Сарыарқа — Қазақстанның ірі физикалық-географиялық және табиғи-тарихи аймағының бірі. Сарыарқа – халықтық атау. Сарыарқаға Қарағанды, Ақмола облыстарының жері толықтай, бұрынғы Торғай, Семей, Павлодар облысының біраз жері кіреді. Қарағанды облысының территориясы, негізінен, Сарыарқаның орта бөлігінде орналасқан. Сондықтан да жергілікті халық осы өңірді ежелден Сарыарқа, Арқа даласы деп атаған. Сарыарқа атауы «жер бетіндегі өсімдіктері күйгендіктен сарғайып жататын кең де үлкен жон, жалпақ үстірт, сансыз адырлы қырқа» ұғымын білдіреді.

Сарыарқа – қазақтың байлығының көзі ғана емес, сонымен қатар өнердің, мәдениеттің және тарихтың кеніші. Сарыарқаның асыл тумалары, сонау Абылай заманындағы Бұқар жырау, Қаз дауысты Қазыбек, ақындар Шөже, Шашубай, Доскей, жазушы С.Сейфуллин және ақын Қ.Аманжолов, композиторлар Тәттімбет, Мәди, Ұлы Отан соғысының қаһарманы Н.Әбдіров ғалымдар А.Чижевский және Е.Бөкетов, қазақтың тұңғыш ғарышкері Т.Әубәкіров сияқты атақты адамдар Сарыарқаның атын шығарған. Көмірлі өңірдің халқы Қазақстанның тұңғыш Президенті Н.Назарбаевты да өзінің бел баласы деп есептейді. Өйткені ол жас күнінен бастап Теміртаудағы атақты Қазақстан Магниткасында тау-кенші болып еңбек жолын бастаған. Еліміздің тарихынан орын алған «адамзат ажалының аралындай» КарЛАГ-та жас ғұмырларын «тар жол, тайғақ кешумен» өткізген небір совет және шет елдің жүздеген оқымыстылары, зиялы қауым өкілдері тар қапаста жүрсе де Қарағандыда тұңғыш өнер ошақтарын ашқан «алғашқы қарлығаштар» болып табылады. Бұл өнер қайраткерлерінің артынан ызғарлы, қайғылы сұмдыққа толы жылдары туындаған өнер мұралары қалды. Қазіргі кезде бұл мұралар әлем жұртшылығының қызығушылығын тудырып отыр.

Географиясы Сарыарқа – «Қазақтың ұсақ шоқысы» деп те аталады (Орталық Қазақстан ұсақ шоқысы). Батыстан шығысқа дейін ұзындығы 1200 км, оңтүстіктен солтүстікке дейін 950 км. Батыс жағы біршама тегістеу, Ұлытаудың таулы жерлері (1133 м) және Көкшетау үстірті (947 м, Көкше тауы) салыстырмалы биіктігімен ерекшеленеді. Шығыс жағы 1403 метр (Қарқаралы таулары), 1469 метр (Шыңғыстау жотасы) және 1566 метрге жететін ең биік шоқысына (Ақсораң тауы) дейін биіктеп отырып, шоқылы жер бедерімен айрықшаланады. Сарыарқа геологиялық жас жағынан тым көне тауға жатады, яғни жылдар бойы мүжіліп бірте-бірте шөгіп бара жатқан кəрі тау. Салыстыру үшін айтқанда еліміздің шығысындағы Алтай тауы жас тауға жатады.

Геологиясы Сарыарқа каледон (батыс жағы) және герцин (шығыс жағы) қатпарлы кезеңінде қалыптасты. Неотектоникалық қозғалыстың сонымен бірге желге мүжілу үдерісі салдарынан Сарыарқаның жер бедерінің осы қазіргі бейнесі қалыптасты. Негізінен метаморфтық және магмалық тау жыныстарынан түзілген.

