thumb|С. В. Иванова картинасы
Басқақ — Моңғол империясы мен Алтын Орданың жаулап алынған жерлеріндегі әкімшілік өкілі әрі ханның жергілікті жердегі уәкілі.
Русь жерінде басқақтар XIII ғасырдың екінші жартысынан бастап моңғол әкімшілігінің тұрақты өкілдері болды. Олардың негізгі міндеті хан қазынасына салықтың уақытылы түсуін қамтамасыз ету және жергілікті биліктің қызметін бақылау еді. Басқақтар бағынышты аймақтардың ішкі істеріне де белсенді араласты. Парсы деректерінде қолданылатын арабтың шихне атауы түркі тіліндегі басқақ терминінің баламасы ретінде кездеседі. Шихне қызметі жоғарғы билеушінің жергілікті әмір жанындағы өкілі болғандықтан, оның міндеттері басқақтың қызметіне өте ұқсас еді. Осы себепті жергілікті халық жаңа моңғол шенеуніктерін көбіне «шихне» деп атаған.
Этимологиясы
«Басқақ» сөзі көне түркі тіліндегі bas- («басу», «жаншу», «бағындыру», «мөр басу») етістігінен және әрекет иесін білдіретін -qaq жұрнағынан шыққан. Зерттеушілердің бір бөлігі «басқақ» пен «даруға» атауларының мағынасы ұқсас деп есептеп, оларды хан атынан құжаттарға мөр басатын әрі әкімшілік бақылау жүргізетін лауазым ретінде түсіндіреді.
Русьтегі басқақтық
Русь жеріндегі алғашқы басқақтар XIII ғасырдың екінші жартысында пайда болды. Олардың қызметі негізінен алым-салықтың уақытылы жиналуын қадағалауға бағытталды. Басқақтардың өздері салық жинамағанымен, бұл міндетті атқарған кеденшілер мен басқа да алым жинаушылардың жұмысын бақылап отырды. Басқақтар ханға тікелей бағынды және жергілікті кінәздермен делдалсыз байланыс орнатты.
Солтүстік-шығыс Русьте басқақтар XIII ғасырдың үшінші ширегінде пайда болып, XIV ғасырдың бірінші жартысында жойылды. Ал шет аймақтарда олар моңғол жаулап алуынан кейін ертерек енгізіліп, кейінірек жойылды. Жалпы Русь аумағында басқақтық жүйе XIV ғасырдың екінші жартысында өмір сүруін тоқтатты.
Алтын Орда хандарының жарлықтарында «басқақ» атауы өте сирек қолданылып, оның орнына көбіне «даруға» лауазымы аталды. 1250–1260 жылдары Русьтің әрбір кінәздігіне жеке басқақ тағайындалды. «Ұлы басқақтың» ордасы Владимир қаласында орналасты. Басқақтар жергілікті билікті бақылап, халық санағын жүргізді және қажет болған жағдайда алым-салықтың жиналуын қамтамасыз ету үшін қарулы жасақтарды пайдаланды.
1262 жылы Суздаль, Ростов және Ярославль қалаларында алым-салыққа қарсы көтерілістер болды, ал 1327 жылы әйгілі Тверь көтерілісі орын алды. Кейінірек басқақтардың қызметі біртіндеп Алтын Орданың елшілік міндеттеріне ауысты. XIV ғасырдағы орыс құжаттарында басқақтар кінәз әкімшілігінің басқа өкілдерімен қатар аталады, бұл олардың бұрынғы өкілеттіктерінің жергілікті билікке біртіндеп берілгенін көрсетеді.
Кавказдағы басқақтар
Армян жылнамашысы Степанос Орбелян Иран мен Кавказдағы моңғол наместнигі Арғын-Ағаны «басқақ әрі уәзір» деп атаған. Дереккөздер
Санат: Филология Санат:Лауазымдар