныбы бойынша білім алды. Баян (сырнай) аспабынан Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген мұғалімі (1961) Константин Кириллович Ошлаковтан, ал дирижёрліктен Е. Ф. Кравцовтан дәріс алды.

1963 жылы Константин Ошлаковтың сыныбында Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтында (қазіргі Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті) білім алып, кейін Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік консерваториясына ауысып, оқуын жалғастырды.

1969 жылы консерваторияның халық аспаптар кафедрасын бітірді. Баян сыныбы бойынша Фёдор Васильевич Легкунецтен, ал дирижёрлік бойынша Малғаждар Әубәкіровтен, кейін Фуат Шәкірұлы Мансұровтан білім алды. Қазақ мемлекеттік консерваториясында студент болып жүрген кезінде дирижёр Фуат Мансұров оның бойындағы ерекше дарындылығын байқап, бірде: «Саған дирижёр болу керек!» – деген екен.Ұстазының осы сөздерінен кейін Р. Садықова оқуын Ленинград қаласында жалғастыруды жөн көріп, 1970 жылы Қазақ КСР Мәдениет министрлігінің жолдамасымен Н. А. Римский-Корсаков атындағы Ленинград мемлекеттік консерваториясына (қазіргі Н. А. Римский-Корсаков атындағы Санкт-Петербург мемлекеттік консерваториясы) оқуға түсіп, «Опера және симфониялық дирижёрлеу» кафедрасында профессор Илья Александрович Мусиннің сыныбында білімін жалғастырады. Илья Мусин оның өнерін көріп, көңіліне тыныштық таппай:«Бұл қыздың менде оқығанын қалаймын!» – деп айтқан екен. 1973 жылы дирижёр Эдуард Грикуровтың сыныбына бекітілді. Раиса Садықова Ленинград консерваториясын 1975 жылы бітірді.

Мансабы Раиса Садықова 1964 жылдары Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрінде баяншы-әртіс болып жұмыс істеп, көмекші асисстент-дирижёр қызметін де атқарды. Сонымен қатар осы ұжыммен бірге дирижёр ретінде де концерт берген.

1975 жылы Ленинград консерваториясындағы оқуын аяқтағаннан кейін Абай атындағы Алматы мемлекеттік академиялық опера және балет театрының дирижёрі ретінде еңбек жолын бастады. Р. Садықова өзінің шығармашылық қызметі барысында қазақ, орыс және шетел композиторларының көптеген опералары мен балеттерін сахналады. Олардың қатарында: Мұқан Төлебаев – «Біржан-Сара»; Евгений Брусиловский – «Қыз Жібек», «Ер Тарғын»; Сыдық Мұхамеджанов – «Жұмбақ қыз», «Айсұлу»; Базарбай Жұманиязов – «Махамбет»; Алмас Серкебаев – «Ақсақ құлан»; Пётр Чайковский – «Евгений Онегин», «Аққу көлі», «Щелкунчик», «Франческа да Римини»; Шарль Гуно – «Фауст»; Джузеппе Верди – «Травиата»; Джордж Баланчин – «Серенада»; Арам Хачатурян – «Спартак»; Борис Асафьев – «Бақшасарай бұрқағы»; Михаил Фокин – «Шопениана»; Адольф Адан – «Жизель»; Людвиг Минкус – «Дон Кихот»; Герман Левенскольд – «Сильфида» және басқа да шығармалар.

Сонымен қатар Раиса Садықова дирижёр ретінде көптеген елдер мен қалаларда гастрольдік сапарларда болды. Ол Ресейдің Мәскеу, Орынбор, Екатеринбург қалаларында, Өзбекстанның Ташкент қаласында, Венгрияның Будапешт қаласында өнер көрсетті. Сондай-ақ Қытай, Балтық жағалауы елдері, Қырғызстан және басқа да көптеген мемлекеттерде гастрольдік сапарларда болды.

Н. Тілендиев атындағы «Отырар сазы» қазақ фольклорлық-этнографиялық академиялық оркестрімен шығармашылық ынтымақтастығы 1992 жылы 10 қаңтарда өткен концерттің бас демеушісі әрі Раиса Садықоваға дирижёрлік жолына ақ батасын берген тұлға – Қазақстанның халық әртісі, дирижёр, күйші-композитор Нұрғиса Атабайұлы Тілендиев болды.

Раиса Садықова «Отырар сазы» оркестрімен бірлесе отырып, төмендегідей шығармаларға дирижёрлік етті: Нұрғиса Тілендиев – «Ата толғауы», «Парыз» (бас шертерде жеке орындаушы – Нұрлан Хамзин), ақын Мұқағали Мақатаевтың сөзіне жазылған «Сарыжайлау» әні, «Аққу», «Махамбет», «Жеңіс салтанаты» шығармалары; Дайрабай – «Дайрабай» күйі (Н. Тілендиевтің өңдеуінде); Темірбек Ахметов – «Темірбектің төкпесі» (Н. Тілендиевтің өңдеуінде); Құрманғазы – «Кісен ашқан» күйі (Малғаждар Әубәкіровтің өңдеуінде); Ықылас – «Қамбар батыр» және басқа да шығармалар.

