Ай - қазақы ортада тіршілік цикліне байланысты атқарылған салттар, ғұрыптар мен наным-сенімдер жүйесінде ерекше орны мен мәні бар аспан денелерінің бірі. Ал халықтық астрономия мен метеорологиялық тәжірибенің ең іргелі саласы айға қатысты қалыптасты.
Айлар Қазақша Арабша Орысша Наурыз Мүһамар Март Көкек (сәуір) Сапар Апрель Мамыр Раби І Май Маусым Раби ІІ Июнь Шілде Жұмада І Июль Тамыз Жұмада ІІ Август Қыркүйек Ражаб Сентябрь Қазан Шағбан Октябрь Қараша Рамазан Ноябрь Желтоқсан Шаугал Декабрь Қаңтар Зұлқағда Январь Ақпан Зұлқажжа Февраль
Наурыз Наурыз жылдың әрі көктемнің бірінші айы. Парсының нау - жаңа, руз - күн деген сөзінен шыққан. Демек наурыз аты бір-ақ күнді бейнелесе де ол толық ай атын иеленген. Наурыздың бірінші күнмен түн теңеседі, жаңа жыл келеді. Бұл айдың Шығыс оның ішінде қазақ елі үшін орны өте бөлек. Оны жыл басы, көктем басы, мереке басы деп санайтын халқымыз "Ұлыстың ұлы күні" деп ерекше құрметтейді. Бірінші күнін (яғни жаңаша 22 жұлдызды) мереке ретінде атап өтеді. Күнтізбеде демалыс күні деп саналады.
"Наурызнама" думаны, "Наурызкөже" дәстүрі осы айда жасалады. Күн ұзарады. Оны қазақтар "Ұзынсары" дейді. Бұл жуанның созылып, жіңішкенің үзілетін кезі болғандықтандәмді, қуатты тағамдарын халық осы кезге әдейі сақтап отырады. Күн жылынып, мал төлдей бастайды. Наурыздың соңғы айында өкпек жел соғып, қарт күрт еріп, жер лайсаң болып, жол бұзылады. Мұны ел аласапыран дейді. Әр айдағы ауа райының күрт өзгерісін жұрт амал деп атайды. Қай жағынан алғанда да наурыз біздің халқымыз үшін қасиетті ай ретінде бағаланған. Мысалы "Наурыз бата","Наурыз жұмбақ", т.б. Осы айды әдемі қиыршық қар түседі, оны наурызша дейді.
Наурызда күн мен түннің ұзақтылығы теңеледі. Наурыз- көктемнің басы. Халық көктем туды деп айтады. Яғни жақсы күн туды, төл туды деген ұғымды білдіреді.
8-наурыз - Халықаралық әйелдер күні. 22-наурыз - Наурыз мейрамы.
Көкек (сәуір) Көкек (сәуір) - екінші ай. Бұл ай көкектің алғаш шақыра бастаған айы болғандақтан осылай аталғанМ.Исқақов,Халық календары,А-1980ж.247-бет. Бұл мезгілде қар еріп, су тасиды. Күн жылына бастайды. Ағаштар бүр жарып, көк шығады. Мал төлдейді. Жұрт уызға қақ ойылады. Құс келіп, ұя сала бастайды. Балалар жұмыртқа жинайды.
Кей жерлерде сәуір айы деп те аталады. "Сәуір болмай,тәуірболмас" деген сөз бұл айдың жақсы мезгіл екенін мезгейді. Қазақстанның оңтүстігінде егіс жұмыстары басталады.
Көкек айының үшінші онкүндігінде Құралай салқыны деп аталатын амал келеді. Бұл кезеде киіктер төлін яғни құралайын аяқтандырады, өргізеді.
Мамыр Мамыр - үшінші ай. Көктемнің ең сұлу шағы. Күн жылып, жер бусанып, өсімдік құлпырады, төл көбейеді. Құстар ұя салып, балапан шығарады. Барлық малдың балалары төл деп атайтыны сияқты барлық құстардың балапанын мамыр деп атайды. Ай аты осы сөзден шыққан дейді халық. Мұны тілші ғалым, профессор С. Аманжолов та қостайды. Мамыр- тоқшылық, семіру деген ұғымды білдіреді. Солтүстік жақта егістік жұмысы қызады. Мал өріске шығады. Қой қырқу, жылқы күзеу, түйе жүндеу басталады. Ең қызығы бұл айда бие байланып, қымыз-мұрындыққа шақыратын дәстүр де осы айдың еншісіне тиген.