Өсімдіктері мен жануарлары Сарыарқа жері дала, шөлейт және шөл зоналарына кіреді. Көкшетау, Атбасар өңірінде, Есіл өзенінің бойында қара топыраққа тән өсімдік жамылғылары қалыптасқан. Ол жерлерде егіндік өсіріледі. Даланың аласа таулары мен ұсақ шоқыларында шоқ-шоқ қарағай, биші қайың ормандары өседі. Дала зонасының оңтүстігін ала Теңіз бен Сарысу жазықтары, Ұлытау, Қарқаралы, Шыңғыстау бойлары шөлейт зонаға кіреді. Бұл зонаның климаты қуаң, қошқыл қызыл қоңыр топырақ жамылғысында жусанды, бетегелі, көделі, боз өсімдіктер жамылғысы таралған. Өзен бойында, тау баурайларында шабындық шалғындар, терек, қайың, карағай, арша, тал өседі. Шөлейт зона мал жайылымына қолайлы. Шөл зонасы Ұлытаудың оңтүстігі мен Жезқазған маңын, Солтүстік Балқаш жағалауын қамтиды. Мұндағы шөлдің қоңыр топырақ жамылғысында шөл өсімдіктері - тобылғы, қараған, боз, бетеге, ақселеу бұйырғын, қара жусан, көкпек өседі. Жануарлар дүниесі де дала, шөлейт, шөл зоналарының ерекшеліктеріне байланысты қалыптасқан. Қарағайлы ормандарда бұғы, елік кездессе, дала мен шөлейт жерлерді ақбөкен, қасқыр, түлкі мекендейді. Көлдерінде құстар көп.

Экономикасы Қарағанды облысының даму тарихына үңілер болсақ, қадау - қадау іргелі істердің куәсі боласың. Аймақтың шапшаң игерілуіне бірден-бір себепкер болған оның мол табиғи байлықтары еді. Сонау жиырмасыншы-отызыншы жылдарда А.А.Гапеев, Н.Г.Кассин, Н.И.Наковник, М.П.Русаков, Қ.И.Сәтбаев тәрізді есімдері бүгінде кеңінен танымал геологтар Орталық Қазақстан аймағының кен байлықтарын зерттеді. Жиырмасыншы жылдардың басында-ақ Қоңырат, Жезқазған, Семізбұғы, Өспен және басқа жерлерде түсті металдардың мол қорының бары анықталған. Соғысқа дейінгі кезең ішінде жаңадан ашылған көмір және түсті металл кен орындарының негізінде Орталық Қазақстанда Қарсақбай, Балқаш мыс қорыту зауыттары салынды. Жезқазған, Қоңырат рудниктері, Қарағанды көмір бассейні игерілді. Еліміздің экономикасындағы Орталық Қазақстанның алатын орны ерекше екендігі сол кезде-ақ белгілі болған.

Қазба байлықтары Сарыарқа - пайдалы қазбаларға бай өлке. Қарағанды мен Екібастұз көмір өндірудің ірі ошақтарына жатады. Жезқазған, Қарсақпай, Атасу, Саяқ, Қоңырат кен орындары мыс, темір, марганец кендеріне бай. Жәйремде сирек металл өндіріледі. Осыларды қорытып, байыту мақсатында Қарағанды, Жезқазған, Балқаш және Теміртау қалаларында ірі металлургиялық комбинаттар жұмыс істейді.

Халқының қоныстануы Қазіргі уақытта Қарағанды облысы 429 мың шаршы шақырым жерді алып жатыр. Бұл республикадағы ең үлкен аймақ. Әкімшілік-аумақтық құрылым өзгертілгеннен кейін, бұл аумақта 9 селолық аудан мен 11 қала, 39 жұмысшы кенті мен 171 селолық округ болды. Халық саны 1 миллион 700 мыңнан асты, яғни республика халқының 10 пайызын құрайды.

Дәстүрлі шаруашылығы Дәстүрлі шаруашылығы егіншілік болып келеді. Онда көптеген егіншілік орындар орналасқан.