Сонымен қатар Раиса Садықованың қызы Ләззат Н. Тілендиев әнін және сөзін М. Мақатаев жазған «Құттықтаймын мама, туған күніңмен!» өленің оркестрдің сүйемелдеуімен дирижёрлік еткен.

Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық филармониясының Төлепберген Әбдірашев атындағы мемлекеттік академиялық симфониялық оркестрімен шығармашылық ынтымақтастығы 1994 жылы Раиса Садықова Жамбыл атындағы филармонияның академиялық симфониялық оркестрімен мерейтойлық концертте дирижёрлік етті. Қазіргі таңда бұл ұжым Төлепберген Әбдірашев атындағы академиялық мемлекеттік симфониялық оркестр ретінде белгілі.

Концерттің тікелей трансляциясы жазылған аудиожазба да сақталған. Жазбада Раиса Садықованың осы концерттік сахнада өнер көрсетуді 20 жыл бойы армандағаны айтылады. Концертті музыкатанушы Анатолий Кельберг жүргізді. Ол дирижёрдің ұстазы, профессор Илья Мусиннің жеделхатын оқып берді. Жеделхатта профессор өзінің «сүйікті шәкіртін» шығармашылық қызметінің 25 жылдығымен және туғанына 50 жыл толуымен құттықтаған.

Мерейтойлық концертте Р. Садықова көрермендерге төмендегідей музыкалық бағдарламаны ұсынды: Людвиг ван Бетховен — № 5 симфония, I–IV бөлімдер; Пётр Ильич Чайковский — «Манфред» симфониясының I бөлімі; Пётр Ильич Чайковский — «Евгений Онегин» операсынан «Полонез»; Еркеғали Рахмадиев — «Дайрабай» симфониялық күйі.

Педагогикалық қызметі Раиса Садықова ұзақ жылдар бойы педагогикалық қызметпен айналысты. Алматы консерваториясында халықаралық байқаулардың қазылар алқасының мүшесі әрі мемлекеттік емтихандардың төрайымы болды. Бірнеше шәкірт тәрбиелеп шығарған тәлімгер-ұстаз ретінде танылды. Оның шәкірттерінің қатарында Татарстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Рашид Скуратов бар.

Қызметтестігі Раиса Садықова кеңестік және қазақстандық көптеген халық әртістерімен, сондай-ақ республикалық және халықаралық байқаулардың лауреаттарымен шығармашылық байланыста болды. Олардың қатарында Р. Жұбатырова, А. Оспанова, Ш. Үмбетәлиев, Ғ. Есімов, Б. Төлегенова, Е. Серкебаев, Р. Жаманова, Н. Үсенбаева және басқа да өнер майталмандары бар.

Байқаулары 1974 жылы – Мәскеу қаласында өткен Бүкілодақтық IV дирижёрлер байқауына қатысты. Байқау қорытындысы бойынша «Дипломант» атағына ие болды. 2000 жылы шілде айында – «Әлем Саннияз – Қазақстан» фестивалі аясында өткен бірініші симфониялық дирижёрлер байқауына қатысты. Байқау қорытындысында II орынның лауреаты атанды. Байқауды ұйымдастырушы – скрипкашы Марат Бисенғалиев болды (Алматы).

Жетістіктері 1995 жылы Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері атанды. 2003–2004 жылдары Қазақстан Республикасы Президентінің стипендиаты болды.

Қайтыс болуы Раиса Садықова 2020 жылы 2 маусымда дүниеден өтті. Алматы қаласындағы Кеңсай зиратына жерленді.

Еске алу 2021 жылы 4 қарашада Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрының ұжымы М. Төлебаевтың «Біржан-Сара» операсының қойылымының 75 жыл толуына орай спектакль қойды. Бұл қойылым Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, дирижёр Раиса Садықованың жарқын есіміне тағзым етіп, рухына құрмет көрсетуге арналды.

2025 жылы 16 қаңтарда Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театры Раиса Садықованың туғанына 80 жыл толуына орай Е. Брусиловскийдің «Қыз Жібек» операсын сахналады. Қойылымның дирижёры – Қуаныш Исмаилов болды.

Сондай-ақ Раиса Садықованың рухына тағзым ету мақсатында оның туған әпкесі, арфашы Магруфа Мукажанова 2025 жылы 15 наурызда «Арфа сиқыры» («Магия арфы») атты концерт берді.

Фотогалерея нобай|Раиса Садықова нобай|1973-1975 жылдары

Дереккөздер

Қолданылған әдебиеттер Динара Гаплан – «Super қыз» («Женщины, о которых говорит весь мир») 2024 жыл, 120 бет ISBN 978-601-80779-8-2 Мүсілім Әмзе – «Қазақстан дирижёрлік өнері» 2025 жыл, 156-158 беттер ISBN 978-601-311-097-4

Санат:Қазақстан дирижерлері Санат:Дирижерлер Санат:Қазақстан баяншылары Санат:Санкт-Петербург консерваториясы түлектері