Маусым Маусым - төртінші және жаздың алғашқы айы. Маусым үндінің маусын деген жұлдыз атауынан шыққан екен де, кейін түркі елдерінің тіліне енген.ҚСЭ, 7-том, 527-бет. Бұл атау жаз маусымының басталуына орай шығуы да мүмкін.
Ал кейде отамалы деп те аталады. Бұл жер отының молайып, нәрленіп, малға жұғымынң артуына байланысты шыққандағы көпке белгілі болар. Маусымда шөп жабылып, мал азығы дайындалады. Маусымда күн барынша ұзарады, түн қысқарады.
Маусым жаздың алғашқы айы, халық тілімен айтқанда жаз шықты деп айтамыз. Бұл шөп шықты, мал өріске шықты деген сөзге орай айтылса керек.
Шілде Шілде - бесінші ай, парсының чіллә яғни қырық деген сөзінен шыққан дейді. (М. Ысқақов ҚСЭ 7том 246-бет). Мұның шындығын қазақтың "қырық күн шілде" деген сөзінен аңғаруға болады. Бұл өте ыстық ай және 40 күнге созылады. "Жаздыкүн шілде болғанда, көкорай шалғын бәйшешек, ұзарып өсіп толғанда" деген Абай атамыздың сөзінде айтылғандай бұл кез өсімдік те, мал да, құс та өсіп, толығады. Шілдеде күннің ұзақтығы қысқара бастайды.
Тамыз Тамыз - алтыншы ай. Көне Сирия, ежелгі еврейдің таммуз деген сөзінен шығып, біздің тілімізде сары деген ұғымды білдіреді. Қазақтар кейде бұл айда саршатамыз деп те атай береді. Сары- саршы-сарғаю яғни жердің құрғап, өсімдіктердің сарғайған кезін білдіреді. Тамызда егін пісіп жинала бастайды.
30 тамыз - Қазақстан Республикасының Конституциясы күні.
Қыркүйек Қыркүйек - жетінші, күздің бірінші айы. Бұл мал шаруашылығына орай шыққан атау. Қой-ешкінің төлдеу уақытын көктем айына келтіру үшін, қазақтар қошқар мен текеге күйек байлап, оны осы айда ағытатын болған.
Қыркүйек шаруашылықтың жиын-теріні аяқталып, жұрт қыс қамын ойлай бастайды. Бұл күз айы, халық күз келді деп айтады. Бұл яғни жайлаудан мал келді, суық келді деген мағынада айтылады.
Күннің салқындауы басталады. Шық түседі. Қыркүйектегі шуақты күндерді мизан шуақ дейді.
Қазан Қазан - сегізінші ай. Бұл айда күн салқындап, жаңбыр көп жауады. Құстар жылы жаққа ұшып кетеді. Кейде алғашқы қар ұшқыны да біліне бастайды. Бұлт қоюланады. Су қатады. Бозқырау түседі. Малшылар күзекке көшеді. Бұл уақытта пісіп үлгермеген көкөніс пен егін суыққа ұрынады, үсиді. Мұны қазан ұрды деп атайды. 25-қазан - Республика күні.
Қараша Қараша - тоғызыншы ай. Бұл айда мал семіреді. Ертеде салық малы осы айда жиналатын болған. Оны халық қаражшы яғни қаражат жинаушы деп атап, ақыры ол ай аты болып қалыптысып кеткен көрінеді.
Қарашада жер оты азайып, тақырланып, күн суыйды. Қара жердегі суықты жұрт қарасуық дейді. Жұрт қыс қамын аяқтап болады. Қар түсе бастайды, мұны халық қаршаның қары деп атайды. Қазақтар күздік сойып алады. Күздікке қой, тай, тайынша сойылады. Қыстан аман шыға алмайтын малды да күздіккке жұмсамайды.