Тарихы Ежелгі заман Батысы Торғай ойпатына тіреліп, шығысы Қара Ертіске еңкейіп барып тоқтайтын, түстігін Балқаштың көгілдір толқындары шайып жатса, терістігі көк Есілмен көмкерілген ұлан-ғайыр Сарыарқа сан ғасырлардан бері қазақ деген бұла халықтың құтты қонысы болып келеді. Тарихқа жүгінсек, осынау далада адамзат дамуының ұлы көшіне ықпалын тигізген талай оқиға мен құбылыстың өткеніне куә боламыз. Орталық Азияға, соның ішінде Сарыарқа жеріне, адам баласының қоныстана бастағаны шамамен 1,5-1 млн. жылдар бұрын болған. Ең көне ескерткіштер: адамдардың тұрақ қоныстары, тас қару-жарақтары, жартасқа қашап салған суреттері осы межені көрсетеді.Балқаш көлінің солтүстік жағасы, Бетпақ шөлінен бері қарайғы аймақ Қарқаралы, Бұғылы мен Тағылы, Нұра-Сарысудың бойы, одан әрі Баянауылға, тіпті Көкшетауға дейінгі Сарыарқаның тұла бойы тас ғасырының айғақтарына толы. 200px|right|thumb|Ортаңғы қола дәуірінің қыш бұйымдары Ежелгі палеолиттің адамдары Орталық Қазақстан өңірінде, байтақ жатқан Сарыарқада шель-ашель дәуірінің соңын ала пайда болды. Оның археологиялық айғақтары Қарағанды облысының Обалысай, Мұзбел, Талдысай, Жаман Айбат, Қосмола Қызылжар деп аталатын жерлерден табылған. Көптеген зерттеушілеріміз бұл айғақтарды осыдан 100-40 мың жыл бұрынғы орталық палеолит немесе мустьер дәуірінің адамдары тұтынған дейді. Ғалым тілінде неандерталь адамы деп аталатын адамдар. Археологиялық ескерткіштер Орталық Қазақстан жерін, соның ішінде Қарағанды аймағын палеолит дәуірінде-ақ адам мекен еткеннін аңғартады. Олар аң, балық аулап, қоректік өсімдіктермен күнелткен. Садақ пен жебені, сондай-ақ найзаны қолданған. Неолит дәуірінде егіншілік негіздері пайда болған. Бұл кезеңнің жұрты Бұқпа өзені бойынан, кейінгі неолит қоныстары. Зеленая Балка (қазіргі Доскей ауылы) тұрағынан табылды. Қола дәуірінде аймақтың ежелгі халқы негізінен мал бағумен айналысқан, егін де салған. Бұл Суықбұлақ (Қарқаралы) қонысы мен ежелгі жер суару жүйесінде жүргізілген археологиялық қазба жұмыстарынан көрінеді. Б. э. д. II-ші мыңжылдықтың басында Сарыарқаны қоныстанған тайпалар ішінде металлургиямен айналысатындары шықты. Жер бетіне жақын орналасқан түсті металдың бай қоры – алтын, мыс, қалайы адам қаракетіне жарады. Орталық Қазақстанда қола өндірісі өмірге келді. Қазақстан тарихының б. э. д. II-ші мыңжылдығын қола дәуірі деп атау тікелей осыған байланысты. Ол дәуірдегі адамдардың тіршілік салтын комплексті деп атауға дәл келеді, себебі бір жерде мал шаруашылығы да, егіншілігі де, сонымен бірге кен өндірісі де қатар дамыды. Бегазы (Ақтоғай ауданы), Дәндібай (Топар поселкесінің маңайы) зираттық кешендер атымен аталған, б. з. б. X–VIII ғасырларда осы күнгі облыс жерінде бірегей Бегазы–Дәндібай мәдениеті өркендеген. Малшылықпен қатар бұл өңірде кен қазу және металл қорыту тайпалардың өндіргіш күштерін дамытуда аса маңызды роль атқарды. Жалпы Бегазы – Дәндібай заманындағы тайпалар мәдениетінің басты ерекшілігі ескі қола мәдениетінің түрлері құлпыра өзгеріп, соның негізінде оған ешбір ұқсамайтын мәдениет қалыптасқан. Қазақ халқы ертеде көшпелі өмір сүрген. Орта жүз қазақ рулары қыста Сырдарияның арғы жағасында өткізсе, жаз жайлауға Сарыарқа деп, аңсап-сағынып Орталық Қазақстанға асыққан. Бұл шаруашылық-мәдени үрдіс Бегазы-Дәндібай заманында пайда болды. Орталық Қазақстанды мекен еткен алғашқы тайпалар мен тайпалық одақтар жалпылама түрде «сақ» деп аталды. Тарихи дамудың барысында көне тайпалар мен тайпалық одақтар орнына жаңа тайпалар пайда болып, олардың аттары да өзгеріп отырды. Өндіргіш күштер мен өндірістік қатынастардың дамуы алғашқы қауымдық құрылыстың ыдырауына және феодалдық қатынастардың қалыптасуына жеткізді. Біздің заманымыздың VIII-XI ғасырларында бұл өңірде көне сақтар мен көк түріктердің ізін басып қимақтар мен қыпшақтардың қуатты бірлестігі – Қимақ қағанаты ғұмыр сүрген. Ұлы әкімшіханның ордасы Орта Ертіс өңірінде тігілген. Қағандық құлағаннан кейін, II ғасырдың 1-жартысында оның орнына Дешті Қыпшақ мемлекеті құрылды. 200px|right|thumb|Жошы хан мазары (XIII ғ.)

