Қалатұз, Ямышевское – Ертіс алабындағы көл.

Географиялық орны Павлодар облысы Аққулы ауданының солтүстік-батысында, Ямышев ауылынан шығысқа қарай 5,5 км жерде орналасқан. Көл теңіз деңгейінен 102,2 м биіктікте жатыр.

Гидрографикасы Аумағы 8,2 км2, ұзындығы 3,9 км, енді жері 2,4 км, жағалау бойының ұзындығы 12,2 км, тереңдігі 2,7 м, суының көлемі 13,8 млн. м3. Көл суын 85 км2 жерден жинайды. Көл суы қатты минералданған. Құрамы хлорлы-натрийлі. Мал суаруға жарамайды. Тұз мөлшері шамадан тыс болғандықтан қыста қатпайды.

Жер бедері Солтүстік-батыстан оңтүстік-шығысқа қарай созылып жатқан көлдің алабы құмдақ грунттан тұратын сәл белесті жазық. Беткейлері негізінен көлбеу, солтүстік мен оңтүстік беткейлері биіктігі 6 м-лік жарқабақты келеді. Жағалаулары нашар тілімденген. Тұйық көлге бірнеше шағын жылғалар құяды.

Тарихи дерек Көлде 16-18 ғасырларда Қазақстан және Сібірдің тұз өндіретін кәсіпшілігі болған. 1948 жылы тұз рапасының мөлшері 2,1 млн. т болған. 20 ғасырдың 20-50-жылдары аралығында мұнда ұжымшар диірмені істеген, жергілікті тұрғындар көл шығанақтарында шөккен тұздарды жинап өз қажеттеріне пайдаланған.

Санат:Аққулы ауданы көлдері Санат:Ертіс су алабы