Желтоқсан Желтоқсан - оныншы, қыстың бірінші ай. Жел және тоқсан деген сөздің қосындысынан шыққан. Яғни үш ай желді, боран деген ұғымды білдіреді. Бір тоқсанда үш ай болатыны көпке белгілі. Ежелгі түріктер бұл айды жел айы деп атағанҚСЭ, 369-бет. 12-том. 1974 ж.. Қыс күшіне еніп, боран болады. Халық тілінде қыс түсті деп айтылады. Яғни бұл қиындық түсті, қар түсті, дегендей ұғымдарды сездіреді.
Желтоқсанның 22-сінде күн барынша қысқарады. Мұны күннің тоқырауы дейді. Қазақтар желтоқсанда соғым сойып алады.
16 желтоқсан - Тәуелсіздік күні.
Қаңтар Қаңтар - он бірінші ай. Күннің барынша қысқарып барып, одан әрі бара алмай қаңтарылып тұрып қалуына орай қаңтар деп аталған. Бұдын кейін күн ұзара бастайды. "Қаңтарда күн қарға адым ұзарады" дейді халық. 1 қаңтар - (жаңаша) Жаңа жыл күні.
Ақпан Ақпан - он екінші ай, қыстың және жылдың соңғы айы. Ақпан - қазақтың ақ ықпа, яғни боран деген сөзінен шыққан дейді халық даналығы. Бұл ай қыстың ең ауыр, әрі қаһарлы кезі. Қатты суық, аяз, үскірік, дүлей борандар болатын кезі. "Боз тоқтыда құйрық қалды, бойжеткенде бұғақ қалды, қырлан, ақпан, қырлан!" деп қаңтар ақпанға тапсырып кетеді екен, - деп қариялар айтып отырады. Халық тілімен айтқанда, "ақпанда ат адым ұзарады". Ақпан жылдың ең қысқа айы, ол кейде 28, кейде 29 күнмен бітіп отырады. Қазақтар "құт келді - жұт келді" деп ақпаннан қатты қорқып отырған. Өйткені бұл кезде мал жүдейді, жемшөп азаяды.
Айға байланысты наным-сенімдер мен ырымдар Ай - ең алдымен, қазақтардың исламға дейінгі байырғы дүниетанымындағы киелі рух иесі ретінде мінәжат еткен аспан денесі. «Ай көрдім, аман көрдім», - деген тұрақты сөз тіркесінде көрініс тапқан айға тәу ету ғұрпы осы аспан денесіне байланысты ежелгі наным-сенімдер және осыған байланысты атқарылатын ғұрыптардың кіріспесі іспеттес. Айға сәлем беру ғұрпы туралы Ш.Уәлиханов еңбегінде: «Ертеде қазақтар жаңа туған Айға тізерлеп отырып, үш рет еңкейіп мінәжат етеді. Жаздыгүні болса, сол тізе бүккен жерінің шөбін жұлып, отқа тастайды», - деп жазды. Ғұрыптың мәні - әулетім оттай қаулап өсе берсін, пәле-қазадан аман болайық дегенді білдіреді. Сондай-ақ, айға қарап тілек тілеп, бет сипайды: Ай көрдім, аман көрдім, Бұрынғыдай заман көрдім, Жаңа Айда жарылқа, Ескі Айда есірке! Тірілерге жиған бер, Өлілерге иман бер, Аллаһу акбар! немесе:
Аман көрдім, Ай көрдім, Жұлдызым жоғары болсын, - деп Айға қарап, арман-аңсарының орындалуын тілейді. Жаңа ай туғанда: Туған айдай қылып жарылқа, Шыққан күндей қылып жарылқа. Басты аман, бауырды бүтін қыл, Отыңа оралтпа, суыңа сүрінтпе, - немесе:
Жаңа Айдан жақсылық, Ауырлығым жерде, Жеңілдігім менде! - деген сияқты жыр жолдары Айға байланысты атқарылатын сан алуан ғұрыптар мен ырымдардың интерактивтілігін қамтамасыз ететін аса қажетті функционалдық атрибуттары болды. Жалпы адамзатқа ортақ әмбебап түсініктер жүйесі сияқты, қазақтар да жер жаһанға жылылықты, жаңбыр мен қарды, ыстық пен суықты беретін құдірет аспан денелерінің ішіндегі ең киелісі де, құдіреттісі Ай (және Күн) деп есептеп, оған табынды. Ежелгі түсінік бойынша, ай фазаларының өзгерісі тіршілік дүниесіне әсер еткен. Айталық, толған Айдың сәулесі басы ауыратын, сақинасы бар адамдарға әсер етеді деп сенген. Ай толған кезде адамға қауіпті әсері болады деген наным-сенімге байланысты көптеген ырымдар қалыптасты: жалаңбас далаға шығуға, сыртта ұйықтауға, Айға ұзақ қарауға, жас нәрестенің бетіне Ай сәулесін түсіруге болмайды деген сияқты. Өйткені, Ай бетінде кірпік санайтын кемпір бар- мыс. Аталмыш тыйымдар сақталмаған жағдайда, әлгі кемпір кесір-кесапат әкеледі. Сондай-ақ, Айға қарап дәрет сындыруға тыйым салынды. Себебі, бұл рухты шамдандырады, сөйтіп, тыйымды бұзған адам ұшынады немесе ауру мен кесірге тап болады-мыс. Байырғы мифологиялық түсінік бойынша, Ай тек адамға ғана емес, төрт түлік малға да әсер етеді деп есептелінді. Өзінің жақсы көретін немесе киелі деген малдарының мүйізі мен тұяғын қазақтардың Айға теңеуінің эстетикалық мәні ерекше: Ай тұяқты тұлпарым, Ай мүйізді сиырым, Ай мүйізді қошқарым, Ай мүйізді ақ серкем деген сияқты. Сондай- ақ, тіршіліктің түпқазығы төрт түлік малдың тұяғы мен мүйізін табиғатының өзге құбылыстарына емес, тек Айға ғана теңеуі халықтың айды ерекше құрмет тұтып, оны мал басының амандығының кепілі деп есептеген наным- сеніммен тығыз байланысты. Ай жаңарғанда кейбір ауру түрлері, айталық, теміреткі, жара, қышыма тәрізді тері аурулары да қозатындығын халық аңғарғанМашанов А. Аспан ертегілері // Жұлдыз. 1958. №7 Халық тіліндегі Айға байланысты қолданылатын фразеологизмдер мен тұрақты тіркестері мифологиялық наным-сенімге, мифтік аңыздар негізінде қалыптасты: Ай қорғалау, Ай желіну, Ай тұтылу, Ай қарақшысы, Ай арасы, толас болу, туар Ай, туар Айдың жаңасы және т.бЫсқақов М. Халық календары. Алматы: Жазушы. 2009.
Ай есебі Жаңа туған Ай мен толған Айды құрметтеу нышаны оған қатысты қалыптасқан ұғымдарда көрініс береді. Әсіресе, толған Ай мен жаңа туған Айға байланысты ерекше ғұрыптар мен наным-сенімдер жүйесі қалыптасты. Сондай-ақ, Ай сұлулықтың эталон-символы да болды. Фольклорлық дәстүрде нәрестенің немесе сұлу қыздың жүздерін жаңа туған Айға немесе толған Айға балап айту ең көп ұшырайтын дәстүрлі теңеу болып табылады (туған Айдай, туған Айдай иілу, туған Айдай балқу, туған Айдай толқу, он бестегі Айдай, толған Айдай толықсу, Ай дидарлы және т.б.) Куфтин Б.А. Календарь и первобытная астрономия киргиз- казахского народа//ЭО. 1916, №№3-4. М., 1916.
Қазақтың Айды «мылқау» деп келетін теңеу - түнде адам баласының көп іс-әрекеті қараңғы түскеннен соң жасалынады, ал, оны көктен көретін айғақ жоқ деген ойнақы түсініктің метафоралық образы. Ал, Күнді «осекшіге» теңеуі - күндіз жарықта барлық құпия әрекет ашық көрінеді дегенді аллегориялық бейнелеу.