Орта ғасырлар XIII ғасырдың басында Орталық Қазақстан өңірі моңғол шапқыншылығына ұшырап, Алтын Орда құрылғаннан бері Қарағанды облысының аумағы Жошы хан ұлысының құрамына енген, одан XIV ғасырда Ақ-Орда (оған солтүстік-шығыс, Орталық және оңтүстік Қазақстан аумағы енген) бөлек кеткен. XIII-XV ғасырлар архитектурасының ескерткіші Қызыл кеніш сарайы осы кезенің ірі археологиялық ескерткіші болып саналады, жұрнағы Қарағандыдан 260 км, Қарқаралы ауданының Қырғызстан ауылының Кент тауының шығыс бөлігіндегі Қызылсу өзенінің жағалауында жатыр. Жергілікті тайпалардың экономикалық және саяси жағдайы күрт құлдырап, өндіргіш күштер әлсіреді, мұның өзі қазақ ұлысының қалыптасу процесін тежеді. Елдің аумақтық-саяси тұтастығы бұзылды, түрлі түркі топтары бөлшектеніп, араласып кетті, дегенмен олар өздерінің тілі мен әдет-ғұрпын сақтап қалды. Алтын Орданың мемлекеттік бірлестігінің бытыраңқы сипаты, феодалдық алауыздық, бағынышты, басыбайлы болған халықтардың азаттық күресі XV ғасырдың бас кезінде Алтын Орданың ыдырауына әкеліп соқты. Сол кезде бірқатар мемлекеттік бірлестіктер құрылып, соның біріне енді. XVI ғасырдың басында Орталық Қазақстан өңірі жергілікті экономикалық және этникалық негізде туындаған мемлекеттік құрылым кең байтақ Қазақ хандығының құрамында болды. Қазақ халықтарының құрылуы қазақ ұлысының қалыптасу процесіне жәрдемдесті. XVII ғасырдың бірінші жартысында Орталық Қазақстан жеріне ойрат (жоңғар) тайпалары басып кірді. Қазақ халқының жоңғар шапқыншылығына қарсы күресі жүз жылдан астам уақытқа созылды. Халық бұқарасының қаһармандық күресі нәтижесінде XVIII ғасырдың орта шенінде Қазақстан жоңғар басқыншыларынан азат етілді.

Ресей құрамында Аймақтың одан кейінгі тарихы Қазақстанның Ресейге қосылуымен тығыз байланысты. 1822 жылы 22 маусымда патша өкіметі өзінің отаршыл саясатын нығайту мақсатымен Указ шығарып, «Сібір қырғыздарының (қазақтарының) уставын бекітті». Осы Указ бойынша қазақ даласындағы хандық өкімет билігі тоқтатылып, патша өкіметі ұсынған жаңа әкімшілік жүйе пайда болды. Осы күнгі Қарағанды облысының жері – Баянауыл, Ақмола және Қарқаралы округтарының құрамына енді. Сөйтіп, осыдан 200 жылдай бұрын Сарыарқада Ресей империясының алғашқы бекіністері – Қарқаралы (1824), Ақтау (1937), Ұлытау (1841), т.б. қазақ-орыс станицалары пайда болды.